Ержан қажы Малғажыұлы,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
ИСЛАМ – БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ ДІНІ
Құрметті Бағлан Асаубайұлы!
Қадірменді Форумға қатысушы қонақтар!
Құрметті имамдар!
Тәуелсіз елімізде тұңғыш рет өтіп жатқан республикалық Бірінші имамдар форумына қош келіпсіздер. Тарихи шарамызға шақыртуымызды қабыл алып, бүгінгі алқалы жиынға қатысып отырған баршаларыңызға шынайы алғысымды білдіремін.
Шетелден келген қонақтар – Қазақстанға қош келіпсіздер!
Христиан дін өкілдеріне де құрмет пен алғысымды білдіремін!
Бүгін баршамызды исламның бірлік пен татулықтың діні екенін жаһанға жар салуға, дін бетпердесімен бүркенген радикализм мен экстремизмнің көріністерін айыптап, бейбіт тұрғынның берекетін қашырған оқиғалардан сабақ алсақ, елдің тұтастығын сақтап, халқымыздың имандылығы мен бірлігін бекемдей түссек деген ізгі ниет осы «имамдар форумында» топтастырып отыр.
Еңселі Елордамыздағы келелі кездесуде Сіздердің тараптарыңыздан айтылар парасатты ойлар мен мазмұнды баяндамалар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмыстарына серпін беріп, діни татулық пен тұрақтылығымыздың орныға түсуіне септігін тигізеді деген сенімдемін.
Егемен еліміздің татулықты ту еткен тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем дін қайраткерлерінің басын қосып, асқақ Астанамызды бейбітшілік пен бірліктің символына айналдырды. Бүгінгі басқосу осынау әлемдік алқалы жиынның Діни басқарма деңгейіндегі жалғасы деп есептеймін.
Діни басқарма тәуелсіздік алған жылдардан бері өзінің 25 жылдық тарихында діни салада ауқымды іс-шаралар атқарды, берекелі бастамаларға ұйытқы болды. Еліміздегі бүкіл 2,5 мың мешіттердің басын қосып, халқымыздың бірлігін ұйыстыратын, дәстүрлі рухани орталыққа айналды.
Толыққанды кәсіби имамдардың корпусы калыптасты. Алғашқы уақытта имамдарымыз мешіттегі 5 уақыт намазды жүргізумен шектелетін болса, қазіргі уақытта халық арасындағы сұранысқа жауап бере алатын, қоғамдық мәселеге белсене араласатын тұлғаға айналды.
Қазір заман өзгерді, уақыт талабы тым басқа. Ақпараттар ағыны мен технологияның дамыған дәуірі, адамзат санасының күн санап өзгеруі, бізге, Діни басқарма қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктеп отыр.
Қазіргі уақытта әлемдік қауымдастық бүгінгі кезеңнің жаһандық тегеуріндері, оның ішінде экономикалық дағдарыс, саяси, ұлтаралық, дінаралық және конфессияаралық шиеленістер, аштық, эпидемия және т.б. жиі ұшырауда.
Әсіресе адамзат жаңа ғасырда бұрын-соңды болмаған діни алауыздықтар, дау-жанжалдар, ұлтаралық қақтығыстармен бетпе-бет келді. Дінді саясиландыру арқылы жастар санасын теріс арнаға бұру үрдісінің куәгері болдық. Дінді өз саяси мақсаттарына икемдеп түсіндіріп түрлі топтар әлемнің әрбір жерінен көріне бастады. Радикалды топтар тек дәстүрлі діни түсініктерді жоққа шығарумен шектелмей, мемлекетке қарсы шығып, ашық түрде террорға көшті.
Елімізде де мұндай радикалды діндарлардың әрекеттері көрініс бере бастады. Мұны мойындауға мәжбүрміз.
Жер бетінде Ислам халифатын орнатамыз деген ұранды таратушылар Ирак және Шам елдерінде адасқан арманның, құр қиялдың жетегінде жүріп, діни дүрдараздық пен бүлік тудыруда. Дінді біліммен емес, жалған сезіммен түсінген жастар олардың қатарына қосылды. Ислам атын жамылған бүлікшілердің бұл әрекеті, сөз жоқ, дәстүрлі дінімізге деген анық қарсы әрекет, мұсылмандық былай тұрсын, адамшылыққа да жат амал.
Қадірлі имамдар!
Әлемдегі осындай күрделі діни ахуалға діндар қауымы да алаңдайды. Өйткені, бұл жағдай біздің саламызда да байқалуда. Мәселені айналып өту – шешім яки нәтиже емес. Діни басқарма жауапты кезеңде бірнеше ауқымды шараларды жүзеге асырды. Солардың бірқатарына тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2014 жылғы қазан айында Астана қаласына қоныс аударды.
Бұл жайт ҚМДБ-ның орталықтандырылған ұйымдастырушылық – басқару әлеуетін күшейтуге және мемлекеттік орталық органдармен қарым қатынасын арттыруға жағдай жасайды.
Осы ретте өткен жылдың қаңтарында біз дін саласындағы уәкілетті орган мен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, соның негізінде белсенді түрде қарым-қатынастамыз.
Біз 2014 жылы бағдарымызды айқындайтын, мемлекет тұтастығын сақтауға сеп болатын Діни басқарманың 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасын қабылдадық. Діни қызметтің сапасын арттыруға арналған 4 бағытты бекіттік. Олар – көркем уағыз, жат ағымның жетегіне кеткен жастармен жұмыс, қайырымдылық іс-шаралар және халықты діни сауаттандыру.
ҚМДБ жанынан діни білімі терең, тәжірибесі мол білікті дін ғалымдарының басын біріктірген ақпараттық насихат топтары құрылды.
Олар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жұмыла жасалған жұмыс нәтижесіз емес, әрине. Жат ағымдағы жастарымыздың беті бері қарап, қатарымызға қосылды.
ҚМДБ-ның кадрлық әлеуетін күшейту қолға алынды.
Қазіргі уақытта ҚМДБ құрылымындағы қызмет атқаратын 4 мыңға жуық діни мамандардың діни білімін тереңдету жұмысы қолға алынды.
Елбасының қамқорлығымен Алматы қаласында елімізде тұңғыш рет ашылған имамдар даярлайтын «Нұр Мүбәрак» университетінің жұмысы жандандыруда. Имамдардың білімін жетілдіру республикалық Ислам институты жұмыс істейді.
Осыған дейін республика аумағында салынған 9 медресе өз жұмысын белсендіре үстінде.
Имамдардың атқарып жатқан қызметіне лайықтығын анықтау ретінде мешіт имамдарын аттестациялау жұмыстарын өткіздік.
Өткен жылы ҚМДБ жанындағы Ғұламалар Кеңесінің жаңа құрамы жасақталып, жиһад ұғымы жайлы, теріс ағымдар ақиқаты туралы пәтуалар шығарды.
Мүфтиятта жаңадан ашылған «Халал өнімдерді стандарттау», «Жастар ісі», «Баспасөз» бөлімдері қызметіне кірісті. Республика деңгейінде дін мен дәстүр сабақтастығы кеңінен насихатталды. Бұл өміршең бастама қысқа мерзім аралығында халық пен діндарлар арасында алтын көпірге айналды деуге болады.
Осында отырған ел ағалары, зиялы қауым өкілдері бастамаға өздерінің қолдауын білдіріп, үгіт-насихат жұмыстарына белсене араласты. Сәулелі сәтті пайдаланып, айрықша алғысымды білдіргім келеді. Алла разы болсын деймін.
Біз 2014 жылын «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялап, абыроймен атқарып шықтық.
Дәстүрімізді жаңғырту жолында бірқатар мәселелерге баса назар аудардық. Діни басқармасы осы бағытта жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі тәлім-тәрбиені қалыптастыруға ерекше мән берді.
Жамағатқа дәстүрлі Ханафи мазхабы имам Матуруди сенімі негізінде әдет-ғұрыптың орны мен рөлін түсіндіріліп, салт-дәстүрді құрметтеу, қастерлеу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің мән-мағынасы жеткізілді.
Дәстүрлі мазхабымызды кеңінен тарату мақсатында 2015 жылды «Абу Ханифа жылы»-деп жариялап, бірқатар іс-шаралар жоспарлап отырмыз. Осының шеңберінде «Нұр Мүбәрак» университетінің жанынан «Абу Ханифа ғылыми-зертеу орталығы» ашылып, жұмысты бастап кетті.
Алғашқы ізденістің жемісі болған «Дін мен дәстүр» кітабының бірінші бөлімі шығарылды.
Діни бірлестігіміз қоғамның әлеуметтік осал топтарының жағдайына үнемі көңіл бөліп отырады.
Әр түрлі жағдайларымен көмек сұрап келген мұқтаж кісілерге ақшалай да, заттай да, жылы сөзбен де қайырымдылық көмек көрсеттіп тұрамыз. Бір ғана Қасиетті Рамазан айында 17 мыңнан астам тұрмысы төмен отбасына қайырымдылық көмек көрсетілді. «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында 7 мыңға жуық отбасынан шыққан балаларға мектепке керек-жарақтары сатып әперілді.
Жастар ұйымдарымен бірлесе өткілетін спорттық және «Біз таза қаланы қолдаймыз» атты сенбілік акциялар сияқты шаралар тәрбиелік және қайрымдылық маңызы зор.
«Ақ түйенің қарны жарылған» осынау тарихи күнде жеткен жетістіктеріміз бен алда күтіп тұрған міндеттерімізді таразыға салып, бағытымызды айқындау үшін бас қосып отырмыз. Бүгін бәрімізді алаңдататын мәселе – ол болашақ ұрпақтарымызға исламды қандай деңгейде мұра етіп қалдырамыз деген уайым.
Жұмылып жасаған жұмысымыз нәтижесі болса ғана ел көңілінде қалары анық. Ол үшін әрбір дін қызметкері өзінің атқаратын қызметінің жауапкершілігін терең сезінуі керек. Ауыл имамы – өз ауылының, аудан имамы – өз ауданының, облыс имамы – өз облысының діни тыныс-тіршілігіне тікелей жауапты.
Мұндай игі қызметтер өскелең ұрпақ үшін, діндарлар үшін үлкен үлгі, ғибрат болып қала бермек.
Құрметті форумға қатысушылар!
ҚМДБ өз қызметін дамыту тұрғысынан Стратегиялық және қоғамдық маңызы бар құжаттар дайындады.
Атап айтқанда ҚМДБ-ның 2020 жылға дейінгі қызметін даму тұжырымдамасы әзірленіп, қабылданды. Бұдан бөлек, еліміз мұсылмандарын біріктіруші негізгі идеялық мақсаттарды белгілейтін Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы дайындалды.
Осы тұғырнама еліміздегі мұсылман үмбетінің түрлі діни пікіралуандығына байланысты бөлінуіне жол бермеуді мақсат етеді.
Тұғырнама мұсылман қауымының Құран Кәрім мен хазіреті Мұхаммед пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткен дұрыс жолдан таймауына, мәзһаб пен сенімге (ақидаға) байланысты жік-жікке бөлінбеуіне, Ислам дінінің бейбітшілік пен бірлікке шақырған тура жолымен жүруіне ықпалы етеді деп сенеміз.
Аталған құжат Діни басқарманың қызметін келешекте жаңа сатыға көтеретін бағдарламалық құжаты болады деп күтілуде.
Бүгінгі басқосуымыздың тағы бір маңызды тұсы – «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» тәлімдік құжатымызды қабылдау. Дұрыс сенімде болу, білім алу, Отанды сүю, дінаралық татулықты нығайту, басшыны құрметтеу, еңбекқор болу, көркем мінез қалыптастыру, ысырапқа жол бермеу сынды асыл қасиеттер – мұсылманға тән сипаттар.
Алла Елшісінен: «Жақсы адам кім?» деп сұрағанда, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Қоғамға пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен. Мұсылманның шынайы келбетін бейнелейтін құжатымыз осыны мақсат тұтады.
Жуырда Ұлт көшбасшысы халқымызды ысырапқа жол бермеуге, үнемшілдікке, қолда барға қанағат етуге шақырып, мұсылмандықтың үлгісін көрсетті. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін», – деп, адамзат баласын қанағатшыл болуға үндеген.
Біз барға – қанағат, жоққа – шүкір еткен халықпыз. Иманым – жиғаным деп білген бабаларымыз байлықтың өлшемін қанағат деп білген. Ал мұсылман дегініміз – ысырап та жасамайтын, сараңдық та танытпай, орта жолды ұстанатын пенде.
Қазіргі заман талабына сай, білімі мен білігі толысқан жан-жақты қабілетке ие діни мамандар санын арттыру – менің жіті назарымда.
Сондықтан бабаларымыздың бәтуалы сөзімен үндесетін қолымыздағы «Имамның тұлғалық келбеті» тәлімдік құжатымыз қазіргі таңдағы қоғамда сұранысы мол, жалпы жұртымыздың бүгінгі тіршілігінде маңызды рөл атқарады деген үміттеміз.
Одан бөлек «Дін қызметкерінің этикасын» әзірлеп, осы форумда қабылдауымыздың мәні ерекше. ХХІ ғасыр имамын тек мешітке қатысты құлшылық-амалдармен елестету өткен күннің еншісінде қалды деуге болады.
Бүгінгі имам, бәлкім біз күткен дәрежеден де биік тұруы тиіс. Әрбір имам қарапайым адамнан бастап, қоғамның түрлі саладағы тұлғаларымен тең дәрежеде сұхбаттасын рухани көшбасшыға айналуы керек. «Дін қызметкерінің этикасы» деп аталатын құжатымыз осынау талаптарды ескереді.
Имам дегеніміз – ол ұстаз, тәрбиеші, психолог, сөз шебері, бірлік пен береке ұйытқысы, бір сөзбен айтқанда, діннің айнасы дер едім. Діндарға қарап, дінді танимыз. Бұл құжаттың көтерер жүгі осындай.
Діни қызмет – мәртебелі міндет және имам-молдалардан жоғары адамгершілік құндылықтар талап етеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз үмбетін: «Алла Тағала кімге жақсылықты қаласа, соған дінді үйретеді», – деп сүйіншілеген.
Барлықтарыңызға мәлім Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былтырғы жылдың 11 қарашасында «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Бұл Жолдаудың әр қазақстандық үшін маңыздылығы зор, себебі ол еліміздің ары қарай прогрессивті түрде дамуы бағдары болып табылады, елдің экономикасын ары қарай дамытуға және барлық Қазақстан халқының жағдайын жақсартуға бағытталған стратегиялық құжат.
Біздің азаматтарымыздың жағдайын арттыруға бізде атсалысу керекпіз. Біздің негізгі құралымыз – діни, рухани сөз болғандықтан, біз еліміздің дамуын халқымыздың рухани тірегін қатайтуымен қамтамасыз ету керекпіз. Қоғамның рухани салаласын тиісті деңгейде дамытпай елдің экономикалық жағынан гүлденуі мүмкін емес болар.
Барлық орта-азиялық кеңістікте ғибадат үйлерінің саны бойынша ең көп сандық көрсеткіш біздің елдің еншісінде. Сондай-ақ, бізде мешіттер мен христиандық шіркеулері, басқа діндердің ғибадатханалары тең жағдайда қызмет етуде. Елімізде мұсылмандармен бірге православие, католицизм және басқа конфессиялардың өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге барлық мүмкіншіліктер қамтылған.
Осыны ескере тұра дінаралық, конфессияаралық келісімімізді ары қарай дамытып, жалпы еліміздің дамуының пайдасына жеткізуіміз қажет.
Рухани және діни құндылықтар қоғамда толеранттылық пен түрлі конфессия өкілдерінің арасындағы өзара құрметті қамтамасыз ете отырып, еліміздің өркендеуіне және мемлекеттің дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік идеяны жамағат арасында насихаттау керекпіз.
Қымбатты бауырлар!
Биыл еліміздің рухани саласында мемлекеттік деңгейде айтулы игі іс-шаралар өтетіні баршаңызға белгілі.
Еліміз биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын, Конституциямыздың 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл секілді тарихи даталарды кеңінен атап өткелі отыр. Ол ұлттар мен ұлыстарды бірлікке ұйыстыратын, татулыққа үндейтін елеулі мерекелі шаралары.
Бейбіт заманды басты байлығы санаған халқымыз қашан да татулықты ту етіп келеді. Тарихтан белгілі, халықтың болашағын ойлаған дін қайракерлері де татулық пен бірлікті басты бағдар еткен. Халықтар бірлігі – бәрінен қымбат қазына деп санаған.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мұсылмандықтың іргетасын бірлікпен бекіткен. Алла Елшісінің тайпалар мен руларды бір мақсатқа біріктіруі – кез келген басшыға басқару ісінде үлкен бағдар болары хақ.
Діни татулық пен ынтымақты нығайтуда имамдардың қызметі де үлкен мәнге ие. Мешіт қызметкерлері халықты имандылыққа шақырып қана қоймай, ұлттарды бірлікке ұйытып отырады.
Халқымызда: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», – деген қанатты сөз бар. Алла Тағала адамзат баласын: «Бөлінбеңдер», – деп бауырмал болуға бұйырған.
2015 – әсіресе, діндар қауымы үшін маңызды оқиғалар жылы. Өйткені, биыл Елбасының тарихи бастамасымен Сарыарқа төсінде бой көтерген, рухани келісімнің ордасы – Астанамызда әлемдік дін көшбасшыларының дәстүрлі құрылтайы өтеді.
Әрбір парасатты пенде әлемдегі қаржылық дағдарыс пен адамдар арасындағы әділетсіздік, отбасылық күйреу, әлеуметтік келеңсіздіктер секілді мәселеден құтылудың бір ғана жолын түсінді. Ол – рухани құндылықтарды бірінші орынға шығару.
Бүгінде қоғам діннің адамгершілік құндылықтарына ауадай мұқтаж. Ал осындай рухани күйзеліс сәттерінде дін, зиялы қауым өкілдерінің белсенді жұмыстарына үміт артылады. Қамыққанға қамқор болу – ол да мұсылманшылықтың асыл парызы.
Ардақты ағайын!
Халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазіргі заман – өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы», – дейді. Ортақ Отанымыз – Қазақстан халқының бірлігі мен татулығы – болашақ заман үшін үлгі-өнеге, өсиет болып қала бермек. Бүгінгі берекелі басқосуымыз тарих беттерінде алтын әріптермен жазылары хақ.
Бүгін еліміздің түпкір-түпкірінен келген 500-ден астам имамдарымыз Елорданың төрінде бүгін қабылданған 4 тарихи құжатқа куә болдыңыздар. Діни басқарманың тарихында тасқа таңба басқандай болып қалатын осынау тарихи күн – XXI ғасырдың имамын, еліміздегі дін исламды жаңа белеске жетелейтін болады. Бүгін осыған қатысып отырған имамдарымыз елге осыны жеткізуді мойындарыңызға міндет деп қабылдаңыздар.
Алла Тағала халқымызға бақ-береке бергей. Тәуелсіздігімізді мәңгілік етіп, болашаққа басқан қадамымызды берекелі еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!
Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!