Елордада өткен «Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заман сын-қатерлері» атты IV Халықаралық ғылыми-діни конференциясы аясында белгілі исламтанушы, «Сарыағаш» медресе-колледжінің директоры Әбдуғаппар Смановпен қысқа-нұсқа тілдесудің сәті түскен болатын. Ендеше мөлтек сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Әбдуғаппар мырза, «жастар – біздің болашағымыз» деп жүрміз. Сіздің ойыңызша елдің дамуы жолында жастарға қандай қасиеттер керек?
– Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Әлбетте, биыл жастар жылы деп бекітілді. Бірақ, жастарымыз біліммен қаруланған, исламды толық түсінген болса, онда олар біздің келешегіміз бола алады. Жастар жайында қаншама уағыз-насихат айтып жүрміз, алайда, бәрі тек бір Алланың құзырында. Мешітке барсаңыз да жамағаттың басым бөлігі – жастар, діннен ұзақ жүргендердің де дені – жастар. Бұл – өте өзекті мәселе. Сондықтан, тек қана молда, имамдар ғана емес, осы қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір ақылды, ересек адам кейінгі жастарға жақсы үлгі көрсетіп, олардың біліммен айналысуына жағдай жасауы керек. Жастарымыздың білімге деген талпынысы күшті болса, Құранды оқып, хадисті тоқыса, кешегі бабаларымыз секілді ұлыққа айналары ақиқат. Сондай-ақ, исламмен тәрбиеленген жастарымыз көп болса мемлекетіміздің алпауыт елдердің қатарына қосылатыны даусыз. Оны Азияның Индонезия, Малайзия секілді елдерінің бүгінгі жағдайынан көруге болады.
– Құранды, хадисті үйренсе дейсіз. Қазір маңайымызда құранмен, хадиспен жүрем деп қазақтығымыздан, ұлттық құндылықтарымыздан бас тартып жүрген жастар аз емес. Оларға не айтасыз?
– Құранмен, хадиспен жүреміз деген сөз – олардың өтірігі, сылтауы ғана. Өйткені, құран, хадис жаттап өскен адам ұлтының дәстүрін ешқашан аяқасты қылмайды. Өзі өмір сүріп жатқан қоғамнан, ұлтынан бөлінбейді. Себебі, Құран Кәрімде Алла Тағала: «Біз сендерді бір-бірлеріңді тануларың үшін ұлттар мен ұлыстарға бөліп жараттық…» – дейді. Ендеше, исламнан хабары бар адам еліне, туған жеріне тек қана пайдасын тигізеді әрі өзі де көптеген жетістіктерге жетеді.
– Сонда оларды елден бөлектеп жатқан не нәрсе?
– Бұл сұрақтың жауабын олардың қайдан және кімнен білім алып жатқанына қарап білуге болады деп ойлаймын. Мысал ретінде айтайын, негізі тәуелсіздік алған жылдары қаланған, бабаларымыздан мұра болып келе жатқан Имам Әбу Ханифа және Имам Матуриди ақидасына сәйкес құрылған медресемізден қанша-қанша жастар сауатын ашты. Яғни, ата-бабамыздың дәстүрінен шықпай әрі тегін оқыта отырып, біз елімізге білімді, иманды жастарды дайындап жатырмыз. Колледж атағын алғанына биыл, мінеки, төрт жыл толып отыр. Түлектерімізді қатарға қосып, қоғаммен араластырсақ деген ниетіміздің Елбасымыз белгілеген «Жастар жылына» сәйкес келуінің өзі бір ғанибет деп қуанып жатқан жайымыз бар.
– Уақытыңыздың тығыздығына байланысты соңғы сұрағым болсын. Сіз басқаратын медреседе қазақ ойшылдарының еңбегі оқытыла ма?
– Әлбетте, оқытамыз. Біздің медресеге 9, 11 класс бітірген балалар қабылданады. Яғни, мектеп бағдарламасына сәйкес шәкірттеріміз қазақ топырағынан шыққан ұлы ғалымдардың еңбектерін оқып үйренеді. Атап айтқанда, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Абай, Шәкәрім аталарымыздың кітаптары, тәлім-тәрбиесі оқытылады.
– Сұхбатыңызға көп рақмет!
Kazislam.kz