Парсы-тәжік әдебиетінің классигі Сағди Ширази былай деген екен: «Бала кезімде зүһдке (Зүһд – Алланың разылығына жетелейтін амал. Себебі осы қасиет арқылы адам дүниеге деген махаббаттан арылып, жүрегінің төрін Алла мен Оның Елшісіне арнайды), риязатқа (риязат – салих пенделердің нәпсімен күресуі), түнгі құлшылықтарға құмар едім. Бір түні әкемнің қасында отыр едім. Түні бойы көзімді жұмбай, Құран Кәрімді қолымнан тастаған жоқ болатынмын. Айналамыздағы кейбір адамдар ұйықтап жатты. Ойыма бір ой келіп, әкеме:
– Мыналардың біреуі де бастарын көтеріп, екі рәкәғат тәһәжжуд (түнгі нәпіл намаз) намазын оқымайды екен. Барлығы өліп қалғандай ұйықтап жатыр, – дедім. Бұл сөзіме әкем қабағын шытып:
– Балам, Сағди! Басқаларды өсектегенше, шіркін, сен де олар секілді ұйықтасаң еді! (Өйткені сен қорлап, кемсіткендерің дәл осы уақыттағы иләһи рахметтен құр қалған болса да, оларға Кирамән Кәтібин періштелері жаман, күнә іс жазып жатқан жоқ. Ал сенің амал дәптеріңе дін бауырларыңды қорлап, кемсіткенің үшін ғайбат күнәсі жазылды) – деді.
Иә, шындығында рия, ғайбат, дін бауырын қорлап-кемсіту секілді жаман қылықтар адамның Алла алдында қабылданатын амалдарын жояды екен.
Салих кісілер біздерге кез-келген жақсы амал-әрекетіміздің Алланың құзырында қабыл болуы үшін өзгелердің ілтипаттары мен алғыстарына масайрап кетпеу керектігін, сондай-ақ амалдарымыздың бізді мақтаншақтық пен тәкәппарлыққа итеруіне жол бермеуіміз керек екендігін әрдайым ескертіп отырған.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ