Ұлы Жібек жолының аса маңызды тарихи орталығы болып саналатын Қазақстанның көне қалаларының бірі Тараз қаласы орналасқан облыс – жырау, өлең сөздің дүлдүлі, жыршы, ақын Жамбыл Жабайұлының туған өлкесі әрі қасиетті мекен. Екі мың жылдық тарихы бар бұл өлкеде осынау сауда жолының бойында тарихи қалалар мен алыстан мұнарасы менмұндалаған мешіттер салынып, асыл дініміз Исламның таралу аймағы да болған.
Осыған орай аталған өңірдің ұлтаралық жағдайы, медресе жұмысы, жат ағыммен күрес және дін мен дәстүрді ұстану жайлы Жамбыл облысының Бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы Мырзагелдиевпен сұхбаттасқан едік.
Ауылдық жерде маман жетіспейді
– Дін қызметі – аса нәзік, ұқыптылықты қажет ететін, руханияттың өзегі болған маңызды сала. Сондықтан имамдардың жан-жақты, білікті болуы – басты талап. Осы орайда, өңір имамдарының діни сауаты уақыт талаптарына жауа беретін деңгейде ме?
– Әлбетте, халықты артында ұйытар дін маманының сауатты болмағы маңызды. Біздің өңірдегі имамдардың көпшілігі Түркия, Өзбекстан, Египет және басқа да елдердегі әлемге танымал оқу орындарын, сондай-ақ, еліміздегі «Нұр-Мүбәрак» университетін тәмамдаған.
Одан бөлек, дін қызметкерлерін жылына төрт рет ҚМДБ жанындағы Ислам институтына білімін жетілдіру үшін оқуға жіберіп отырамыз. Сонымен қатар облыс орталығындағы «Һибатулла Тарази» медресесінде ауыл имамдарына арналған оқу-семинарлары ұйымдастырылады.
Шыны керек, ауылдық жерде жоғары білімді маман жетіспейді. Кадр тапшылығы бар. Бұл мәселемен әлі де жұмыс жасау үстіндеміз. Ал мамандардың білімін тексеруге келсек, үш жылда бір рет ҚМДБ тарапынан имамдар аттестациядан өтіп отырады.
Дін мен дәстүрді тең ұстаймыз
– ҚМДБ-ның дін қызметіне қойып отырған басты талаптарының бірі – дін мен дәстүрді тең ұстау. Бұл туралы не айтасыз?
– Ұлттың қалыптасуы үшін дін мен дәстүр маңызды рөл атқарады. Халықтың салт-санасы, әдет-ғұрыптары, әдебиеті мен мәдениетінің негізі – мұсылманшылықта. Еліміз егемендік алған күннен мешіт, медреселеріміз бой көтере бастады. Мешітке келушілердің саны арта түсті.
Алғашқы жылдары мешіттерімізде көненің көзін көрген, асылдың сынығы болған ақсақалдарымыз қызмет жасады. Сол ақсақалдарымыз дінді жетік білмесе де, еліміздің ұстанған бағыт-бағдарын ата-баба жолынан айнымай, дәстүрді дінмен байланыстыру арқылы қазақтың толыққанды ұлтқа, Алаштың іргелі елге айналуы үшін қолдан келгенше үлес қосты.
Бүгінгі имамдарымыз да осы жолды әрі қарай жалғастырып отыр. Мәселен, 2014 жылы ҚМДБ тарапынан «Дін мен дәстүр» атты кітабы жарық көрді. Еңбекте дәстүрдің түсінігі, діндегі орны, қазақ халқының имани дәсүрлері кеңінен қамтылған. Бүгінгі таңда еліміздегі медреселерде білімін жетілдіріп жатқан имамдарымыз осы кітапты басшылыққа ала отырып, дәстүр мен діннің біте-қайнасып бөлінбес дүниеге айналғандығын жиі уағыздап жүр.
Онлайн құрбандық ұлтты ұйыстырды
– ҚМДБ бекіткен төрт бағыт бойынша қандай жұмыстар жүріп жатыр? Қысқаша тоқталып кетсеңіз.
– Бұл бағыттар бойынша тыңғылықты жұмыстар жасалып келеді. Карантин көп істі шектеп, мешіт есіктері жабылғанымен, онлайн түрдегі уағыз, дәрістердің есіктері жабылмады. Мешіт имамдары онлайн режимде білім беру жолдарын жетілдіріп, сауат ашуға ниет білдірген жамағаттың сұранысын тоқтатпады.
Имамдарымыз қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, мұқтаждардың көңіліне қуаныш сыйлап келеді. Хәкім Абайдың:
Алланың Өзі де рас, сөзі де рас.
Рас сөз ешқашан да жалған болмас! – дегеніндей, Алла Тағала Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 114-аятында:
«Алайда, мұқтаждарға садақа беруді, ізгілік, жақсылық жасауды және араздасқан адамдардың арасын жарастыруды бұйыратындардың оңаша бас қосып, өзара кеңес құрғанының жөні бөлек. Кімде-кім мұны Алланың разылығына бөленуді қалап істесе, оны зор сауапқа (сый-сияпатқа) бөлейміз», – делінген.
«Жақсылық жасап, сауап жинайық» деген қамқор азаматтардың қолдауымен облыстық мешіттің жанындағы «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық акциясы бойынша соңғы екі-үш жыл көлемінде «Зекет қоры» көпбалалы, тұрмысы нашар 12 жанұяның көңіліне қуаныш сыйлап, пәтер кілтін табыс етті.
Қайырымдылық демекші, жуырда Алаш жұрты атап өткен Құрбан айт мейрамы өзара қол ұшын созудың, бай мен кедейді теңестірудің және ұлт болып ұйысудың нақты көрінісін паш етті. «Qurban2020.kz» сайты арқылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы өкілеттілігіне онлайн құрбандық шалуға 12 ірі қара, 45 қой, 58 тоқты және 2 ешкі малына тапсырыс берілді. Ал облыс бойынша онлайнмен ет алуға өтініш білдірген мұқтаж отбасылардың саны 1544, соның 1138-і Тараз қаласынан тіркелді.
Қасапхана арқылы тікелей шалынған құрбандықтардың көрсеткішіне келер болсақ: 269 ірі қара, 5 түйе, 4211 қой, 70 ешкі. Құрбандық малының еті онлайн және мешіттерге келіп түскен өтініштер бойынша 16 981 отбасыға түгел жеткізілді.
Ұлтаралық жағдай қалыпты
– Жыл басында орын алған өзге ұлт өкілдерінің әрекеті облыстағы рухани жағдайдың әлсірегенін білдіреді деп ойламайсыз ба? Облыстағы ұлтаралық, дінаралық ахуал қалай? Жамбыл облысының діни ахуалына тоқталып өтсеңіз…
– Ислам – пәк дін. Дініміз адамдардың арасында алауыздықтың болуын қаламайды. 14 ғасырдан бері адамзатты ізгілікке тәрбиелеп келе жатқан Ислам діні еліміздің әдет-ғұрпын қалыптастырып, дәстүрімізді айқындап берді.
Жыл басында орын алған оқиғаның астарынан рухани жағдайдың әлсірегенін көріп тұрған жоқпын. Ел болған соң жақсы да, жаман да қатар жүреді. Мемлекетіміз жағдайды дер кезінде қолға алып, тұрақтандырғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Аллаға шүкір, бүгінгі таңда дін және ұлтаралық жағдай бірқалыпты.
Облыс әкімімен жиі кездесіп, өңірдегі діни ахуалды талқылап тұрамыз
– Жергілікті басқарушы билік және БАҚ-пен байланыстарыңыз қандай? Әкімдік тарапынан қолдаулар болып тұра ма?
– Дін мемлекеттен бөлінгенімен, діни ахуалды бақылап, дін мен халықтың арасында алтын көпір болып, ҚМДБ ұстанымын халыққа жеткізіп отырған имамдарымыз жергілікті БАҚ өкілдерімен үнемі байланыста. Облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлымен жиі кездесіп, өңірдегі діни ахуалды талқылап отырамыз.
Аудандардағы имам, молдаларымыз жұмыстарына аудан әкімдері қолдау көрсетіп отырады. Облыстық және аудандардағы баспасөз беттеріне мақалаларымыз бен мешіт имамдары атқарған іс-шаралар ақпараттары жиі жарияланып тұрады.
Обыстық телеарнаның «Кәусар» бағдарламасы арқылы қаладағы білімді де білікті имамдарымыз кезекпен шығып түрлі тақырыптағы насихаттарын көрерменге үнемі жеткізіп отырады.
Түзеу мекемелеріне насихат жүргіземіз
– Жат ағыммен күрес бойынша жұмыстар қалай жүріп жатыр? Түсіндіру жұмыстары жүргізіле ме?
– Әлбетте, ҚМДБ жанынан РАНТ (Республикалық ақпараттық насихат тобы), облыстық ЖАНТ (Жергілікті ақпараттық насихат тобы) және облыс, аудандардағы жергілікті әкімдік пен имамдардан құрылған АТТ (Ақпараттық түсіндіру тобы) жұмыс жасайды.
Орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Бақтияр Әміреев жат ағыммен күрес бойынша жұмыстарды тікелей қадағалап отырады. Қалалық мешіттердің имамдарынан құрылған арнайы мамандар, белгіленген күндері түзету мекемелеріне барып насихат жұмыстарын жүргізеді.
Одан бөлек жамағат ішіндегі теріс ағымдармен жеке кездесу жұмыстарын жүргізеді.
– Осы жат ағымдармен күресте ақсақалдар кеңесінің рөлі зор екені жиі айтылып жүр…
– Иә, ҚМДБ-ның жарғысы мен ҚМДБ филиалдарының ережесінде: «Мешіттерде ішкі тәртіп мәселесін қарайтын, мешіт көлемінде арыз, дау-жанжалдарды шешетін 10 адамнан тұратын алқа мәжілісі болады. Алқаның төрағасы имам болып саналады» делінген.
Осы алқа мәжілісіне облыс орталығының, аудан мен ауылдардың сыйлы, аузы дуалы әрі ел ішінде беделі бар ақсақалдары кірген. Мешіт жанындағы ақылдастар алқасының ақсақалдары мешітіміздің жанашыры ретінде дініміздің өркендеуіне қолдау білдіріп, ел арасындағы кейбір діни іс-шаралардың шариғат талабымен орындалуына үлес қосып келеді.
Соның бірі – карантин кезіндегі қаралы үйдегі ас беру, жаназа шығару мәселесін де ақсақалдармен бірігіп іске асырудамыз.
«Һибатулла Тарази» «медресе-колледж» статусын алды
– Өңірдегі медресенің жұмысына тоқталып өтсеңіз? Қанша шәкірт білім алып жатыр?
– Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 1 университет, 1 имамдар білімін жетілдіру институты, 9 медресе, 2 қарилар орталығы жұмыс істейді. Аталған діни оқу орындарында 2 856 шәкірт білім алып жатыр. Атап айтқанда, «Нұр-Мүбәрак» университетінде – 1130 студент, 9 медреседе – 1321 шәкірт, қарилар орталықтарында – 225 шәкірт дәріс тыңдайды.
Аллаға сансыз шүкір, биылдан бастап «Һибатулла Тарази» медресесі «медресе-колледж» статусын алды. Колледжіміздің білім сапасын арттырып, еліміздегі діни оқу орындарының алды болуына бар жағдайды жасап, сондай-ақ жанынан жаңа жатақхана ғимаратын көтеріп, білімгерлердің кедергісіз ілім алуына жағдай жасаудамыз. Еліміздің басқа өңірлерінде қызмет жасап жүрген білімді, тәжірибелі ұстаздарды жұмысқа алып, оларды үй-жай және айлықпен қамтамасыз етіп жатырмыз.
Қырғыз елімен шекаралас орналасқан Қордай ауданында дүнген ұлты тығыз шоғырланғаны белгілі. Олардың көрші елдің медреселеріне балаларын оқытуының алдын алып, Масаншы ауылындағы медресе «Құран қариларын дайындау орталығы» болып қайта тілкеліп, жұмыс жасап тұр.
Мешіт сыртында намаз оқуға жағдай жасалған
– Қазіргі карантин жағдайына байланысты мешіттер қалай жұмыс істеп жатыр? Қандай сақтық шаралары қолға алынуда?
– Елімізде карантин жағдайы жарияланған күннен бастап ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің және ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының шешімімен мешіттеріміздің есігі келушілерге жабылып, қашықтан жұмыс жасау режиміне көшкен болатын. Дегенмен де, бес мезгіл намазға азан айтылу тоқтатылмады.
Мешіт имамдары барынша сақтық шараларын сақтап, кейбір діни рәсімдерді, атап айтқанда, ел ішінде болып жатқан жаназаларды карантин талаптарына сай 10 кісіден асырмай орындап жүр. Намаз оқимын деп келген жамағаттың мешіт сыртында арнайы төселген кілемде жеке-жеке тұрып, намаздарын оқып кетулеріне жағдай жасалған.
– Бейбіт Әліпбекұлы, алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Арман көп, сол арманды орындайтын жоспар да көп. Дін саласында көп жылдан бері қызмет етіп келемін. ҚМДБ-ның бірнеше бөлімінде басшылық жасадым. Білімім мен діни саладағы тәжірибемді ескеріп ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осы облысқа бас имам етіп жіберді.
Жеріміздің тыныштығы, еліміздің амандығы үшін аянбай қызмет етемін. Алла баршамызды иманнан айырмасын, абырой берсін!
– Әңгімеңізге рахмет. Еліміздің рухани жолындағы атқарып жатқан еңбектеріңізге табыстар тілеймін!
Сұхбаттасқан Руслан БЕГЕН