– Бейбіт Әліпбекұлы, өзіңіз имамдық қызмет атқарып жүрген өңірде радикалды діни ағымдардың насихаты мен іс-әрекеттеріне қарсы қандай шаралар қолға алынды? Осы бағытта атқарылатын шаруаларды да әңгімелей кетсеңіз.
– Шындығына келер болсақ, дін мәселесінің аса өзектілігі баршаға белгілі деуге болады. Шынайы дініміздің құндылықтары, қағидалары мен шарттары, бағыттары адам баласын жақсылыққа, ізгілікке шақыратын болса, діннің атын жамылған кереғар дінсымақ ағымдардың іс-әрекеттері адамды кері кетіруге, адасушылықтарға жетелейтіндігі анық. Сондықтан да бұл бағыт бойынша елімізде көптеген жұмыстар қолға алынып отыр.
Дін мәселесін жұртшылыққа, жастар өкілдеріне жеткізуде, кереғар діни ағымдардың іс-әрекеттеріне қарсы тұруда мешіт имам-молдаларының сауатты болуы – аса өзекті мәселелердің бірі. Осы мәселе ескеріле отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің мешіт имамдарына төрт бағыт бойынша берілген тапсырмасының аясында имамдардың діни білімін шыңдау, түрлі кереғар ағымдардың алдын алу және Имам Ағзам мазһабы мен Имам Матуриди ақидасын тереңдетіп оқыту мақсатында «Шымкент» медресесінің жанынан алты күндік «Оңтүстік Қазақстан облысындағы имамдардың білімін жетілдіру»аттысеминары наурыз-маусым айларында жүргізілді. Семинарда«Ақида» (сенім негіздері), «Тәжуид» – Құран, «Фиқһ» (шариғат үкімдері), «Хадис ілімі», «Тәзкия» (дін қызметкерінің этикасы) сынды пәндерге басымдық берілді.
Аталмыш семинар барысында өкіл имам ретінде менің және орынбасарларым, білікті азаматтар, соның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) тарапынан құрылған республикалық ақпараттық-насихаттық топтың мүшесі Еркебұлан Қарақұлов және белгілі имам, дінтанушы Дастан Желеуовтер арнайы дәрістер өткіздік.
Қазіргі кезде семинарды 705 имам-молда оқып аяқтады. Рамазан айының, Оразаның келіп жетуіне байланысты семинар ағымдағы жылғы қыркүйек айына дейін уақытша тоқтатылды. Жалпы, апталық семинардан арнайы бұйрықтан өткен 1077 имам-молданың оқытылып шығарылуы жоспарлануда.
Семинар жұмысына қажетті қаржының жалпы көлемі7 миллион 754 мың 400теңгені құрайды. Бұл қаржы семинарға қатысатын имам-молданың өз қаражаты және жергілікті атқарушы органдардың демеушілік көмектері арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, облыстық дін істер басқармасымен бірлесіп, жат ағымдардың жетегінде кеткен бауырларымызбен арнайы түсіндіру жұмыстары қолға алынды. Жалпы, мешіт имамдары кереғар діни ағымдарға қарсы жергілікті жерлерде ұйымдастырылып жүрген кездесулерден шет қалған емес.
Мұндай жұмыстар діни басқарманың жанынан құрылған республикалық ақпараттық-насихаттық топтар (РАНТ) арқылы да кеңінен жүргізілуде. Атап айтқанда, үстіміздегі жылғы ақпан және мамыр айларында аталған топ мүшесі, Атырау қалалық «Құспан молла» мешітінің найб имамы, теолог Алпысбаев Ерғали, Шымкент қалалық «Абдул Хамид Қаттани» мешітінің сол кездегі бас имамы Қарақұлов Еркебұлан (қазір облыс имамының орынбасары) Шымкент қаласы, Ордабасы және Сарыағаш аудандарында болып, университеттерде, колледждерде, мешіттерде арнайы кездесулер өткізді. Жалпы, ұйымдастырылған 12 кездесуге 2029 адам қатысып, нақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, діни басқарма жанындағы РАНТ мүшелері – Еркебұлан Қарақұлов пен дінтанушы Әбсаттар Сманов ағымдағы жылғы 21-25 сәуір күндері аралығында Шымкент қаласында, Шардара және Арыс аудандарында да осындай кездесулер өткізді.
Барлық кездесулерді қорытындылай келе, республикалық ақпараттық-насихат топтары мүшелері тарапынан облыс көлемінде 30 кездесу өткізіліп, олар бойынша 5428 адам қамтылды. Кездесулер жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Кереғар діни ағымдар іс-әрекетінің зияндылығы баршаға белгілі. Ол көптеген жағдайларда облысымыздағы әрбір қала, аудандардың бірқатар ерекшеліктеріне де байланысты. Соның ішінде, Шымкент қаласына қарасты бірқатар мешіттерде жат ағымдардың бірқатар іс-әрекеттерінің көбірек байқалатынын атай кеткен жөн. Олар – «Абдул Хамид Қаттани» мешіті, «Әл-Біләл», «Дәуітұлы Шыңғысбай қажы», «Сейіткәрім қажы», «Қождан ата Жиеней», «Халифа Омар», «Саяси қуғын сүргін құрбандары», «Исамиддин баба», «Муаз ибн Жәбал», «Халифа Омар» мешіттері. Аталмыш мешіттерде жұма сайын және шам мен құптан намаздары арасында уағыз-насихат жұмыстары жүргізілуде. Оған тәжірибелі һәм білімді имамдардан Е.Қарақұлов, Ә.Сманов, М.Естеміров, Д.Желеуов, Қ.Сарыбаев, Т.Дәрібаевтар тұрақты қатыстырылуда. Және де облыстық дін істері басқармасымен бірлесе отырып, облыс орталығындағы кереғар діни ағымдар жақтастары көбірек баратын 24 мешітте бірнеше реттен қайталай отырып арнайы кездесулер өткізілді. Кездесулер білікті мешіт имамдарының және белгілі теолог, дінтанушылардың қатысуымен ұйымдастырылды. Қазіргі кезде мұндай жұмыстар өзге де қала, аудандардағы мешіттерде ұйымдастырылуда.
Деструктивті діни ағымдардың алдын алу мақсатындағы жұмыстар оқу орындарында да кеңінен жүргізілуде. Атап айтқанда, жыл басынан бері облыс көлеміндегі 11жоғары және 45 орта арнаулы оқу орнында, 912 орта мектепте, 6 түзеу мекемесінде, 3 әскери бөлімшеде кездесулер ұйымдастырылды. Діни басқарма өкілдігі тарапынан бұлардың барлығымен дерлік екі жақты келісімдер жасалған.
Кереғар діни ағымдардың іс-әрекетіне тосқауыл қою жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да кеңінен жүргізілуде. Оған облыстық имамның орынбасары – баспасөз қызметінің жетекшісі М.Естеміровтың тікелей ұйытқы болуымен облыс көлеміндегі 9 телеарна мен 2 радиодан, басылымдардан имамдарымыз тұрақты түрде шығып, арнайы материалдарын жариялап келеді. Соның ішінде, діни бағдарламаларға тек білімді һәм тәжірибелі, сөз саптауға шебер үгіт-насихат топтарының мүшелері ғана тартылуда десек, артық айтқандық емес.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп атады. Осы жоба жыл басынан бері ел руханиятына не қосты, төл дінімізді тануға қаншалықты әсер етті?
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз сөздерінде: «Қазақстан – біздің туған жеріміз, біз оның баласымыз. Ақиқат біреу ғана: қазақтың өзі атсалыспай, елімізде ұзақ мерзімді келісім сақталмайды. Бұл жер біздің ата-бабамыздікі және ата-бабамызға тиесілі болып қала береді. Солардың арқасында мүмкін болған бейбітшілік пен келісімге біз тікелей жауаптымыз. Толеранттылық пен төзімділік – еліміздің ортақ ұлттық құндылығы» және «Бейбітшілік пен келісім – қазақтың сан ғасырлық әдет-ғұрпының арқасында қол жеткен байлық. «Ел-жұрт», «жеті ата», «қонақжайлылық», «сабырлық», «асар» деген ұғымдар – қазақ халқының өміріндегі ажырамас түсініктер. Осындай құндылықтардың арқасында үйімізде бейбітшілік пен келісім сақталып отыр» деп нақты атап көрсетті. Мемлекет басшысының бұл сөздерінен дін мен ұлттық құндылықтардың бір-бірінен ажырамас аксиома екендігін байқауға болады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының биылғы жылды «Дін мен дәстүр жылы» деп атағаны, осыған байланысты «Дін мен дәстүр» атты кітап шығарғаны баршаға аян. Осы еңбекпен танысқан әрбір көзі қарақты жанның дін мен дәстүрді егіз ұғымға жатқызуға болатындығын, олардың өзара ортақ байланысын сөзсіз ұғынады.
Биылғы жылғы 23 мамыр күні облысымызда Дінбасымыздың осы «Дін мен дәстүр» кітабының тұсаукесер таныстырлымы өткізілді. Бұл шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, жазушы, журналист, облыстың Құрметті азаматы Мархабат Байғұт, Социалистік Еңбек Ері Боранбай Шүкірбеков және басқа да Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысып, кітапқа байланысты өздерінің жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді. Жалпы, облысымызда «Дін мен дәстүр жылы» өз деңгейінде өткізіліп келеді.
– Бейбіт Әліпбекұлы, бүгінгі ата-аналар арасында ұл-қыздарын мешітке жіберуден қорқатындар баршылық. Бұл халықтың діни сауаттылығының әлі де кемшін екенін көрсете ме, әлде, жат ағымдардың белсенділігі әлі күшті ме?
– Өте орынды сауал. Бүгінде мешітке келушілердің саны артпаса, кеміген емес. Халыққа діни білімді тек мешіт имамдарынан ғана алу қажет екені тұрақты түсіндіріліп келеді. Сонымен қатар, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің бастамасымен облыстық өкілдікте жастар ісі бөлімі ашылып, қазіргі кезде тиімді жұмыстар қолға алынуда. Оған жетекші болып менің орынбасарым Талғат Дәрібаев белгіленген. Қазіргі кезде осы бағытта жастар арасында арнайы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, Шымкент қаласы Достық мөлтек ауданындағы жағдайы төмен қырық отбасыға 16 тонна көмір, азық түлік және 25 балаға қысқы киіммен қамтамасыз етілді. Жастар бөлімінің мұрындық болуымен 7 аудан орталығында және Шымкент қаласындағы «Облыстық цирк» сарайында «Қош келдің, Мәуліт!» атты мерекелік кеш өткізілді. Оған «Алдараспан» театры, облыстық драма театры және белгілі әншілер – Құрмаш Махан, Айдар Байжанов (Жігіттер квартеті), Бейбіт Кушкалиев (KZ тобы) және ақындар Балғынбек Имашов пен Біржан Байтуовтар қатысты. Имамдар арасында «Дені саудың –жаны сау» атты фудболдан Отырар ауданында жарыс өткізілді. Оған 80-ге жуық дін қызметкерлері қатысты. Жастар бөлімінің ұйтқы болуымен 5-30 жас аралығындағы жастарға облыс көлемінде екі күн бойы құран жарысы өтті. Оған 140 ұл, 70 қыз қатысты. Мұндай шаралар өз кезегінде жастарымызға дұрыс бағыт-бағдар беруге өзіндік ықпалын тигізеді деп сенеміз. Сондай-ақ, жастардың бойына имандылық һәм қазақи салт-сананы сіңіру мақсатында облыс көлемінде 358-ге жуық діни сауат ашу курстары жұмыс жасап келеді. Алдағы кезеңдерде бұлардың санын арттыру жұмыстары қолға алынады. Биылғы жылдың басынан бері осы курстарда 7459 шәкірт тәлім алды. Шәкірттерді ынталандыру мақсатында жыл сайын өңіріміздегі киелі орындарға зиярат ету шаралары жүзеге асырылуда.
– Дін маманы ретінде дәл қазіргі кезде Қазақстандағы діни түйткіл деп қай мәселені айтар едіңіз?
– Дін маманы ретінде аса түйткілді мәселелердің қатарына ең алдымен кереғар діни ағымдардың іс-әрекеттерін жатқызған болар едім. Өйткені, қазіргі қоғамда діни сауаты жоқ жандарды адастырып, шатастырып жүрген де солар. Кереғар діни ағымдардың іс-әрекетінің мемлекетімізге, қоғамымызға келтіретін зияндылығы өте орасан. Сондықтан олардың кез келген іс-әрекетіне нақтылы тосқауыл қоюға тиіспіз және олармен жүргізілетін жұмыстарды мемлекетке немесе дәстүрлі дін өкілдеріне артып қана қоймай, қоғам болып күш біріктіре отырып жүзеге асыруымыз қажет. Сонда ғана нәтижелі істерге қол жеткіземіз деп ойлаймын.
– Ел егемендігін алғаннан кейін Қазақстанның барлық өңірінің тұрғындары арасында дінге бет бұрып, тізе бүккендердің қатары тым көп болғанын білеміз. Осы ахуал әлі күнге жалғасып келе жатқан сыңайлы. Бұл талай жыл тоталитаризмнің тас құрсауында болған ұлтымыздың дәстүрлі дініне шөліркегендігі ме, әлде?..
– Сұрақ өте орынды. Жетпіс жылдан аса кеңестік империяның қол астында болған халқымыздың асыл дінімізге шөліркегені шындық деп айтар едім. Алдыңғы буын ағаларымыз бен апаларымыздың дәстүрлі діни шараларды үрейлене жүріп, былайша айтқанда ұрлана отырып жүзеге асырғанын көзіміз көрді. Бұл – кезінде дінімізге қандай қиянаттың жасалғанын нақты көрсететін құбылыс. Сондықтан, Алла тағалаға мың сан шүкіршілік, еліміз егемендікке ие болған тұстан бастап дінге жаппай бетбұрыс жасалды деуге болады. Өз діни басқармамыз құрылып, жер-жерлерде мешіттер, медреселер көптеп ашылды.
Қазіргі кезде біздің Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 775 мешіт пен 100-ден аса намазханалар халыққа қызмет көрсетуде. Күнделікті намазға, жұма, айт намаздарына келушілердің қарасы уақыт өткен сайын артып келеді. Бұл – өте қуанышты әрі ерекше мақтанышпен айтылатын мәселе.
– Бейбіт Әліпбекұлы, бас имамдық қызметіңізде сөзіңізбен, әрекетіңізбен әлдекімді мұсылман қылдыңыз ба немесе жат ағымның жетегінен қайтардыңыз ба? Оқиғаның қалай өрбігенін де айта кетсеңіз.
– Енді дін саласында қызмет атқарып жүргеннен кейін мұндай жұмыстардың біздердің тарапымыздан жиі жүргізілетіндігі белгілі. Жоғарыда айтып өткендей жұртшылықпен, соның ішінде жастармен ұйымдастырылып жүрген кездесулер барысында бұл мәселелер тұрақты назарда ұсталады.
Иншалла, сондай жұмыстардың қатарында Шымкент қалалық «Абдул Хамид Қаттани» мешітінде ағымдағы жыл басынан бері 6 өзге діннің өкілдері исламды қабылдады. Оның 4-уі – ер, 2-уі әйел адам.
Айта берсек, олар туралы әңгіме көп…
– Әңгімеңізге рахмет!
Асхат Райқұл