Тәуелсіздік күні қарсаңында ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешіт имамы Қанат Қыдырмин Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының әскери бөлімінде болып, еліміздің тыныштығын, егемендігін қорғаушы сарбаздармен кездесу өткізді.
Ұлттық ұланның 700-ден астам жас сарбазы қатысқан кездесу барысында Қанат Қоянбекұлы «Отанды қорғау – ердің ісі!» тақырыбында насихат айтты. Насихат арқауы Құран аяттарын, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған жеріне деген махаббаты туралы, ұлтын, қауымын жақсы көруге қатысты айтқан хадистерін, дұғаларын қамтып, отанның, тәуелсіздіктің қадірі, ерлердің ісі туралы қазақ халқының Махамбет, Мағжан, Мұқағали сынды асылдарының қайратты өлеңдері тілге тиек етілді.