Ал, адасушылық – жаһилиет дәуіріндегі қараңғылықтың қойнауына жетелейтін теріс құбылыс. Нағында, қараңғылыққа бір бой алдырсаң, оның табы ар-иманыңа дақ түсіріп, ғұмыр бойы тағдырыңа кері әсер етеді. Яғни, сынақ алаңда саяқ кетіп, тағдырдан таяқ жеп қалмау үшін дініміз бекіткен қасиетті қағидаларға берік болуымыз шарт.
Нағында, жаһилиет кезеңінде анархия үстемдік құрып, әрбір адам өз-өзіне әмірші еді. Бассыздықтың белең алғаны соншалықты сол кездегі адамдар басшыға бағынып, тәртіпке мойынсұну мәдениетінен мүлде мақұрым болатын. Осындай надандық мүңкіген стереотиптерден бас тарту хақында Хақ Елшісі (с.а.у): «Кімде-кім мемлекет басшысына себепсізден себепсіз мойынсұнбаса, қиямет күні Алланың құзырына (осы қылығы үшін) ешқандай дәлелі болмастан (пұшайман күйге түседі) барады. Мемлекет басшысына мойынсұнуға уәде бермеген адам жаһилиет дәуірінде өлгенмен тең саналады» (Муслим, Имара, 58) деп бұйырды. Алла Елшісі (с.а.у) бұл хадис-шарифінде қараңғылық кезеңдегі бассыздықты меңзеп, қауымын бұл індеттен арылуға үндеген. Яғни, әз Пайғамбарымыздың сүннетіне жүгінсек, әрбір мұсылман баласы мүлтіксіз мемлекет басшысына бағынуға тиісті. Себепсізден себепсіз бағынудан бас тартса, онда жаһилиет дәуірінде жан тапсырғанмен тең болады.
Шариғатымыз бойынша мемлекет басшысы қоғамды әділ басқарған жағдайда, шыққан тегі, ұлты, нәсіліна қарамастан халық оның жүргізген саясатына қолдау білдіруі керек. Бұл турасында Хақ Елшісі (с.а.у): «Сіздерге басшы болып тағайындалған адам мейіздей қап-қара құл болса да оған мойынсұныңыз»(Бұхари, аһқам: 4) деп бұйырады. Яғни, мемлекет басшысының ата-тегінен кінәрат іздеп, жеке басын кемсітетін қателіктер таңып, оған қарсы тұру шариғатымызға қайшы келеді.
Өткен ғасыр қойнауларына үңілсек, небір қан-құйлы залым патшалардың салтанат құрғанын көре аламыз. Алайда, тарих әлдеқашан оларға өз бағасын беріп қойған. Ал, шариғатымыз бойынша зұлымдық көрсетпеген басшыға халықтың мойынсұнуы илаһи міндет саналады. Бұл хақында Алла Елшісі (с.а.у) өз хадис-шарифінде: «Күнә жасауды бұйырмаса, мемлекет басшысын жақсы көрсін, жақсы көрмесін, әрбір мұсылман оған мойынсұнуы шарт» (Бұхари, Азан: 54) деп бұйырады. Шынтуайтында, әрбір сұңғыла басшы қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпсіздікті мүлтіксіз сақтаумен, әділеттілікті қамтамасыз етумен мемлекеттік билікті нығайта алады. Ал, саналы мемлекет басшысының өз халқын қылмыс жасауға итермелемейтіні бесенеден белгілі. Олай болса, басшыға һәм мемлеккеттік құрылымға мойынсұну ыждаһатпен орындайтын діни уәзипаларымыздың бірі десек еш қателеспейміз.
Хақ дін – халықтың ұйысып, ынтымақ пен бірлікте ғұмыр кешуге шақырады. Жалпы, Исламның барлық ұстын-қағидалары ынтымақты қамтамасыз етуге құрылған. Бұл хақында Парасат падишасы (с.а.у): «Кімде-кім жаһаннамнан құтылып, жұмаққа кіргісі келсе, Алла мен ақыретке иман келтіріп өлуі шарт. Өзіне не тілесе өзгелерге де сол жақсылықты тілеуі керек. Кімде-кім мемлекет басшысына бағынуға уәде етсе, шамасы келгенінше оған мойынсұнуы тиіс. Егер, бір адам басшылықты өз қолына алуға ұмтылса, оның дереу мойынынан ұрыңыз (үзіңіз)» ( Насайи, Бият 25) деп бұйырады. Яғни, Ислам анархия мен бұлғаққа ада-күде қарсы. Бүлінуге бөгеу, сетінеуге тосқауыл болуды міндеттейді.
Қоғамдық тыныштық пен татулықты қамтамасыз ететін институт ол – мемлекет. Мемлекеттік құрылым және сол саяси жүйенің заңдарына һәм басшыға бағыну арқылы қоғам баянды бақытқа қол жеткізе алады. Осы себепті де Ислам шариғаты бойынша мемлекет басшысына мойынсұну діндарлықтың басты ұстындарының бірі болып есептеледі. Бұл туралы Алла Елшісі (с.а.у): «Маған мойынсұнған Аллаға мойынсұнған, маған қарсы келген Аллаға қарсы келген саналады. Мемлекет басшысына мойынсұнушы маған мойынсұнушы, мемлекет басшысына қарсы келуші маған қарсы шығушы»(Ибн Мажа, Мукаддима, 1) деп бұйырған.
Түйін. Басшыға мойынсұнудың илаһи сыры бар екенін мұсылман ғұламалары бірауыздан мойындаған. Мысалы, тұтас түркіге пірі болған Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыз кемелдікке иек артудың төрт шартын көрсеткен. Олар – макан (орын), заман (уақыт), ихуан (бауырмашылдық) және рабби султан (мемлекет басшысына мойынсұну). Яғни, өзара ымыраға келіп (ихуан), бір кеңістікте (макан), бір уақытта (заман) ғұмыр кешкен мұсылмандар мемлекет басшысына қалтықсыз мойынсұнса (рабби султан), дүниеуи һәм рухани баянды бақытқа қол жеткізе алмақ.
Мұхан ИСАХАН