2021 жылғы 16-17 тамызда Батыс Қазақстан облысында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының (РАТТ) мамандары Халықтың дінтану сауаттылығын арттыру және қоғамда дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мен діни экстремизмнің алдын алу шеңберінде жергілікті тұрғындармен бірқатар іс-шаралар мен кездесулер өткізді.
РАТТ жұмысына білікті теологтар, дінтанушылар – А.Тулепов, К.Тышхан, Ж.Сандыбаев, С.Сейтбеков тартылды.
РАТТ мүшелері Орал қаласында РМ-170/1, РМ-170/2, РМ-170/3 түзету мекемелерінде экстремизм және терроризм бабы бойынша сотталған азаматтармен, Д.Елеусинов атындағы спорт мектебінің тәрбиеленушілері мен жаттықтырушыларымен, облыстық және аудандық орталық мешіт жамағатымен, Бөрлі ауданының Деструктивті діни ағымдардың (ДДА) жақтастарымен жеке кездесулер, Орал қаласының «Ұлттық ұлан» 5517 әскери бөлімінің сарбаздарымен, сондай-ақ РАТТ мүшелері «Жусан» операциясы аясында террористік белсенді аймақтан қайтарылған азаматшаларымен және т.б. кездесулер өткізді. Осы іс-шараларға 246-ға жуық адам қатысты. Іс-шаралар карантиндік талаптарға сай қадағаланып жүргізілді.
Өткізілген іс-шаралар барысында өңірлер тұрғындарына Қазақстанда тұратын барлық конфессиялар мен этностардың бейбіт өзара іс-қимылы мен қатар өмір сүруіне, Қазақстан халқының мәдениеті мен рухани мұрасына, деструктивті жалған діни және радикалды идеялардың зияндылығына бағытталған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мәні туралы ақпарат берілді.
Сонымен қатар, дін саласындағы өзекті мәселелер, өскелең ұрпақ арасында дәстүрлі діни сананы қалыптастырудағы тиімді және жүйелі жұмыс бойынша жаңа әдістер, идеялар мен ұсыныстар, сондай-ақ діни сауаттылықты арттыру, жастармен жұмыс кезінде тәжірибе және арнайы дағдылар алмасу мәселелері талқыланды.