Моңғолияның еңісте малы мыңғырған Баян-Өлгей өлкесінде елдегі барлық мұсылмандар тұрады десек артық емес. Қиырдағы исі қазақтың бүгінгі таңдағы діни ахуалы қалай, қандай мәселелер бар, осы жөнінде Kazislam.kz тілшісі Моңғолия мұсылмандар одағының төрағасы, мүфти Батырбек қажы Хадысұлынан сұрап көрген еді.
–Батырбек Хадысұлы, Моңғолиядағы діни ахуал қалай? Мұсылмандар түгел қазақ па, әлде, басқа ұлт өкілдері де бар ма?
–Моңғолия халқы көп дей алмаймыз, 3 млн. 300 мың адам тұрады. Оның небары 4%-ы ғана, яғни, 140 мыңы – қазақ, қалғаны – моңғол ұлтының өкілдері. 1990 жылы елде демократия орнағаннан кейін барып діни наным-сенім бостандығы қалыптаса бастады. Ал оған дейін моңғолдардың дәстүрлі діні будданы ұстанушыларға ғана жағдай жасалды, мысалы, олардың пұтханалары болды, ал мұсылмандардың мешіті болмады.
Ең алғаш 1990 жылы белгілі дипломат ағамыз Сайран Қадырұлы Моңғолия Мұсылман қоғамын құрды. Ал 1993 жылы қабылданған «Мемлекет және дінаралық Заң» күні бүгінге дейін жаңартылған жоқ. Ол Заңға Моңғолияның дәстүрлі діндері ретінде будда, ислам және шаманизм кіргізілген. Бірақ 1997 жылдары елімізге кірген әртүрлі діндер мен ағымдардың кіруі себепті, барлық дінге рұқсат берілді. «Мемлекет пен дін екі бөлек», «Мемлекет дінді сыйлайды, дін мемлекетті құрметтейді» деген ережемен Моңғолия қоғамы өмір сүріп, қызмет атқарып келеді.
–Моңғолдардың мұсылмандарға деген көзқарасы қалай? Оларда да «исламофобия» түсінігі қалыптасып қалмады ма?
–Жалпы алғанда Моңғолия мемлекетінің, халқының мұсылмандарға деген көзқарасы жаман емес. Қазақтардың жүздеген жылдан бері еркін өмір сүруі – моңғолдардың сыйластығы, екі халықтың татулығының арқасы деуге болады. Алайда әлемдегі түрлі жағдайлар, исламға қатысты теріс түсініктер моңғолдарды да айналып өтпеді. Оларға шамамыз келгенше Хақ діннің олар ойлағандай құбыжық еместігін көрсетуге тырысып келеміз.
Оның үстіне қазақтардың, яғни, мұсылмандардың ең көп шоғырланған жері Моңғолия астанасынан 1700 шақырым қашықтықта, елдің батыс өлкесінде, Қытай мен Ресейдің шектесіп жатқан тұсында шоғырлануы себепті, негізгі ұлт өкілдеріне олардың тілінде мұсылманшылық негіздерін түсіндіруге мүмкіндік болмай жатқанын ескеруге тиіспіз. Әйтпесе, Үкімет, билік тарапынан кедергі болып отырған ешкім жоқ.
Теле-радио арналарда, газет-журналдарда шынайы ислам турасында мәліметтер моңғол тілінде жарияланып жатқан жоқ. Бұл – біздің бір кемшілігіміз. Десе де, моңғол тілінде кітап-құралдарын шығарып жатырмыз. Сонымен бірге, жуырда ғана құран кәрімді моңғол тіліне аударып бітірдік. Енді соны Түркияда немесе басқа мемлекетте басып шығару жолын қарастырып жатқан жайымыз бар.
– Радикал көзқарастағы жастар кездесе ме?
–90-жылдары кім біздің балаларымызға діни білім береді деген сәтте, құшағын бірінші болып ашқан қара шаңырақ деп айтамыз, Қазақ елі болатын. Тәуелсіздікке дейін өздерінде екі-ақ медресе бола тұра, Моңғолиядан төрт шәкіртті алдырып оқытты. Оның бірі – мына өзім, Меркідегі медреседе білім алдым.
Одан кейін 1991 жылы Түркия, 1993 жылы Сауд Арабиясы, одан кейінгі жылдары Пәкістан, Мысыр мемлекеттерінен ұсыныстар түсіп, талаптанған жастарды сол жақтарға жіберіп оқыттық. Алғашында радикал көзқарас, бөліну, жамағат болып бөлектену деген болмаған. Қазір теріс түсініктегі азаматтар жоқтың қасы. Бірақ, мүлдем болмады дей алмаймыз. Жан-жақтан келіп, исі мұсылмандарға өзге идеологияны кіргізуді ойластырған азаматтар болды. Әйтсе де, мемлекет дер уақытында оның алдын алып, оларды елден шығарып жіберді. Бүгінгі таңда Аллаға шүкір деп айтамыз, ондай көзқарастан адамыз деп айта аламын.
– Ат төбеліндей ғана мұсылмандардың діни тұрғыда бүтін буддистердің ортасында өмір сүруінде қандай келеңсіздіктер бар? Мәселен, күнделікті ішіп-жейтін тамақтың адал болуына қаншалықты мән бересіздер?
–Әрине, қазақтар тұратын Баян-Өлгейде астың адалдығы жағынан ешқандай мәселе жоқ. Алайда, ел Астанасы Улан-Баторда және өзге аймақтарда буддистер тұратындықтан, оларда халал, харам түсінігі жоқ. Өздерінің дәстүрі бойынша малды кеудесінен бауыздайды. Қанын ішінде қалдырып, жүрегін немесе жұлынын үзіп сояды.
Аллаға шүкір, 2014 жылы Моңғолияның халал стандартына халал атауын кіргізіп, түсініктеме бердік. Соңғы жылдары бұл мәселе жиі көтеріліп, елде «халал асханалар» пайда болды. Алғашында түрік ағайындар тамақтану орындарын аша бастаса, қазір Улан-Баторда қазақтар ашқан онға жуық асхана тәп-тәуір жұмыс істеп тұр. Халал ет дайындайтын орындар, халал балабақшалар ашылды. Мұның бәрі азаматтарымыздың мұсылман мемлекеттерінен білім алып келгенінің арқасы деп білеміз.
Моңғол халқының да халал ұғымы жөнінде түсінігі дұрысталып келеді. 2018 жылғы санақ бойынша елде 70 миллион төрт-түлік мал болса, оларды экспорттауда, әсіресе, мұсылман, араб мемлекеттері, тіпті, іргедегі Қытайдың өзі халал ет алсақ деп талап қойғандықтан, Моңғолияда бұл жағынан жақсы түсінік қалыптасып жатыр дей аламыз.
– ҚМДБ-мен байланыстарыңыздың жақсы екенін білеміз. Бірігіп жүзеге асырған, ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстарыңыздан аз ғана мысал келтіре кетсеңіз…
–ҚМДБ-мен байланысымыз ең алғаш Әбсаттар қажы Дербісәлінің кезінде басталған болатын. 2008 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Моңғолияға ресми іс-сапармен келгенде діни басшы ретінде өзім жолығып, пікірімді айттым. Қазақ халқымен, мұсылман әлемімен ара-қатынасымыздың жақсы екенін, тек қара шаңырақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен ресми тұрғыда байланыс жасағымыз келетінін айтқан едім. Содан Елбасы Қазақстанға оралғаннан кейін бірден тапсырма беріп, кейін ҚМДБ арнайы шақырып, меморандумға қол қойдық.
Осылайша, күні бүгінге дейін ҚМДБ-мен тығыз байланыстамыз. Әбсаттар қажының тұсында басталған байланысымыз, Ержан Малғажыұлы мүфти болған кезде де, қазіргі таңда Серікбай Ораздың тұсында да байланысымыз күшеймесе, әлсіреген емес. Баян-Өлгей тұрғындары «Асыл-арна» теларнасын көреді. Әсіресе, білім саласында ҚМДБ-ның көмегі көп тиіп жатыр. Имамдарымыздың, шәкірттердің білімін, біліктілігін жетілдіруде медреселер, Нұр-Мүбарак университетінің дайындық курстарының пайдасы зор.
Мұның сыртында имамдардың біркелкі шапаны, сәлдесін сыйға тартты. Кітап-құралдарымен көмектесті. Бұдан бөлек, Қазақстанда өтіп жатқан қандай да бір жиынның ешқайсысынан тыс қалдырмайды. Соларға қатысып, көрген-түйгенімізбен, тәжірибемізбен кейін елге келіп бөлісеміз.
Баян-өлгей мен Өскемен өңірі арасында байланыс орнағанын да ерекше айтқым келеді.
Ең бастысы, ҚМДБ-мен байланыс жастарымыздың алыс шетелдерге шығып, қысқа мерзімге ғана барып келмей, Қазақстанда өзіміз білетін тілде, өзіміздің таным-түсінікте білім алуына мүмкіндік берді.
– Діни оқулыққа қатысты қандай өзекті мәселелер бар?
–Діни оқу-құралдар бізде моңғол не қазақ тілінде болуы керек. Соңғы жылдары Түркияның Дін істері басқармасы Моңғолиядағы елшіліктің жанынан орталық ашып, кітаптарын қазақ және моңғол тіліне аударып шығарып жатыр. Ал Қазақстаннан діни оқу-құралдар әкелінбейді. Өйткені, шекарадан Ресей немесе Қытай арқылы өтетіндіктен, бұл екі мемлекет те діни кітаптардың тасымалдануына тыйым салған. Сондықтан әзірге «барға – қанағат» деп отырған жайымыз бар.
–Сұхбат бергеніңізге көп рақмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан – Ермұрат НАЗАРҰЛЫ
Суреттер muftyat.kz, wikipedia.org және islam.kz сайттарынан алынды