11 қарашада Өскемен қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім жолымен» халық экспедициясы жобасы аясында екінші пресс-тур бастау алды.
Экспедиция барысында қатысушылар Өскемендегі Достық үйінде болып, онда Қазақстан халқы Ассамблеясының жобасымен танысып, экспедицияның мақсаттары мен міндеттері туралы ақпарат алды.
Кейін экспедиция мүшелері 1992 жылы Қазақстанда ашылған алғашқы Достық үйін аралады. Сол уақыттан бері Достық үйінде этносаралық келісім нығайып, ұлттардың тілдері, дәстүрлері мен мәдениеттері жаңғыруда. Экскурсия барысында ҚХА мүшелері этномәдени орталықтардың қызметі туралы айтып, еліміздегі алғашқы Достық үйінің ашылуы туралы естеліктерін бөлісті.
Экспедиция мүшелері сондай-ақ Этноауылға барып, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың ортасында Шығыс Қазақстанды мекендеген түрлі халықтардың дәстүрлі тұрғын үйлерімен танысты.
Келесі аялдама «Үміт» балалар үйі болды. Мұнда экспедиция мүшелері балалармен әңгімелесіп, балалар үйінің тәрбиеленушілері дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. Сонымен қатар, қатысушыларға садақ ату бойынша шеберлік сабағы ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Өскемен мен Павлодар қалаларының этномәдени мұрасымен танысуға арналған бұл экспедиция 14 қарашаға дейін жалғасады.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі