– Бейбіт мырза, биыл 2500 отандасымыз аман-есен қажылық парызын өтеп келді. Қажылық миссиясы жыл сайын қажылардың елге оралғанға дейінгі барлық қауіпсіздігі мен қызмет жұмыстарын атқарып келе жатыр. Осы жылғы қажылық маусымына, жалпы ұйымдастыру жұмыстарына қандай жаңалықтар енгізілді? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Дұрыс айтасыз биыл елімізден 2500 азамат қажылық парызын орындап қайтты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қажылық миссиясы қызмет көрсетуге қабілетті деп таныған 17 турфирма мүфтиятпен келісім-шарт жасады. Аталған 17 фирманың барлығы да келісім-шартта көрсетілген қажылық квотасы бойынша қызмет көрсетті.
Жерлестеріміз осы жылы да Астана, Алматы және Шымкент шаһарларынан тікелей рейспен Жидда мен Мәдина қалаларына ұшты. Осы жылғы қажылық маусымындағы басты жаңалық – Қазақстан қажыларының отандық әуекомпаниямен тасымалдануы болды.
Чартерлік рейс, небары 6-7 сағатта Жидда мен Мәдина қаласына қонды. Бұл – бүгінгі заманның зор жетістігі. Осыған дейін қажыларымыз Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері арқылы ұшатын. Ондағы әуежайларда 18-20 сағат аялдап, бір тәулікке жуық уақытын шығындайтын. Енді, міне, Алла Тағала отандастарымыздың жолын одан сайын жеңілдетіп қойды.
ҚМДБ Қажылық миссиясы қажылық маусымы кезінде жалпы ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарын жүзеге асырды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен бекітілген миссия мүшелері ұйымдастыру-үйлестіру, уағыз-насихат, пәтуа, медициналық көмек, ақпарат-насихат тобына бөлініп, әр топ өзіне жүктелген тапсырмалар мен бағыттар бойынша жұмыс жасады.
Биыл Қажылық миссиясында 13 адам қызмет етті. Бас мүфти кеңесшісі Дәулет Әлиханов ақпараттық қауіпсіздік, жат ағым өкілдерінің уағыз-насихатына жол бермеу бағытындағы жұмыстарды қадағалады.
Қажылардың алғашқы легі 22 тамызда Алматы қаласынан Мәдина шаһарына тікелей рейспен ұшты. Ұйымдастыру тобы ұшақтың ұшу кестесін, Қазақстан азаматтарының жол жүру қауіпсіздігін, денсаулығын, қонақүйлердегі қызмет сапасын, тамақ беру нысандарының санитарлық-гигиеналық талаптарға сай болуын, тағы басқа жұмыстарды үйлестірді.
Қажылық миссиясы екі топқа бөлініп, Мекке мен Мәдина қалаларында Қазақстан қажылары орналасқан қонақүйлерде тексеру жұмыстарын жүргізді. Рейд кезінде отандастардың қажылық рәсімдерін дұрыс атқаруы, мүфтият бекіткен тақырыптар бойынша уағыз-насихат жұмыстарының жүргізілуі, гид мамандары мен дәрігерлердің қызметі тексерілді. ҚМДБ мен Сауд Арабия Корольдігі Қажылық министрлігінің талаптарын толық орындамаған компания жетекшілеріне ескерту жасалып, тиісті шаралар қабылданды.
Қажылық барысында 17 фирма басшыларымен кездесу өтті. Кездесуге Қажылық миссиясы мен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өкілдері, Қазақстанның Сауд Арабия Корольдігі Жидда қаласындағы бас консулы Талғат Шалданбайұлы, уағызшы имамдар, дәрігерлер қатысты. Басқосуда ҚМДБ мен Сауд Арабия Корольдігі Қажылық министрлігінің қойған талаптарының орындалу барысы талқыланды.
– Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі туралы айтып өттіңіз. Қажылықты ұйымдастыру жұмыстарында аталған министрліктің қандай көмегі тиді?
– Сұрағыңыз өте орынды қойылды деп ойлаймын. Өйткені осы жылғы қажылық қажыларымыз үшін айтарлықтай тиімді өтті. Бұған бірден бір себеп ретінде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің еңбегін атап өту қажет. Жоғарыда айтып өткен отандық «СКАТ» әуекомпаниясының осы жылдан бастап, қажыларды тасымалдаумен айналысуына аталған министрліктің көмегі айқын сезілді.
Осы жылдың тағы бір жаңалығы ретінде қажыларымыз үшін екпе алудың қол жетімді болғандығы. Бұған дейін тек үш қалада ғана екпе алынған болса, осы жылдан бастап аталған министрліктің дәнекер болуымен сегіз қалада екпе жасалды. Мұның өзі қажыларымыз үшін үлкен жеңілдік болды.
Сондай-ақ, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өкілдері қажылық миссиясының құрамында болғандықтын, қажылықты ұйымдастыру жұмыстарындағы түрлі мәселелерде ортақ шешім қабылдап отырдық.
– Қажылық барысында уағыз-насихат тобы құрылғанын айтып өттіңіз. Жалпы қажылық кезінде жат ағым өкілдерінің уағыз айтып, өз идеологияларын насихаттауы байқалмады ма? Қажыларға уағыз-насихат, пәтуа беру жұмыстары қалай атқырылды?
– Бұл өте өзекті мәселе. Қажылық миссиясының нұсқауымен әр турфирмаға кемінде 1 имам бекітіліп, дін қызметкерлеріне мүфтият бекіткен тақырыптар бойынша уағыз айту жұмысы тапсырылды. Уағызға жауапты имамдар үшін «ватсап» желісінде арнайы чат ашылып, діни терең сұрақтарға ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің бас маманы Бауыржан Әлиұлы жауап берді. Б.Әлиұлының жетекшілігімен уағыз-насихат тобының бірнеше жиналысы ұйымдастырылды. Топ мүшелері Мина, Арафат жазығында жат діни ағым өкілдерінің уағыз айтуына жол бермеді. Жергілікті діни оқу орындарында оқитын азаматтардың Қазақстан қажыларына уағыз айтқан жағдайлар дер кезінде миссия жетекшілеріне хабарланып, фирма басшылары мен жат ағым өкілдеріне тиісті қатаң ескертулер жасалды. Сонымен қатар, уағыз айтқан тұлғаларға жеке түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы қажылық рәсімдеріне қатысты 100-ден астам сұрақтарға жауап берді. Денсаулығына байланысты қажылықтың парыз амалдарын орындау мәселелеріне қатысты арнайы пәтуалар берілді. Сондай-ақ, уағызшы имамдардың кейбір терең діни сұрақтары да жауапсыз қалмады.
Ал қажылар қажетті таратпа материалдармен қамтамасыз етіліп, оларға арнайы кітапшалар таратылды.
– Қажылық парызын өтеу үшін алдымен денсаулық маңызды екені белгілі. Қанша дегенмен климаттың айырмашылығы бар. Медициналық көмек көрсету жұмыстары қалай атқарылды? Қажыларымызға құлшылығын орындау қиын болмады ма?
– Қазақстан қажылары ұлық сапардан алдын Астана, Алматы, Шымкент қалаларында менингитке қарсы арнайы екпе салдырды. Мекке мен Мәдина қалаларында Қажылық миссиясының медициналық көмек көрсету орталығы ашылды. Орталық тәулік бойы жұмыс істеді. 4 орыны бар стационарлық орталыққа 1 млн. теңгені құрайтын отандық дәрі-дәрмектер жеткізілді. Сонымен қатар, орталық миссияның арнайы жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілді.
Қажылық кезінде отандастарымызға арнайы бекітілген 13 дәрігер қызмет көрсетті. Олардың ішінде терапевт, реаниматолог, кардиореаниматолог, медицина саласында тәжірибесі мол дәрігерлер мен хирургтар болды. Меккеде турфирмалардың басшылары, дәрігерлердің қатысуымен жалпы жиналыс өткізілді. Қажылықты өтеу үшін ең бастысы денсаулықтың жақсы болуы маңызды екендігі ескертілді.
Осы жылы 20 мен 98 жас аралығындағы азаматтар қажылыққа барды. Жалпы жедел жәрдем көмегіне 178 адам жүгінді. Азаматтардың басым көпшілігі суықтап ауырды. 2016 жылдың көрсеткіші бойынша, жедел жәрдем көмегі гипертониялық, ишемиялық, қант диабеті ауруы бар, сонымен қатар суықтап ауырған адамдарға көрсетілді. Өткен жылы жедел жәрдем шақырту қажеттілігі тіркелмеді.
Сондай-ақ, Қазақстан қажыларына жергілікті ауруханаларда тегін медициналық көмек көрсетілді. Отандық дәрі-дәрмектер толығымен жетті.
Әуелі Алланың қалауымен, содан кейін тиімді ұйымдастырылған қызметтің нәтижесінде өткен жыл мен осы жылы Қазақстан қажыларының арасында адам шығыны орын алмады.
– Ақпарат-насихат жұмыстары туралы айтып өтсеңіз?
– Осы жылы қажылық сапарына ҚМДБ-ның Баспасөз және Ғаламтормен жұмыс бөлімдерінің мамандарымен бірге «Астана» телеарнасы, www.nur.kz порталының тілшілері мен мүфтият жанындағы «Хикмет ТВ» телерадиостудиясының қызметкері барды. Меккеден арнайы телерепортаждар жасалып, ақпараттар, мақалалар, сұхбаттар, мәліметтер, ғибратты оқиғалар еліміздің беделді бұқаралық ақпарат құралдарында, атап айтқанда, www.zakon.kz, www.nur.kz, www.baq.kz, «Астана телеарнасы», «Егемен Қазақстан» газеті және ҚМДБ сайттарында жарық көрді. Қажылық маусымы кезінде 12 сұхбат, 64 ақпарат, 6 арнайы репортаж, жалпы 82 материал жарияланды. Миссия құрамымен қажылыққа барған БАҚ өкілдерімен алдағы уақытта да ҚМДБ-ның игілікті іс-шараларын тұрақты жариялап, ұдайы ақпараттық қолдау көрсету туралы келісімге қол жеткізілді.
– Биыл Діни басқарма жанынан «Tawaf travel» қажылық компаниясы құрылды. Бұл компанияны құрылудағы басты мақсат не?
– ҚМДБ тарихында тұңғыш рет бас мүфти бастамасымен «Tawaf travel» қажылық компаниясы ашылды. Компанияның ашылу салтанатында ҚМДБ төрағасы мәлімдегендей, «Tawaf travel» өзге турфирмаларға қызмет көрсету, уағыз айту, түсіндірме жұмыстарын жүргізу жағынан үлгі болатын жетекші қажылық компаниясына айналуы тиіс. Осынау талап-деңгейден көріну мақсатында «Tawaf travel» алғаш рет 300 қажыға қызмет көрсетті. Мүфтияттың төл турфирмасы үшін еліміздің таңдаулы имамдары мен қажылық саласында тәжірибесі мол гид мамандар таңдап алынды. Өзге фирмалар өзіне 1 гид маманы мен 1 уағызшы имамды таңдаса, «Tawaf travel» қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеру мақсатында 10 гид маманын жауапкершілігі жоғары маусымдық жұмысқа жұмылдырды. Әрбір жол бастаушы маман өзіне бекітілген 20-30 қажының парыз амалдарды дұрыс орындауын қадағалап, қажетті кеңестерімен бөлісті. Адамның жан-дүниесін жақсылық пен ізгілікке қарай өзгертетін қажылықтың пайдалары мен сабақтары туралы әсерлі уағыздар айтылды. Қажылық, шын мәнінде, туристік сапар емес – ұлы құлшылық, қасиетті сапар екендігі жан-жақты түсіндірілді. Әсіресе, Арафат аймағында айтылған уағыз бен жамағатпен жасалған дұға кезінде қажылар көз жастарына ерік берді.
Айрықша айта кетер жайт, өзге турфирмалар қабылдамай жіберген жасы 100-ге таяған, егде жастағы тым қарт аталар мен әжелердің қажылық парызының орындалуына ҚМДБ компаниясы сеп болды. Қарттығына байланысты өтініші орындалмаған қариялар соңғы үмітпен «Tawaf travel» компаниясына келді. Зағип жандар мен қауқарсыз қарттар компания жетекшісінен бастап, имамдар мен гид мамандарының қамқорлығымен қоларбаға отырып, қажылық парыздарын өтеді. Қариялар әлі күнге дейін ризашылығын білдіруде. Қажылық – табысқа кенелу кезеңі емес, ол ең әуелі – қасиетті құлшылық, Алланың ризалығы мен адамдардың алғысына бөленетін мүмкіндік маусымы. Халық арасында осындай көзқарасты қалыптастыру мақсатында «Tawaf travel» қызметкерлері ыждаһаттылықпен еңбек етті.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Kazislam.kz