Сұрақ: Басқа қайғы-қасірет келсе, не қылмақ керек?
Жауап: Умму Сәләманың риуаятына сәйкес, Алланың Елшісі (с.а.с.) былай деп айтқан: «Егер сендерге қандай да бір қайғы-қасірет келсе: «Біз Аллаға тиесіліміз және Оған қайта ораламыз. Ей, Алла! Басыма түскен қайғы-қасіреттің сауабын Сенен күтемін. Маған сый нәсіп ет және бұл қасіретті қайырлы нәрсемен алмастырғайсың!» – деп айтсын» (Әбу Дәуіт, Мүслим).
Басына қайғы-қасірет келген адам бұл дүниенің уақытша сынақ мекені екенін есінен әсте шығармай пайғамбардың (с.а.с.) үйреткен осы сөздерін жиі айтқаны жөн. Бұл дұға адамға жақсылық үмітін беріп, оны сабырға шақырады. Өйткені қайғыға басымен берілген адам ертеңгі күнінен түңіліп, қасындағыларға қатты сөздер айтып қоюы да мүмкін.
Бір күні Алланың Елшісі (с.а.с.) қасындағы сахабаларымен мазар басынан өтеді. Ол жерде қайтыс болған баласын жоқтап қатты жылап отырған әйелді көреді. Баласы үшін жүрегі қан жылаған әйелдің бұл халін көрген Пайғамбар оның қасына келіп: «Алла үшін сабыр ет!» – деп жұбату сөзін айтады.
Қайғырып отырған әйел қасына келіп тұрған пайғамбардың (с.а.с.) өзі екенін байқамай: «Менің басыма келген қайғыны сен көрмедің. Ауызбен ақыл айту оңай. Мені жайыма қалдыр!» – деп жекіп тастайды.
Біраздан соң жанындағылардың бірі әлгі сабырға шақырған адам пайғамбар екендігін айтады. Қаралы ана пайғамбарға қатты сөйлеп тастағаны үшін кешірім сұрауға барады. Айтқан сөздеріне өкінген әйел: «Айып етпе, сенің пайғамбар екеніңді білмедім», – деп кешірім сұрайды. Сонда пайғамбар оған былай деп айтады: «Шынайы сабыр – алғаш соққы тиген уақытта көрсеткен сабыр» (Бұһари, Мүслим).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ