Белгілі ғалым, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Батыржан Мансұровпен арадағы сұхбатты қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп, шайырлар және Абай әлемі триадасына арнауымыздың себебі де осы еді.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Атырауға келген жұмыс сапары кезінде мүфтияттың негізгі бағытының бірегейі – қазақ даласындағы мұсылмандық мектепті жаңғырту болатындығын айтқан еді. Бас мүфти бұл бастаманың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатынын ерекше атап өткен болатын. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Әлімсақтан өзін мұсылман санаған халқымыздың дәстүрлі діни мектебін жаңғырту – өткен тарихымыз бен келер ұрпақ алдындағы міндет. Мұсылмандықтың да әртүрлі мәзһабтары бар екендігін ескерсек, әр халық исламды өзінің салт-дәстүріне, болмысына негіздеп ұстанады. Біздің ата-бабаларымыз ықылым заманнан Әбу Ханифа мәзхабын ұстанған. Бұл тақырып туралы тереңнен айта түсуге болады. Ал, тікелей сұрағыңызға келсек, қазақ даласындағы мұсылмандық мектепті, былайша айтқанда ұлттық мұрамыздың негізгі бөлшегін қайта жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жасалуда.
Біріншіден, мүфтияттың бастамасымен көптеген қайырымдылық мекемелері салына бастады. Бұл мекеме жастардың жан-жақты ілім алуына мүмкіндік жасайды. Айталық, шәкірт түске дейін зайырлы мектепте оқиды. Түстен кейін мұсылмандық тұрғыда, яғни шариғи ілім алады.
Есімі әлемге мәшһүр Абай Құнанбаев та кезінде дүнияуи ілім алған еді. Сол кездегі ілім алу формасы осындай жаңаша түрде жасалып жатыр десек те болады. Дүниелік және шариғи ілімді қатар алған баланың кейін дін жолында ұстаз болуы міндет емес. Біздің мақсатымыз – иманды азамат қалыптастырып шығару.
Екіншіден, қазақ даласындағы мұсылмандық мектепті жаңғыртуға арналған оқулықтар шығарылып жатыр. Осы мақсатта мүфтият жанынан аударма бөлімі ашылғанын атап өткеніміз жөн. Қожа Ахмет Яссауидің туындылары, қазақ халқының діни наным-сенім мектебінің негізін салушы имам Матуридидің еңбектері аударылуда.
Үшіншіден, ұлы даламыздың дарындарын дәріптеу бағытындағы жұмыстар елімізде кеңінен қарқын алуда. Дін саласының ғұламасы Сәдуақас Ғылманидың музейінің өзі неге тұрады? Бұдан бөлек, 175 жылдығы дүниежүзі көлемінде аталып өтіп жатқан дара Абайдың туындылары кең көлемде насихатталуда.
– Жалпы, қазақ даласындағы мұсылмандық мектепті кезең-кезеңге бөліп қарастыруға бола ма?
– Әлбетте. Қазақ даласына ислам сегізінші ғасырда келді. Тарихқа қарап отырсақ, әр ғасырдың өзінің ғалымы, сәйкесінше мектебі болған. Осылайша, әр кезеңде өзінің атын қалдырған ахундар, ишандар, хазіреттер өмірден өтті. Ғажабы сол, өмір сүру кезеңдерінде алшақтық болса да, ұлы даламызда ізін қалдырған ғалымдарымыздың наным-сенімінде, діни ұстанымында, ақидасында қарама-қайшылық болған жоқ. Өйткені, барлығының тәлім алған мектебі бір еді.
Мәселен, еліміздің Батыс аймақтарының дін өкілдері Уфа мектебінде оқыса, Оңтүстік аймақтардан шыққан ғалымдар Бұхара мектебінде білім алды.
Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин бабамызға дейінгі кезеңді бөліп алсақ, ХІ ғасырда Қожа Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани өмірден өтті. Осы кезеңдерде мұсылмандық дүниелеріміз қазақ даласына шайырлар арқылы да кеңінен тараған еді. Ұрпақтан ұрпаққа ауызекі тілде мұра болып жеткен шайырлардың өлеңдерінде Аллаға иман келтіру, Пайғамбарға (с.ғ.с) салауат айту, ақыретке сенім мәселелерінің кеңінен көрініс тапқанын саралауға болады.
Міне, осынау үрдіс дінімізбен бірге имандылық, адалдық мектебінің қалыптасуына ықпал етті. Майлықожа шығармашылығында да, Шортанбай еңбектерінде де осы мәселе кеңінен көрінеді. Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылман тұтқасы» еңбегі де сол кезеңдегі біздің даламызда исламның кеңінен орнағанын көрсетеді.
– Әріге бармай Абайға тоқталсақ. Абай мұрасынан қазіргі уақытта нендей дүниелерді аршып алуымыз керек деп ойлайсыз?
– Биыл 175 жылдық мерейтойы келіп жеткен Абайды осы уақытқа дейін түрлі ғалымдар, зерттеушілер әр қырынан танытты. Әсіресе, Абай философиясы, әдебиет әлеміндегі Абайдың орны жөнінде том-том еңбектер жасалды.
Кезінде белгілі академик, профессор Мекемтас Мырзахметов ағамыз «Абайдың бір қыры әлі де кеңінен танылмай жатыр. Ол – Абайдың діни танымы» деген еді. Расымен де, біз әлі күнге дейін Абайдың діни танымын кеңінен аша алмай жүрміз.
Діндар, имам ретінде қарастыратын болсақ, Абай ақидасының имам Матуриди наным-сенімінде, мектебі Әбу Ханифа мәзһабында болғанын көреміз. «Алланың мекені жоқ» деп келетін Абай өлеңдеріндегі бір ғана жол осы сөзімізді айғақтай алады.
Демек, біздің алдымызда Абайдың діни мектебін, философиясын, танымын жан-жақты насихаттау міндеті тұр.
– Сүбелі ой айтып, сайтымызға сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет. Оқырманымызға айтарыңыз бар ма?
– Әңгімеміз ұлт руханиятының қазығына айналған қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп мәселесіне арналып отыр ғой. Осы жерде мына бір өзекті мәселеге қоғам назарын аударғым келеді. Бүгінде «Хақ жолы», «Ата жолы» деген сияқты ұйымдар құрылып, Қожа Ахмет Яссауи сынды аталарымыздың басына барып, кісі түнетумен айналысып жүр. Тіпті, олар өзінің ерушілерін кіші қажылықты сол кесене басында өтеуге үндеп жатады.
Біз бабаларымыздың рухына табынудан сақ болуымыз керек. Өйткені, рухқа табыну – ең ауыр күнә. Және мұндай таным-түсініктің соңы діни сауатсыздыққа алып келеді. Қазір сол хақ жолдамыз деп жүргендерден Яссауидың бір өлеңін немесе даналық өсиетін сұрап көріңізші. Жауап бере алмайды.
Біз өр рухты бабалардың ұрпағы екенімізді мақтан тұта отырып, олардың дүниетанымымен, еңбектерімен танысуымыз керек. Және бабаларымыздың еңбектерін дәріптеу – негізгі парыз болып қала бермек.