Батыс Қазақстан облысында теолог мамандар жетіспейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО дін істері басқармасынан мәлім еткеніндей, қазіргі таңда облыс бойынша деструктивті діни ағымдардың жақтастарын оңалту шараларына 27 (қалада – 15, аудандарда – 12) маман жұмылдырылған.
Басқарманың шақыруымен басқа өңірлерден жыл сайын 3-4 адам жұмысқа қабылданады. Теолог мамандарды тұрақтандыру мақсатында аудан орталықтарында, ауылдарда тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндіктері қарастырылған. Жалақылары орта есеппен 150-250 мың аралығында. Дегенмен, аудандарда теолог мамандар жетіспеуде, бұл тек дін саласында ғана емес, басқа мамандықтарға да қатысты.
Басқарма мәліметіне қарағанда, күні бүгін «Нұр-Мүбарак» университетінде облыстан 45 шәкірт оқуда. 2022-2023 жылғы оқу жылына БҚО-дан «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетіне 6 талапкер (мемлекеттік грантқа – 4, облыстық грантқа – 1, ақылы негізде – 1) оқуға түсті.
Бұдан басқа, «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің «Орал» медресе колледжі» жеке мекемесі дін саласындағы мамандарды дайындайды. 2022-2023 оқу жылында БҚО әкімдігі арқылы грант бөлініп, қазіргі таңда 1 курстың 25 шәкірті тегін білім алуда. Жалпы, «Орал медресе колледжі» бойынша 59 шәкірт дәріс алуда.
Діни салада білікті қадрларды дайындау, азаматтарымызды шет елге шығудан бас тартқызу және отандық теологиялық оқу орындарына қайта бағыттау мақсатында 2021 жылдың желтоқсан айында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетімен ынтымақтастық меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар биылғы 22 маусымда Батыс Қазақстан облысының дін істері басқармасы мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Меморандумның мақсаты – кадрлар даярлау саласында тәжірибе алмасу, сондай-ақ дін саласында өзара қызығушылықты білдіретін ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыру.
Басқарма мамандарының айтуынша, университеттің педагогикалық құрамымен және студенттермен кездесуде Батыс Қазақстанда дін саласындағы кадрлар тапшылығы бар екені атап өтілді. Сонымен қатар, дін саласы бойынша сарапшылар мен мамандардың қатысуымен конференциялар, семинарлар, зерттеу жұмыстарын, тәжірибе алмасу сынды өзге де бағыттар бойынша бірлесіп жұмыстануға келісілді.
Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Орал» медресе колледжінде оқу жылы аяқталып, қорытынды сынақтан өткен 10 шәкіртке диплом берілді. Облыс аумағында ауылдық жерлердегі мешіттерде кадр тапшылығын жою мақсатында 2 шәкірт Ақжайық, 2 – Бәйтерек, 1 – Бөрлі, 2 – Сырым, 2 – Казталов ауданына, 1 түлек Атырау облысына қызмет істеуге бағытталды. Осы орайда үш мешітте (Бөрлі, Алғабас, Талдықұдық ауылдары) имам мәселесі шешілді.
«2023 жылы дін саласында облыста полиция департаментімен 6 әкімшілік құқық бұзушылық (2018 – 12, 2019 – 16, 2020 – 23, 2021 – 23, 2022 жылы –15) тіркелді. Заңға сәйкес діни кітаптарды діни ғимараттардың аумағында (мешіт, шіркеу) немесе арнайы белгіленген орындарда, сондай-ақ сол орындардың әлеуметтік желілері арқылы таратуға немесе сатуға болады. Алайда әлеуметтік желілер мен интернет сауда алаңдарына мониторинг жүргізу барысында Оlx.kz сауда алаңында діни мазмұндағы әдебиеттерді сату белсенді жүріп жатқаны белгілі болды. Оған қоса мұндай жарнамалар Instagram парақшаларында жиі орналастырылады. Бұл әкімшілік құқықбұзушылық болып танылады және әкімшілік айыппұл 100 айлық есептік көрсеткіш немесе 345 мың теңгені құрайды. Өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу, санын азайту және халықты ақпараттандыру мақсатында профилактикалық іс-шаралар ұдайы жүргізіледі. Әлеуметтік желілерде елдің әртүрлі облыстарында жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы материалдар орналастырылады. Халықтың түрлі топтарына, әсіресе, жастар арасында деструктивті материалдарды орналастыру және тарату, заңсыз миссионерлік қызмет, сондай-ақ басқа құқық бұзушылықтарға барғандардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ақпарат жеткізіледі. Қазіргі кезде облыс аумағында діни ахуал тұрақты. Бұл – облыстағы құзырлы мемлекеттік, құқық қорғау органдары және үкіметтік емес ұйымдардың бірлесіп атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесі», деп хабарлады ведомстводан.
Айта кетейік, күні бүгін облыс аумағында 8 конфессияны құрайтын 86 діни бірлестік тіркелген. Діни әдебиеттерді таратуға арналған 7 стационарлық орын, 4 намазхана және 3 православиялық кіші шіркеу (часовня) жұмыс істейді.