Аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлынан мерекелiк нөмiрге сұхбат алу жоспарланды. Даңқты полковникпен бетпе-бет кездесуге ешкiм өздiгiнше тiлек бiлдiрген жоқ. Жiгiттер ақыры маған тоқталды. Бұл сенiмге iштей қуансам да, көңiл қобалжулы едi.
Тәуекел. Баукеңнiң үйiне телефон соқтым. Өзiмдi таныстырып, алдағы келе жатқан Жеңiс күнiмен құттықтадым. Одан соң газетке сұхбат беруге келiсуiн өтiндiм.
– Сен менен сұхбат алғың келе ме? – деген Баукеңнiң гүрiлдеген даусы естiлдi.
– Иә, иә.
– Онда тез жет, егер тез жетпесең айнып қалуым мүмкiн.
Мен Баукеңнiң үйiнiң адресiн сұрадым.
– Мәссаған, тағы да сұхбат алғың келедi, – дедi кекесiндi үнмен. – Тыңдап ал! Одан соң үйге қалай келетiндiгiмдi түсiндiрдi.
Мен Баукең дәл қазiр шақырады деп ойлаған жоқ едiм.
Шындығын айтсам, бұл кiсiмен кездесуге дайын емес едiм. Әңгiменi не төңiрегiнде өрбiту керектiгiн де ақылдаспағанбыз. Мiне, табан астынан кездесуге баруға тура келдi. Редакциядағылар менi Баукеңе емес, майданға аттанғандай шығарып салды.
Екi өкпемдi қолыма алып, қазіргі Төле би мен Наурызбай батыр көшелерiнiң қиылысқан жерiндегi Баукеңнiң үйiне де жеттiм. Пәтерге кiрдiм. Баукең төргi бөлмеде таңертеңгi шайын iшiп отыр екен. Менi салқынқанды, сұстана қарсы алып, қолының ұшын ғана бердi. Үстiнде – қарапайым ғана қара шекпен. Ал Баукеңнiң өткiр көздерi өңменiмнен өтiп барады. Сұрғылт тартқан мұрты тiкiрейiп, тура мiне, мiне маған қарай атылатын сияқты.
– Әлгi телефон соққан бала сенсiң бе?
– Иә, иә.
– Мына жерге отыр.
Баукең төрдегi мамық орындықты нұсқады.
– Апа, мына балаға көже берме, тек қана шай бер, – дедi (Әйелiнiң шешесi бірге тұрады екен).
Әже маған шай құйды.
– Қағаз, қаламдарыңды ал. Сұрақтарыңды қой. Мен дайынмын.
Мен қойын дәптерiмдi алып, жазуға ыңғайлана бергенiмде:
– Журналист, ыхм, қағазың жоқ, қалай жазбақшысың? – деп Баукең мысқылдай сөйледi. Одан соң орнынан тұрды да, көршi бөлмеден отыз шақты парақ ақ қағаз әкелiп бердi.
– Бауке, балалар ерлiк жасағысы келедi. Бейбiт күнде қандай ерлiк жасауға болады? – Бұл менiң алғашқы сұрағым едi.
Баукең менiң бұл сұрағыма онша риза болмады бiлем, бiраз бұрқанып алды да:
– Ерлiк аспаннан түспейдi. Ерлiктiң әр түрi бар. Еңбектегi ерлiк соның бiр түрi, – дедi.
– Жалқаулар арамызда әлi де кездеседi. Содан кейiнгi бiр ерлiк бар. Мен ойлаймын, бәрiнен жоғары сол ерлiк – семьядағы ерлiк. Әкеңдi, шешеңдi сыйлай бiлу де ерлiк. Кейбiреулер сыйламайды. Жұбайының қадiрiн бiлу, балаларды өсiру, тәрбиелеу – ол да ерлiк. Баланы тәрбиелей бiлу әркiмнiң қолынан келе бермейдi. Қазақта бiр тамаша мақал бар: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Тектi жердiң баласы» деген. Бүгiнгi күннiң ерлiгi осы…
Мен Баукеңнiн балалық шағы туралы айтып беруiн өтiндiм.
– «Жетiге келгенше бала жерден таяқ жейдi» деп тегiн айтылмаған ғой. Сол жетiге толған күнi өрен аяғын жерге нық басты деп санайды. Азаматтыққа аттанар жолдың алғашқы қадамы да осы жерден басталса керек… Ал өз балалық шағым туралы кiтабымда толық жазғанмын. Содан оқып аларсың. Тағы сұрағың бар ма?
Қапелiмде нендей сұрақ берерiмдi бiлмей кiдiрiңкiреп қалдым. Баукең сөзiн қайта жалғап кеттi.
– Мен сау сиырдың боғы емеспін. Саған сырымды айтып отырмын. Қызықсыз болса, өзiң бiл. Айтпай-ақ қоямын.
– Жо-жоқ, Бауке.
– Менiң жасым биыл 68-ге кетiп бара жатыр (Бұл 1977 жылдың 3 мамыры едi). Соның 25 жылын әскер қатарында өткiздiм. 25 жыл солдат болдым, – дедi сөзiн жалғастырып. – Сол жылдар iшiнде 207 рет ұрысқа қатыстым. Любая шальная пуля может убить не только солдата, но и генерала. Менi атты. Жау солдаттары да атуға мiндеттi. Менiң өте жолым болды. Жетi рет жарақаттандым. Қайтадан соғысқа кiрдiм. Сау-саламат қайттым. Жасыратыны жоқ, жас кезiмде оларды байқамаппын. Қазiр сол оқтар «помнишь, старик!» деп қояды. Бұл бiр қорлық екен. Оқ тигенi рас, жарықшақтың тигенi рас, «не помню» деп айтуға аузым бармайды. Сондағы жарықшақтар күндiз-түнi мазалайды…
Баукең орнынан тұрып, бөлмеде ерсiлi-қарсылы жүрдi де қойды. Ас та iшiлмей қалды.
Менiңше, ол кiсi бұрынғысынан да сұстана, қайсарлана түскен сияқты.
– Менiң Бақытжан Момышұлы деген ұлым бар. Өзi журналист, жазушы. Кiтабы шыққан. Жұрттар маған оны тамаша аудармашы деп мақтап та жүр. Шынымды айтсам, қарағым, Бақытжанның бiр кiтабын да оқыған жоқпын. Неге дейсiң ғой. Туған балаң не ойламайды дейсiң? Оқысам, жақсы жерiн мақтап, жаман жерiн жамандап, пiкiр айтуым керек қой. Сол екеуiнен де аулақ болайын деп ойладым. «Басқа ешкiм емес, папам айтты» деп ойлап қалмасын деп.
Менiң бiр үлкен кемiстiгiм бар: Өзiмдi-өзiм жазушы деп есептемеймiн. Өйткенi ешқандай әдеби бiлiмiм жоқ. Мамандығым – инженер, инженер-құрылысшы. Дипломымның бар екенi рас. Бiрақ та инженер жағында тәжiрибем жоқ. Жұмыс iстеуге сәтi түспедi. Менi солдатқа алып кеттi. Аларын алды да, босатқан жоқ. 25 жыл ұстады. Ширек ғасыр. Оның біраз жылын соғыста өткiздiм. Қатардағы жауынгер болғаным рас, ефрейтор, сержант болғаным да рас. Кiшi лейтенант, лейтенант, аға лейтенант, капитан, майор, подполковник, полковник болғаным рас. Бұл жағынан жаманды-жақсылы тәжiрибенiң бар екенi рас. Мен бiлiмдi әскери қызметкермiн. Бiр емес, екi жоғары бiлiмiм бар. Фрунзе атындағы әскери академия, содан кейiн Бас штабтағы жоғары академияны бiтiрдiм. Сол академияда бес жыл аға оқытушы болдым. Профессор атағын алдым. 6 лекция жазып, жоғары тактика және оперативтiк өнер пәнiнен сабақ бердiм. 5 жыл. Мен шаршадым. 13 жыл генералдық қызметте жұмыс iстеппiн.
Бiрақ…
Баукең қалшылдап кеттi. Сәлден соң сiрiңке жақ деген белгi бердi. Мен ақсақалдың сөнiп қалған темекiсiн тұтаттым. Баукең ұзақ үнсiз отырды.
– Мен Совет үкіметіне ренжімеймін. Аға лейтенант кезімде партия қатарында болмасам да полк командирлігіне тағайындады. Менен басқа шені үлкен – майор, полковниктер толып жүрді. Ал 33 жасымда 9 гвардиялық дивизияның командирі болдым. Менен басқа полковник, генералдар көп еді. Бірақ жоғары сенім маған ғана жүктелді. Одан соң Бас штабтың академиясына қабылдандым. Сабақтарды нұқыл беске оқыдым. Бітірген соң Сібірге жіберді. Онда екі жыл бригада басқардым. Мәскеуге шақыртты. КСРО Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, Бас штабтың бастығы, кеңес одағының маршалы Васильевскийдің қабылдауында болып, академияға жұмысқа қабылдандым…
Баукең осы бір сөздерді айтты да терезенің жақтауына жақындап, алысқа – Алатау жаққа көз жүгіртті. Үнсіз ұзақ тұрды. Дәл сол сәтте Баукең маған қазақтың қарапайым шалындай көрінді. Ол маған бұрылып, от шашқан жанарын өңменіме қадағанда ақсақалдың жүзінен батылдықтың, даналық пен даралықтың сәулесін сезгендей күйде болдым.
Алыптың әдетте қарапайым келетіні қашаннан…
– Мен шаршадым, – деді Баукең үзіліп қалған сөзін қайта жалғастырып.
– Генералдық атақты маған берген жоқ. Я был страшно обижен. Рапорт берiп, елге кеткiм келдi. Менi жiбергiсi келмедi. Кеңес одағының маршалы Баграмянның қабылдауында болдым. Ол кiсi менiң Кавказда, не Қырымда, қалаған жерiмде, қалаған уақытымша емделiп келiп, қайтадан жұмысқа кiрiсуiмдi талап еттi. Кеңес армиясына әлi де керек екенiмдi ескерттi.
Бiрақ мен жазушылықпен айналысқым келетiнiн айттым. Сөйтiп, Кеңес армиясы қатарынан 25 жылдық қызметтен соң ғана босадым. Сол кезде шамамен 45-46 жастамын. Денсаулығым мықты едi. Тепсем темiр үзетiнмiн…
Баукең ендi Алматыға келгенiн, жерлестерiнiң қалай қарсы алғанын, жазушылық қызметке кiрiскенi туралы айтты. Жүзi де мейiрiмдене түстi.
– Отставкаға шыққаннан кейін, он жылдан соң Мәскеуде генерал-полковник М.П.Миловскиймен кездесiп қалдым. Ол маған: «Сiзге үлкен алғыс айтқым келедi. Сол кездерде жазған лекцияларыңыздың кейбiрiн әлi күнге дейiн пайдаланып жүрмiз», – дедi. Генерал-полковниктiң сөзiн есту маған үлкен ғанибет едi…
Күн батты. Баукең әбден шаршады. Бiрақ сездiргiсi келмедi. Әлi де бұрынғы қатал қалпын сақтап, анда-санда қатуланып қояды. Менiң қырын қарап, сол орнымда қозғалмай отырғаныма шамамен 8 сағаттай болды. Бiр кезде жұмыстан Баукеңнiң үйiндегi жеңгей келдi. Даңқты қолбасшы менi таныстырып, ұнап қалғанымды айтты.
– Газетiң бар болғаны алақандай ғана, осыншама уақыт науқас шалды мазалауға бола ма? – Жеңгей ашуланып жүр. Баукең менi қорғап, жеңгейдi сөзiмен қағып тастады. Мен ең соңғы сұрағымды қойдым.
– Бүгiнгi жеткiншектерге қандай бата берер едіңіз?
– Бұл сұраққа мен жауап бермеймiн, жауап беретiндер бере берсiн!
Баукең шындығында да шаршаған екен.
Әңгiмемiздiң соңы осы болды ғой деген ой келдi.
– Жаз. Жаңа жолдан! – дедi Баукең сәл үнсіздіктен соң.
Мен 43-беттi бастадым…
– Бүгiнгi жас ұрпақ – бiздiң болашағымыз. Оларға тiлегiм: бiзден асып кетсеңдер ешқандай дауым жоқ. Оған қуанам. Бiзден кем болмайды деп ойлаймын. Аға ұрпақтың өз замандарында iстеген еңбектерiн түсiнiп, бағалап, бұдан былай да табыстың үстiне табыс қосып, адал азамат, еңбекқор болатындықтарыңа сенемiн…
Баукең тiлегiн айтты да, менен кейінгі жазылған сөйлемдердi қайталап оқып беруiмдi бұйырды. Оқи бергенiм сол едi, соңғы беттi сұрап алды да:
– Мен бұлай деп айтқан жоқпын! – дедi.
Не iстерiмдi бiлмей, аңтарылып тұрып қалдым.
– Дұрыстап жаз, түсінбейді деп ойлама!
Бұл жолы Баукеңнiң даусы қырылдап, қатқыл шықты. Орнынан тұрып, бөлмеде теңселiп, сұстана, ерсiлi-қарсылы жүрдi де қойды. Түсі сұп-суық, мұздай. Мәскеуге дейін тоқтаусыз жеткен фашистердің Баукеңнен сескенгені рас-ақ екен!
– Мақаланы жазып болған соң заңды түрде көрсетесің. Есіттің бе? Көрсетесің!
Қуанып кеттім.
– Әлбетте көрсетемін!
Ертеңiне Баукеңнiң кiтаптарын тағы бiр шолып шықпақшы болып, Орталық кiтапханаға келдiм. Жеңгей сонда жұмыс iстейдi екен. Ол кiсi Баукеңнiң әбден шаршағанын, түнiмен жайсыз ұйықтағанын айтты.
Мақаланы жазып, машинкаға бастырған соң, Баукеңнiң үйiне қайта телефон соқтым.
– Қонаққа барайын деп жатырмын. Тез жетпесең кетiп қаламын! – дедi.
Мен Баукеңнiң үйiне жетуге асықтым.
Баукең жақсы қарсы алды. Мақаланы оқып бердiм. Ақсақал әбден риза болды.
– Қарағым, ендiгі ерiк өзiңде, сен журналиссiң, қалай жазсаң да өзiң бiл. Рұқсатымды да, батамды да бердім, – дедi.
Бiз кешегi әңгiмемiздi қайта жалғастырдық. Бұл жолы Баукең әдебиет, музыка туралы, еңбек жолы туралы көбiрек айтты. Жасы жетпiстi алқымдап қалса да, өзi жақсы көретiн ақындардың өлеңдерiн жатқа оқыды. Ауызбен айтып, қағазға түсiрiп жеткiзе алмайтын сыр шерттi… Шындығында да, Баукеңнiң бұл сөздерi жүректiң төрiнде сақталатын ұлағатты мол дүние едi.
Бiз түскi асты бiрге iштiк. Әңгiмемiз тағы да ұзаққа созылды. Анда-санда редакциядағы жігіттердің асыға күтiп отырғанын есiме алып қоямын. Газеттің ертеңгі нөмірі дайындалып жатыр. Ал менің мақалам әлі баспаханаға тапсырылған жоқ. Бiрақ Баукеңнiң де көңiлiн қимаймын. Сөзін де бөлгім келмейді.
– Мақтанды деп ойлама, мен қазақтан шыққан тұңғыш гвардия полковнигiмiн, 9-гвардиялық дивизияның командирiмiн, – дедi Баукең ойын қайта жалғастырып. – Көңiлiңе келсiн, келмесiн, шырағым, қазақтан шыққан бiрiншi әскери жазушымын. Оның өзiндiк мәнi бар. Бiздiң қазақ ол жағынан бай халық. Мен аспаннан түскен жоқпын. Бiзде Қобыланды мен Алпамысты ауыз әдебиетiнiң батырлары деп жүр. Олар менiң ойымша, қателеспесем, тарихта болған тұлғалар. Егер болмаса, халық әдебиетінде жазылмас едi. Мен осыған мақтанамын. Оған толық хақым бар. Қазақ қатардан қалып келе жатқан халық емес! Бiздiң ұрпағымыз – даңқты ұрпақ…
Баукең менiң қайтуыма түстен кейiн ғана рұқсат берiп, қимастықпен шығарып салды.
Баукеңмен қоштасып, қуанышым қойныма сыймай редакцияға асықтым. Ентігімді басар-баспастан бас редактор Фариза Оңғарсынованың бөлмесіне кірдім.
– Баукеңнің материалын алып келдім. Ол кісі рұқсатын берді, – деген мақаламды ұсындым. Апай үнсіз алды да, оқымай-ақ қол қойып берді.
Аты аңызға айналған даңқты панфиловшы, батыр Бауыржан Момышұлынан алған сұхбатым «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетiнiң 8 мамыр күнгi санында жарық көрдi. Кезінде өзі желкелеп отырғызып жазғызған, бүгінде әбден сарғайып, тарихи құндылыққа айналған парақтардың әр бетінде Баукеңнің жүрек дүрсілі, қуанышы мен реніші сақталғандай. Қайран, Баукең-ай! Тайға басқан таңбадай етіп, өз үнін – өмірбаянын осылайша қалдырғанының өзі ұлылықтың белгісі ғой!
* * *
Мiне, содан берi қаншама уақыт өттi. Қоғам өзгерді, өмірге жаңа ұрпақ келді. Тарих өз перзенттерін саралай да, даралай да, ұлықтай да білді. Баукеңнің сұрапыл жылдарда көрсеткен ерлігінің белгісі, кеудесіне таға алмай, арманда кеткен Кеңес Одағының Батыры атағы көзайым болып, халқына жетті. Ал менің қуанатыным, батырдың мерейі күн санап асқақтай түсуі еді. Қас-қағым сәттей өте шыққан сол бiр кездесулерден соң мен Баукеңнiң есiмiн үнемi өзiммен бiрге, жүрегiмде алып жүрмiн. Бұл – халықтың ғасырда бір туар аяулы ұлына деген үлкен құрмет, сағыныш, азаматтық борышы болса керек.
Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, публицист, жазушы