Белгілі дін маманы, уағызшы Бауыржан Әлиұлының өмірден озғанына 13 мамырда екі жыл толды. Ол кісі әлеуметтік желілерде белсенді болатын. Өмірінде асыл дінімізді желі арқылы да насихаттауға аянбай атсалысты. Біз оның telegram арнасындағы қайтыс болар алдында соңғы айда жариялаған жазбаларын бөлісуді жөн көрдік.
13 сәуір 2022 жыл
Хәкімдерден қалған мынадай сөз бар екен:
«Асығыстық – өкініш атаулының анасы».
14 сәуір 2022 жыл
«Аққумен істес болсаң, көңілің пәк болады. Қаршығамен істес болсаң, тамағың тоқ болады. Қарғамен істес болсаң, шоқығаның боқ болады. Осыған көзім жетті».
Мәтжан би (Алла оны рақымына бөлесін).
P/S. Қазақта «Жігітті жолдасынан таны» деген сөз бар. Сондықтан жаныңызда жүретін жолдасты дұрыс таңдаңыз.
16 сәуір 2022 жыл
Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Сауапты іс жасауға асығыңдар!» деген.
«Осы Рамазан айындағы мүмкіндіктерді пайдалану (қадірін білгенге) үлкен олжа. Рамазан айының әрбір сәтін құлшылықпен өткізу үлкен сауапты іс».
Ибн Ражаб әл-Ханбали (Алла оны рақымына бөлесін).
18 сәуір 2022 жыл
Қайғыдан құтылудың жолы…
Қайғыға, мұңға тап болып, Алла Тағаланың мына бір аятына беттемеген, ұмтылмаған адамға таң қаламын. Алла Тағала «Әнбия» сүресінің 87-аятында: «Сосын (Жүніс пайғамбар) қараңғылықтардың (теңіз, түн және балық құрсағы қараңғылықтарының) ішінде: «Сенен өзге (құлшылыққа лайық) құдай жоқ. Сен (барша кемшілік атаулыдан) Пәксің. Расында, мен залымдардан болдым!» деп жалбарынды» дейді. Келесі аятта Алла Тағаланың былай деп айтқандығын естідім.
«Сонда Біз оған (тілегіне) жауап бердік те, оны қайғыдан құтқардық. Мүміндерді де солай құтқарамыз» («Әнбия» сүресі, 88-аят).
Шейх Шағрауи (Алла оны рақымына бөлесін).
Дұғаның арапшасы:
«لا إله إلا أنت سبحانك إني كنت من الظالمين»
19 сәуір 2022 жыл
«Ақымақтан асқан ақылман, көкмылжыңнан асқан көсем, дүмшеден асқан дінпаз, кесірден асқан кісі жоқ».
Серік Әбікенұлының жазбасы
20 сәуір 2022 жыл
Уа, Жаратқан Жаббар Ием! Бізді залымның қолынан сақта! Екіжүзді жанның тілінен сақта!
22 сәуір 2022 жыл
Жаман әйел….
Хан өзінің нөкерлерімен серуендеп келе жатқанда алдынан сақалы ақ, шашы қара бір адам кездесіп, сәлем береді. Былай шыққан соң хан қасындағыларға қарап:
– Әлгі адамның сақалының ақ, шашының қарасы қалай? – деп сұрайды: Сонда Жиренше:
– Үйде кейінген, түзде тебінген, қатыны жаман, аты шабан бір бейбақ шығар, – депті.
25 сәуір 2022 жыл
«Жүз тіл білсең де, сені түсінгісі келмейтіндер үшін сен мылқаусың».
Хазіреті Мәулана Жәлелуддин Руми (Алла оны рақымына бөлесін).
Күліп отырайық
Бір бәдәуи текті, бай әулеттің қызына сөз салады. Қыздың әулеті бәдәуиді шақыртып алып: «Бұл қыздың бірсыпара жиһазы, дүниесі бар. Едәуір малы бар. Сенің нең бар?» деп сұрайды. Бәдәуи: «Егер айтып отырған дүниелерің расымен қызға тиесілі болса, кеудемізден жан шыққанша оған да жетеді, маған да жетеді. Менің малымды сұрап қайтесіңдер?!» деген екен.
Күндеріңіз сәтті өтсін!
27 сәуір 2022 жыл
Бәдәуи….
Біреу түйесін жайып жүрген бәдәуидің тұсына келіп: «Мына түйелер кімге тиесілі?» деп сұрайды. Бәдәуи бөгелместен: «Аллаға тиесілі, менің қолымдағы түйелер ғой» деп жауап берген екен.
Жеті қат көк те, жеті қабат жер де – Алланың мүлкі. Сіз бен біз уақытша иелік етеміз.
Күндеріңіз сәтті өтсін!
28 сәуір 2022 жыл
Абай мен Қиясбай
Тобықтының шынжыр балақ, шұбар төс шонжарлары Абай үйінде мәжіліс құрып отырады. Осы мәжіліс үстіне кенет Қиясбай кіріп келеді. Ешкім оны келдің-ау, кеттің-ау деп елемейді. Қиясбай сәл бөгеліп тұрады да:
– Уа, игі жақсы тақсырлар, – дейді дауыстап, – Абай ағамда оңаша айтарлық бір шаруам бар. Барлығың да шыға тұрыңдар!
«Мына неме не дейді?» дегендей, төрде отырғандар терісіне сыймай дүрдиісіп Абайға қарайды. Абай:
– Иә, Қиясбайдың оңаша айтарлық шаруасы болса, шыға тұрыңыздар, – дейді. Жұрт амалсыздан дүрлігіп сыртқа беттейді.
– Немене, Қиясжан? – дейді Абай оңаша қалған соң.
– Абай аға, маған ұрыса көрме, жаңағы иттер мені адам құрлы көрмеді. Соларға өзімнің күшімді көрсетейін деп әдейі айтып едім, – дейді Қиясбай.
– Қияс, ризамын. Тапқырлығың үшін қой берейін, алып кете аласың ба? – дейді Абай ішегі қатқанша күліп.
– Алып кетпейтін несі бар, – дейді Қиясбай қулана жымиып, – Абай ағам өңгертеді деймісің, айдатады да жібереді.
– Сөз тапқанға қолқа жоқ, – деп Абай оған он шақты қой айдатып жіберіпті.
1 мамыр 2022 жыл
Ораза Алла Тағаланың: «Парыз ораза санаулы күндерде ғана өтеледі» («Бақара» сүресі, 184-аят) деп айтқанындай зымырап өте шықты.
Жаратқан Жаббар Ием, ұстаған оразаңызды, жасаған дұға-тілектеріңізді қабыл етсін!
Ассалаумағалайкум!
Айт мерекесі құтты болсын!
Әйгілі ақын, марқұм Нәжіб Фазыл Қысакүрек айтқандай,
«Намаз мешіттен шыққаннан соң, қажылық Меккеден қайтқаннан соң, Рамазан ораза біткеннен соң басталады».
Жаратқан Жаббар Ием, қылған құлшылығыңызды, жасаған сауапты істеріңізді қабыл етсін!
4 мамыр 2022 жыл
Бұрынғы өткен хәкімдердің бірінен қалған мынадай сөз бар екен:
«Рамазан айының кіруі ешбір сауапты ісін арттырмаған, сондай-ақ Рамазан айының шығуы да ешбір сауапты ісін кемітпеген жандарды көзім көрді».
Құлшылығыңызды үзбеңіз!
Рамазаншыл құл болмаңыз!
Құлшылығы үзілмес құдайшыл құл болыңыз!
5 мамыр 2022 жыл
«Күннің өзі «зәредей» болған мына шексіз ғаламда, өзін өзгелерден артық көру әдепке қайшы».
Сағди Ширази (Алла оны рақымына бөлесін).
6 мамыр 2022 жыл
Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір айда үш күн ораза ұста! Әрбір айда (бір хатым) Құран оқы!» деп сахабасына өсиет айтқан екен.
Хадисті риуаят еткен имам Әбу Дәуіт (Алла оны рақымына бөлесін).
9 мамыр 2022 жыл
«Дүниенің мəртебесі мал-мүлікпен өлшенеді. Ал ақыреттің мəртебесі салих амалмен (ізгі іспен) өлшенеді».
Сахаба Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын).
10 мамыр 2022 жыл
«Əуелі əдеп үйреніңдер! Кейін тəлім алыңдар!».
Сахаба Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын).
11 мамыр 2022 жыл
«Кімде кім «мен ғалыммын» деп айтса, сол барып тұрған надан адам».
Сахаба Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын).
12 мамыр 2022 жыл
«Ешқашан үндемей қалғаным үшін өкінген емеспін. Алайда сөйлеген сөзім үшін талай мəрте өкінгенмін».
Сахаба Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын).
13 мамырда Бауыржан ұстаз өмірден озды…