Сұрақ: Кейбір «ахилер» өздерімен пікірлес адамдармен ғана жақсы мәміле жасап, басқаларын адам құрлы көрмейді, сол дұрыс па?
Жауап: Адамның өзімен пікірлес бауырымен ғана жақсы мәміледе болып, қалған азаматтарды құрметтемеуі немесе оларға дөрекілік танытуы – исламға жат.
Пайғамбар (с.ғ.с.) өзінен көмек сұрап келген адамның барлығына жақсы мәміледе болған. Ол кісі олардың діни ұстанымына, нәсіліне, ұлты мен жынысына қарап ажыратпады. Адамдарға жақын жұмсақ және жеңіл болған. Шақырылған жерге баратын, қажеттілігімен келгеннің шаруасын бітіріп беретін, сұрап келгенге көмек беріп, мақұрым етпейтін, сұраушының қолын бос қайтармайтын.
Пайғамбардың мінезі жайында Айша анамыздан сұраған кезде: «Мінезі Құран еді»,– деп жауап берген. Расында Құран бұл туралы: «Шын мәнінде сен ұлы мінезге иесің»,– деген (Қалам: 4).
Ал енді пайғамбарға (с.ғ.с.) көп жылдар қызмет еткен Анас: «Алламен ант етемін! Мен оған тоғыз жыл қызмет еттім. Менің істеген ісіме «неге бұлай, неге олай істедің?» немесе істемеген нәрсеме «бұлай істемедің ба, олай етпедің ба?» дегенін білмеймін», – дейді» (Мүслім).
Бұл аят-хадистер мұсылман адамның мінезін және басқа адамдармен жасалуы тиіс мәмілені көрсетеді. Сондықтан да исламды дұрыс білген мұсылман басқалармен қарым-қатынаста олардың дініне, нәсіліне, тіліне қарап ажыратпай жақсы мәміледе болуы тиіс.
Әдетте басқаларға дөрекілік жасаушылар дұрыс діни білімі жоқ немесе жат діни ағым, секта өкілдері болып келеді. Олардың мұндай әрекеттері дұрыс емес, бұрыс жолда екенінің айғақтайды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ