Шүкіршілік етуді ұмытпаңыз…
Сахаба Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) ақымақ жанды көрсе: «Мынаның да жаратушысы, Омардың да жаратушысы бір Алла» деп айтады екен.
***
Өмірдегі жайттар..
Бір қарап ой жүгіртсеңіз, адамзат баласының кез келгені дүниеге келгенде жалаңаш, бір-бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ, деңгейлері бірдей қалыпта дүниеге келеді. Кейін уақыт өте келе адамдар тумысынан бірдей болғандықтан қандай да бір артықшылықпен озуға күш салады. Біреулер білімімен, енді біреулер мал-мүлкімен, бағзылары атақ-даңқпен, билікпен адамзат жынысынан болған бауырынан озады.
Демек басталуы бірдей істің соңы бір қалыпта бітпейді екен. Алайда қандай өзгерістерге, деңгейлерге қол жеткізсеңіз де дүниеге қалай келгеніңізді ешқашан ұмытпаңыз! Сонда ғана адамзаттан болған бауырыңызға деген адами қалпыңыз өзгермейді.
***
Насихат….
«Егер сенде ақыл болса, сенің жақсы негізің, іргетасың болады.
Ал егер бойыңда жағымды мінезің болса, сенің өресі биік мəртебең болады.
Ал егер бойыңда тақуалық қасиет болса, бойыңда бекзаттық болады».
Сахаба Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын).
***
Жанжал неден шығады?
Бір күні хан мен Қожа әңгімелесіп отырғанда хан:
– Мен осы жұртқа қайран болам. Қашан көрсең бірімен-бірі ұрысып, жанжалдасып, төбелесіп жатады. Сіз айтыңызшы, осы жанжал қайдан, неден шығады? – деп сұрайды.
– Адам байқамай біріне-бірі «ақымақ» деп айтып қалады. Жанжал осыдан шығады, – дейді Қожекең.
– Не болса соны айтады екенсіз, содан да жанжал шыға ма? – дейді хан.
– Ақымақсың! – дейді Қожа.
Хан ашуланып қаһарына мінеді.
– Сен ақымақ!
– Міне, тақсыр, айтқаным келді, – дейді Қожа.
***
Насихат…
«Мен үшін ең сүйікті адам, менің кемшіліктерімді айтқан адам».
Сахаба Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын).
***
Сыртқы бейнемізді қалай түзейміз десеңіз?..
«Ішкі жан-дүниелеріңді түзеңдер! Сыртқы бейнелерің соның негізінде өзі-ақ түзеледі».
Сахаба Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын).
***
Әркім өз амал дәптерін толтырады…
Сахаба Халид ибн Уәлидке (Алла оған разы болсын) біреу келіп: «Пəленше ұлы түгенше сенің сыртыңнан сөз айтып балағаттады», – дейді.
Халид отырған қалпын өзгертпей: «Оның (істеген ісі, сөйлеген сөзі) оған тиесілі амал дәптерге жазылады. Сондықтан амал дәптерін қалаған нәрсемен толтырсын», – деген екен.
***
Өсекші не істей алады?..
Ғұлама, табиғин Яхия ибн Әбу Кәсир (Алла оған разы болсын): «Өсекшінің бір сәтте істегенін сиқыршы бір айда істей алмайды», – деп айтқан екен.
***
Өсек өрттен күшті…
Әйгілі ғұлама Ғұтби (Алла оны рақымына бөлесін) бір бәдәуи әйелдің баласына былай деп өсиет айтқандығын естіген екен:
«Балам! Сыр сақта! Өсектен аулақ бол! Себебі өсек кез келген нық орныққан сүйіспеншілікті талқан қылады, ынтымағы берік жамағатты бөліп жібереді, жүректің түбінде жатқан өшпенділіктің отын алаулатып жағып жібереді».
***
Сұрай білу…
Ертеде Абаймен замандас әрі рулас Қиясбай деген кедей болыпты. Ол өзінің тапқырлығымен, күлдіргіштігімен, әзілімен атағы шыққан адам екен. Абай оның сол қасиеттерін терең бағалап, қатты сыйлапты.
Бір күні Қиясбай Абай ауылына келеді. Абай оны жақсылап қонақ етеді. Қиясбайдың тапқырлығына қызыққан Абай әдейі сөз тартып, аттанарында оның бұйымтайын сұрапты. Қиясбай балаларына көже-қатық сұрай келгенін айтады.
Сонда Абай бәйбішесіне:
– Мына Қиясбайды етханаға кіргіз, қалағанынша ет алып шықсын, – дейді. Етханада біраз кідірген Қиясбай қойдың басы мен төрт сирағын ғана алып шығады. Бұған таңданған Абай оның мәнісін сұрағанда, Қиясбай қолма-қол:
– Басы, төрт аяғы бар қой жетекке жүре бермей ме? – деп жауап береді. Сөзден жеңілген Абай:
– Ендеше, қорадан таңдап бір қой ал, – дейді. Қиясбай қорадағы қойды ол шетінен бұ шетіне бытыратып қуа береді. Бірақ ешқайсысын ұстамайды. «Мұнда бір мән бар шығар» деген оймен Абай оны тоқтатып алып, себебін сұрайды. Сонда Қиясбай:
– Алдыма салып айдап әкетемін десем, жалғыз қой отардан шығатын емес, – деген екен.
Сонша малдан жалғыз қой ұсынғанына қысылған Абай:
– «Сөз тапқанға қолқа жоқ», – деп, сол жолы Қиясбайға айдап кететіндей оншақты тұяқ беріпті.
Жазбалар Бауыржан Әлиұлының инстаграм парақшасынан алынды