Әдебиетте «прототип», яки «мәдени шаблон» деген түсініктер бар. Яғни, түпнұсқалық үлгі, образ қазығы, әдеби образ бен қаһарманды жасаудың мәдениеттік қалып-көзі. Міне, осы жерден тарихшылар өз үлесін алса болады.
Орктар туралы бірер сөз
Орктар (Orcs) – фэнтези жанрындағы шығармаларда кездесетін мистикалық стандартты адамтектес нәсілдердің бірі. Қара әміршіге бағынышты, ібіліс иектеген залым да варвар халықтар ретінде суреттеледі. Олардың өкілдері алдымен Мелькор, кейіннен Сауронның әлемді жаулауға аттанған қарулы күштерінің негізін құраған.
Фантаст әдебиеттанушылардың пікірінше, гном, тролл және гоблиндермен салыстырғанда, нақты бір мифологиялық прототипі жоқ саналады. Дегенмен, бұған қарама-қарсы көзқарас білдірушілер де баршылық.
Қазіргі мағынасындағы ұғым ретінде тұңғыш рет Дж.Р.Р. Толкиеннің (John Ronald Reuel Tolkien) 1914-1917 жылдардағы «Жоғалған Әфсаналар кітабы» (The Book of Lost Tales) шығармалары топтамасында бой көрсеткен. Одан кейін бұл түсінік «Хоббит немесе барып, қайту» (The Hobbit, or There and Back Again), «Сахиналар әміршісі» (The Lord of the Rings) сынды романдар арқылы дамытылды. Алайда, уақыт өте келе орктар образы өзге жазушылардың фэнтезийлерінде бірқатар өзгертулерге ұшырағанмен, бастапқы түпнұсқасынан соншалық алшақ кетпеді.
Толкиннің сөзінше, ол бұл атауды «Беовульф» (Beoƿulf) поэмасындағы «orcneas» атты теңіз құбыжықтарынан алған. Мұндағы «–neas» готтардың «naus» немесе көненорвегтік «nár» деген сөзінен шыққан болуы әбден мүмкін. Оның қазақша мағынасы: «мүрде» яки «өлік» дегенмен сәйкес келеді. Тағы бір версияда көнеағылшын тіліндегі «-né» дегеннен шыққан деген болжам бар. Яғни, «nebbed» – «кереуеттегі өлік» дегеннен шыққан болуы мүмкін. Сонымен қатар, ағылшындар жатжерлік шапқыншылар – нормандарды «орк» деп атаған деген де дерек бар.
Кітаптардағы немесе компьютерлік ойындардағы кейіптелуі бойынша аласа, ұсақ та, алып әрі ірі денелі де болып келеді. Терілерінің түсі – сарғыш, қызғылт немесе жасыл. Азулары ақсиып тұрады. Мінез-құлықтары жағынан жаугер, асау, залым және де қасқырлар мен тағы қаншама фантастикалық жан-жануарларға мініп жүреді. Тұрмысы жағынан ежелгі тағы тайпаларды еске түсіреді, кейде араларында ақадал мәрт кейіпкерлері де болады. Діні бойынша шаманизмді ұстанады. Ата-баба әруағын құрметтейді. Табиғат құбылыстарын басқара алатын шамандары бар. Әрине, Голливудтық фильмдердің әлдилеуімен өскен толқынға мұның бәрін түсіндіріп жату артық болар еді. Зомбилермен қатар «орк» – өзекті кинолардың астында қалғанымызды несіне жасырамыз. Қысқасы, жалпылама сипаты осындай.
Оның бізге қандай қатысы бар?
Иә, сұрақты бірден осыдан бастау керек-ақ еді. Жүз жерден әдеби сипаты келіп тұрғанмен, «сонымен» деуіңіз кәдік. Сонымен! Мұны не үшін айтып отырмыз? Бұл ретте, біз сөз басында әңгіме еткен «мәдени шаблон» туралы кеңірек айта кетпекпіз. «Еуроцентризм» дегеннен хабары барлар бірден ұқса керекті. Сонда ғана аталған сұрақтың жауабы шығады.
Теория бойынша келсек, мәдени шаблон (сондай-ақ «көшірілген фэнтезилік мәдениет») –
бұл шығармашылық барысында жаңа нәсіл мен мәдениетті жаңадан ойлап табудың қиындығынан туындаған салдар. Сондықтан да, көптеген авторлар шынайы әлемдегі қандай да бір жайтты, оқиғаны, ұлттарды аздап өзгертіп, басқаша қырынан беру жолына түседі. Мысалы, гномдар тауда тұрады. Әндері де таулық әндер. Кавказдықтар ма, болмаса, армян яки грузиндер ме?
Стандартты фэнтезий әлемнің тағы бір жерінде батыр да батыл «самурай» деп аталатын халық тұрады. Қайқы қылыштармен шайқасады. Жапондар дерсіз?
Сол қиял әлемінің тағы бір бұрышынан қайдан пайда бола кеткені белгісіз, әскери құрылымы зор, қару-жарағы сайма-сай әлдеқандай жабайы жойқын әскер көрініс береді? Моңғолдар дерсіз?
Заңдық жағынан індетіп келсең, мұның бірін де дәлелдеу мүмкін емес. Авторлардың да бет бақтырмауы заңдылық.
Айта кетерлік жайт, мұндай шаблондарда Еуропа аумағы түсінікті себептермен ұдайы баяндау желісінің орталық қазығы, жердің кіндігі ретінде негізделіп отырады. Атап айтқанда, еуропалықтар ғана адамдар ретінде сипатталуы мүмкін. Ал басқа халықтар эльф, орк, аң адамдар кейпінде аллегориялануы қалыпты жағдай. Бірақ, бұл қайталап айтамыз, мәдени штамп. Бұдан қашып құтыла алмайсың. Ал моңғолдар мен түріктердің мәдени шаблондық бейнесі қандай?
Әлбетте, қаһарлы шапқыншы ордалар рөлінде. Салт атты варвар әскерлер образы кейде Американың үндістерімен аралас кейіпте берілуі мүмкін. Өзара туыстығын мойындау ма, әлде басқа да себеп бар ма, бірақ, шындығы осы. Бұл факт. Бірде-бір мәдениеттанушы да, әдебиеттанушы да дәл осыған дау айта қоймас.
Солай, Аттиланың ғұндарынан бастап, Батудың аламаны, кейіннен османдардың тегеурінінен зеңбірек оғы ойлап табылғанға дейін бүкіл тарих бойы теперіш көрген халықтардың ұрпақтарының «шаблондық кегі» осындай.
Тағы да Толкин дауы
Осы жанрдағы барша шығармалардың «рухани атасы» Толкиннің фанаттарында әлі күнге «Мордордың шын өмірдегі прототипі қайсы?» деген талас тоқтамай келеді. Ресейде тіптен, «ол – КСРО ма, Германия ма?» деген дуальды сауал түрінде басылмай тұр.
Кейбір зерттеушілердің пайымынша, фантазиялық топтамаларда «зұлымдық ошағы» болған Мордор, бұл – КСРО. Сол айта беретін «Сахиналар әміршісінің» жазылған уақыты да 20 ғасырдың дүрбелеңдері кезі. Ал Еуропа үшін (Жер ортасы) сол кезең шығыс тараптан туған зор қатерімен тарихта қалды. Әлемнің пролитарларын біріктіруді армандаған «қызыл» Кремльдің жаһандық амбициясының өзі неге тұрады?!
Тағы біреулер ол жерден 15-17 ғасырдағы «биік қақпалы» османдардың елесін көреді. Сондағы «Гондоры» Константинополь немесе Вена. Жасыратыны жоқ, соңғысын түріктердің екі рет – 1529 және 1683 жылдары алуға тырысты. Бірақ, Еуропаның біріккен әскері бұған жол бермеді. Көрген киноңызға, немесе оқыған романыңызға ұқсап кетпеді ме? Дежа вю!
Хош, шығармадағы ойлап табылған тілдерге қарап, Мордорың – «Венгрия» дейтіндер де баршылық. Бұларды шексіз тізбелей беруге болады. Әлем желіде бұл тақырыпқа қатысты шексіз болжамдар бар.. Қанша оқырман-көрермен болса, сонша пікір бар. Бір сөзбен: плюрализм! Осы жағынан келгенде, Мордор біздің аймақта десек те, ешкім бізге «түрің құрысын» демейді.
Саяхатшы, этнограф Константин Куксин «Көшпелі мәдениет музейі» атты youtube арнасында бұл тақырыпқа юмор тұрғысында келген. Ол не деген, назар аударалық:
«Сақиналар әміршісі» фильмін көргендеріңіз анық. Мен мастер Толкинді өте жақсы көремін. Бірақ, оның бір кемшілігі бар. Викториандық дәуір перзенті! Толкин лингвист болды ғой. Ол персонаждарының тілдерін ойлап тапқанда, эльфтер мен нуменор адамдарының тілдеріне роман-герман тілдерін пайдаланды. Ал орктар тілін ойлап тапқанда қандай тілдерді пайдаланғанын білесіздер ме? Түркі-моңғол тілдерін! Онда да қатты өзгертпеген. «Кітабымды шығыстағы жұрттар оқымайды» деп ойлаған шығар. Оқығанда қандай?! Алдымен қазақтар қатты кейіді. Әсіресе, тувалықтар қатты ренжіді. Өйткені, ондағы басты гоблиндер: «Біз – ұранхай, күшпіз!» деп тұр. Ұранхай – бұл Тува. Сонда біздің қорғаныс министріміз гоблин болып тұр ғой. Сосын, гоблиндердің сыртқы бейнесі, орктардың сипатына қараңыз. Ірі сүйекті, қысық көз, маймақ аяқ. Моңғолдардан көшірген. Яғни, еуропалық әдебиеттегі моңғолдардың гротекстік образынан алған. Сарғыш түр, жыртық көз! Орктардың сауыт-сайманына қараңыз. Терілі сауыт, төбесіне жылқы құйрығы бекітілген дулығалар! Былай қарап тұрсаңыз, моңғолдар сап түзеп келе жатқандай» (https://www.youtube.com/watch?v=kj9drr6qywA).
Тұжырым
Куксин айтқан фильмдер топтамасын, «Хоббитті» де бәріміз көрдік. Ондағы орктар түркі-моңғолдарға жауынгерлік рухы, жаугер іс-қимылдарымен ұқсап тұрғаны да рас.
Жалпы, әлгінде айтқанымыздай, Мордорды қандай да бір мақсатпен, айталық, туристік мүдде үшін, біздің маңайдан шығару керек болса, желі қолданушылары ұсынып жүргендей, шығысымыздағы көршіміз – Қытайдың Синцзян-Ұйғыр автономиялы округын, яғни Орталық Азияны географиялық ендік ретінде бекітуге болады. Ондағы табиғаты қатал Такла-Макан шөлі, айналасындағы асқар таулар өзі үшін өзі сұранып тұр емес пе? Ал ол таулар шоғырында жалғыз өткел бар. Ол – Жоңғар қақпасы. Нақ осы қақпадан батысқа қаншама жорықшы орданың өткенін бір құдайым білсін?! Білгіштер, Толкиннің картасындағы «қара қақпаның» осы емес екендігін дәлелдеп көрсін. Бәрі мақсатымызға, мотивке байланысты ғой. Ақша түсіретініне көзіміз жетпей жатыр, жетсе, бұған да кірісер едік.
Әрине, жазушы өзі туындыларындағы қандай да бір географиялық кеңістік пен халықтарға қатысты тікелей сілтемелер бермеген. Кейбір белгілер мен ерекшеліктерді мәдени шаблон аясында шығармаға көшіру заңдылық. Алайда, толықтай бір жер мен елге байлау, жалпылау да жаңсақтық болар еді.
«Әр әзілдің астарында шындық бар» демекші, сондықтан да, бұл тұжырымды «жартылай дұрыс та, бұрыс та» деуге болады. Сіз қалай ойлайсыз? Не де болса, ақиқатын жазушы өзімен бірге көрге алып кетті. Басы ашық мәселе. Бәрінен де орктардың діни ұстанымын шаман қылып қойғанын қарасайшы!
Абылайхан Қалназаров,
Мәдениеттанушы-лингвист