Адам тәрбиелеу – атамзаманнан бері алғашқы орында тұрған мәселе. Адамзаттың сардары болған ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) бір хадисінде «Ешбір әке баласына көркем әдептен артық сыйлық берген емес» (Тирмизи жеткізген) деу арқылы ата-ананың басты міндетін бекітіп берген болатын.
Төл топырағымыздан шыққан тау тұлғамыз әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту», – дей келе: «Ең әуелі тәрбие берілуі керек, өйткені, тәрбиесіз ғылым апатқа алып келеді», – деп түйіндепті.
Шынтуайтында, «тәуелсіз ел болдық, дініміз бен тіліміз, салт-дәстүріміз қайта оралды» деп қанша қуанғанымызбен, «денеге жанды жеңгізіп, таба алмай қойды Иесін» – деп Шәкәрім атамыз дәл бейнелеген, кешегі кеңестік кезеңдегі атеистік материализм негізінде қалыптасқан тәрбие туралы түсінік тұғырынан әлі түскен жоқ.
Руханилықты Рухтан ажыратып қараған, Адам тәрбиелеуден маман тәрбиелеуді жоғары қойған, біржақты-есепті ақылды ғана жетілдірген, мінез-құлықты тек сыртқы әсер күшімен ғана «түзеуді» жолға қойған, адам – құрал, мемлекет – мақсат болған қоғамның жаһандану дәуіріндегі жағдайы жан жадырататындай емес. Жеке адамның мәртебесі артып, мемлекеттен «бостандық» алғанымен, «тұтыну-тояттану» деген ауруға шалдығып, «ақша» деген ашкөздің құрсауына шырмалды. «Тәртіпті» адамның орнын – Рухани адам емес, «экономикалық адам» басты…
Пайдаға бас ұрған қазіргі қоғамда тәрбиенің мазмұнын адамгершілік, ар-ұят, адалдық секілді «қиялилау» құндылықтар емес, табыс, нәтиже, бәсекелестік, байлық сияқты прагматикалық өлшемдер құрап отыр. Осы басым үрдістің мүддесіне сәйкес тәрбиенің мақсаты – ортасына өзін таныта және мойындата білетін, ешкіммен жанжалдаспай-ақ жымиып жүріп, кәсіби табысқа жету мен пайдалы іскерлік әріптестік орнату бағытында өзін-өзі жетілдіретін мықты маман дайындау…
Біраз жұрт «имани тәрбие керек» деп игілікке ұмтылғанымен, мешітке барып құлшылық жасап жүргендерге біртүрлі жатырқай қарайтын жерлестеріміздің бары да жасырын емес. Өйткені, бәзбіреулер үшін Ақыретті ойлау – ақымақтық ретінде, мешітке бару – «алтын уақытты» өлтіру, «ауылы алыс» өлімді еске түсіріп, өз көңіл-күйіңді бұзу ретінде қабылданады. Иә, шындықтың орнын жарнама, шынайылықтың орнын имидж, ойдың орнын ойын-сауық басқан заманда мұңайып жүру – сәнде (модада) емес…
Артық сөзді қойып, ақылға салсақ: тәрбиенің өзегі – рухани тәрбие екенін, ал рухани тәрбие – Рухпен байланысты екенін, өмірдің түп мәні – дінмен тікелей қатысты екенін пайымдар едік, сондай-ақ жанды ми мен жүйке жүйесінің қызметіне теліген сыңаржақ пікірден арылар едік.
Руханият дегеніміз – дүниеге деген танымдық, эстетикалық немесе этикалық көзқарас қана емес, өмір сүру салты екенін; мәңгілік рухыңды сезіну арқылы мағына тауып, мәңгі тірі мейірімді Иеңмен қауышудың жолы екенін; ойыңа жүйе, бойыңа кие дарытар Қасиет екенін түсінер едік…
Шынайы рухани тәрбиенің мақсаты – Алла Тағалаға құл, ұлтыңа ұл болуды үйрету. Сондықтан қазіргі техногенді өркениет дәуірінде техникалық құралдарды «шемішкеше шағатын» мамандарды тәрбиелеу ісі – алған білімін қайда және қалай жұмсау керек екенін білетін, билік пен байлықтың рахатымен қатар жауапкершілігі бар екенін терең сезінетін иманы кәміл, рухы биік азаматтарды тәрбилеу ісімен сабақтас жүргізілуі тиіс. Исламдағы «Өзін таныған – Жаратушысын таниды» деген қағидаға сәйкес, тәрбиенің басы – рухани өзекке бағытталып, өмірдің мән-мағынасын түсіндіруден басталуы керек.
Құдайға шүкір, құр алақан емеспіз: аталарымыз салып берген сара жол бар – атадініміз бар; дәстүріміз бен ділімізге сіңісті, жүрегімізге қонымды хақ дін Ислам бар. Расында, алғашқы түскен аяты «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» («Ғалақ» сүресі) деп басталатын, «Ақылы жоқтың – діні де жоқ», «Ғалымның қаламынан тамған тамшы сия – шахидтың қанынан артық» дейтін ғылым-білім дінін, «Алла Тағала сіздерді аналарыңыздан да артық жақсы көреді», «Кімге мейірім берілсе, оған екі дүниенің жақсылығы берілген» – дейтін Махаббат пен Мейірім дінін, «Бір ұлт басқа ұлттан артық емес, артықшылық – ниет пен амалда, тақуалықта» – дейтін Әділет дінін, «Ислам» деген атының өзі айқындап тұрған Бейбітшілік дінін өз дәрежесінде ұстана алсақ, алар асуымыздың биік болары сөзсіз…
Қазақтың маңдайына бақ боп біткен Абай хакім адамшылықтың мазмұнын «жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат» деген үш ұғыммен айшықтаған. Бүкіл ғұламалар рухтың мекені – жүрек, хабаршысы – ұят, қанаты – ой екенін, ал рухани жетілудің, адамгершіліктің мәні – Махаббат пен Парасатты, шығармашыл ерікті дамыту екенін айтып кеткен. Ислам қағидасы бойынша рухани жетілудің басты шарты да, құлшылықтың түпкі мәні де – жүрек тазалығында. Таза ақылдың тамыры да, ар-ұяттың ұясы да, намыс пен жігердің бастауы да – осы Жүрек. Қазақтың ең жақсы теңеуі – «ақ жүрек», ең жаман теңеуі – «тас жүрек» екені осы ақиқатты білгендігінен…
Рухани дамудың нәтижесі – даналық, яғни, мәңгілік құндылықтарды күнделікті тірлікте қолдана білу қабілеті. Ал рухани кемелденуге кедергі келтіретін қуат – адам бойындағы жануарлық сезім-түйсіктер мен өзімшілдік пиғылдың қосындысы – Нәпсі. Міне осы нәпсімен, өз ішіңдегі қызғаныш, тәкаппарлық, жалқаулық секілді керітартпа кеселдермен күресті адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) «жиһадтың үлкені» деп түсіндірген. Осы «нәпсі-қудан» азат болмай, жетілу жоқ…
Осылай десек, қайсыбір қызуқанды бауырымыз: «Дін, дін деп діңкелеттің ғой әбден. Керек десең, кешегі діннің заты тұрмақ, аты да жоқ советтік-кеңестік кезеңнің адамдары адамгершілік жағынан бізден анағұрлым жоғары болған», – деп ашу шақырып, айтыса жөнелуі әбден мүмкін. Рас, ол кісілердің принципке адалдығына, идеяға беріктігіне, жолдастық пен жауапкершілік сезімдерінің жоғарылығына, қажыры мен қайратына тәнті болар тұстар өте көп. Алайда, аптықпай, бұл «мықтылықтың» себептерін талдап көрсек, былайша түзіледі:
1) Бір жүйеде өткен ортақ тағдыр өзгешелеу қауымды қалыптастырды. Негізінен «советтік адамдарды» Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті біріктірді. Одан кейін бұл бірлік «сыртқы жаулар төндірген қауіп» пен уақытша экономикалық жетістіктер арқылы нығайды. Ұлттық сана идеология арқылы иленіп, «кептірілді». «Коммунистік» деген атауға ие болған құндылықтардың өзегінде адам жанына жақын, рухымен үндес «бостандық, теңдік, әділет» секілді рухани ұстындар тұруымен қатар, бір ғана идеология үздіксіз насихатталғандықтан ой-жүйеде тұтастық болды. Нәтижесінде ой-арман бірлігі – іс-әрекет мығымдығына әкелді. «Советтік адамдар» өздерінің «тура жолда» екенін басқаларға, бүкіл әлемге дәлелдеуге тырысқандықтан тәртіп те, намыс та күшті болды. «Темір тоқпақтың» әсері өз алдына…
2) «Біз ешкімнің құлы емеспіз; өз тағдырымызды өзіміз анықтап, өз бақытымызды өзіміз сомдаймыз; жер бетіне жұмақты өзіміз орнатамыз!» деген сенім-түсінік – адам баласын әспеттеуді, яғни, Құдай орнына адамды қойып, өзін-өзі зор тұтуды, сол арқылы нәпсәни психикалық қуат-күштерді жұмылдыруды тудырды; «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» шындығы іске асты; өзінің мықты екенін дәлелдеуге деген талпыныс пен өзінің қожайын екеніне деген мақтаныш – алабөтен ұмтылыс пен жұмылуды, жігер мен жалынды сыртқа шығарды…
3) Рухани тәрбиенің жүгі әдебиет пен өнерге жүктелгендіктен, бұл салаға барынша мемлекеттік қолдау болды, ал әдебиет пен өнер – өз құнарын Достоевский, Толстой, Тургенев, Абай секілді алыптардан алды; бұл өз кезегінде «әлемдегі ең көп кітап оқитын халық» атағын иемденген кеңес адамдарының ой-жүйесіне, дүние-танымына әсер етпей қалмады…
Алайда, қазіргі қалыптасқан қоғамның құрушылары сол «кеңестік» шекпеннің шалғайын жамылып, шалабын ішіп өскендер екенін ескерсек, мынандай сұрақтар туындайды: егер кеңестік тәрбие «күшті» болған болса, онда нәтижесі неге нашар? Жемқорлық неге жайлап тұр? Намыс неге кемшін, пенделік неге ойнап тұр? Өйткені, коммунистік мораль дәріптеліп, «жақсы» болу керектігі көп айтылғанымен, не үшін «жақсы» болу керектігі көкейге қондырылмаған еді; «жарқын болашақ, келер ұрпақ үшін», «кейінгіге атымыз қалсын», «біз – буржуазиялық осалдықтардан жоғары тұратын жаңа адамдармыз!» секілді ұрандатқан түсіндірмелер болғанымен, өмірдің мағынасы мен мәнін айқындап беретін жүрекке бекіген Сенім жоқ болғандықтан, атқарған ісінің түбінде қайырымы болатынына көзі жетпегендіктен, қасиет тұтар Киесі, қорқатын Құдайы, сүйетін Иесі болмағандықтан, ол тәрбие – түбі жоқ шелекке су құйғандай әрекет болды…
Атам қазақ қазып айтқан «Жақсылық қылсаң – өзіңе, жамандық қылсаң – өзіңе, аспанға қарап түкірме, түседі қайтып көзіңе» деген сенім жоқ жерде, пенделіктің ауылына қонақ болу – күнделікті оқиға. Бұл жөнінде «Әрбір саналы адамның табан тірейтін жері – Ислам» деп кеткен ғұлама жазушы Лев Толстой: «Дінсіз тәрбие – тамырсыз көшет», – деп түйіндепті. Ал Шәкәрім атамыз «Ұждандыны мақтайды тәмам адам» деп басталар сыр-сөзінде осы мәселені терең қаузай келе, былай тұжырымдайды:
Екі өмірдің азығы – осы ұждан,
Төлеуі – түпсіз рахат, тозбас заман.
Ар, нысаптың пайдасын жан сезеді,
Өлген соң бәйге аларын біліп тұр жан.
Ақ жүрек, адал ниет бола алмайды,
Ұжданның бұл сырына шын нанбаған.
Шын нану – ақылымен қабылдауы,
Қалады зұлымдықтан сөйткенде аман.
Әйтпесе өлген соң да мақтанбақшы,
Жорымасқа жолым жоқ солай таман.
«Ақ, арам, ұждан, зұлым» деп не керек,
Сый алмай, не қиналмай жоғалса жан…
Әңгімені түйіндей келе айтарымыз: «советтік адамдардың» мықтылығының, рухани қасиеттерінің сапалырақ болуының ең басты себебі: дәстүрлі тәрбиемен сусындаған ата-әжелердің тәлімінің ықпалында, қазақылық инерциясының күштілігінде еді! Ал, біздің көңіліміз тола бермейтін жас буын – кешегі «құдайсыз» кеңестік жүйенің қазанында қайнаған тамырсыз толқынның кемшін тәрбиесі мен тәуелсіздіктен соң лап қойған «батыстық қоқыстың» буданы…
Ұл-қыздарымызды ақпарат тасқынынан, мәдениеттер майданынан, жаһандану жаншуынан аман алып шығу – Сіз бен біздің міндетіміз!
Алғадай Әбілғазыұлы