Хақ тағаланың қарапайым адамдардың арасынан таңдаған елшілері ақиқатты адамдарға бірін қалдырмай толық жеткізді. Барлық елшілердің өздеріне жүктелген міндеттеріне қарай бәріне ортақ ерекшеліктер де бар. Құранның көптеген аяттарында бүкіл елшілердің мадақталғанын көреміз. Елшілер – Аллаһ тағаланың қорғауына алынған, ең көркем мінезге ие, таңдаулы және аманатқа қиянат жасамайтын опалы жандар.
Таңдалған елшілердің ешбірі пайғамбарлық келгенге дейінгі өмірлерінде ұрлық, жалған айту, алдау-арбау және пұттарға табыну сияқты жаман қылықтарға бір қадам да басқан емес.
Осы кіршіксіз, пәк мінез-құлыққа ие болған елшілердің ортақ ерекшеліктеріне мыналарды жатқызуға болады:
Сипаттары: Пайғамбарлардың Ұлы Жаратушы тарапынан таңдалуы
Бірде бір пайғамбар өз табандылығымен немесе ерекше пысықтығымен пайғамбарлық міндетін иеленбеген. Хақ тағаланың өзі пайғамбар етіп таңдаған адамын рухани болмысы мен дене бітімін, пайғамбарлыққа бейім етіп жаратты. Ол пайғамбар міндетін атқаратын адамды өзі таңдайды.[1]
Пайғамбарлардың турашыл (Сыддық) болуы
Туралық – барлық пайғамбарларға тән қасиеттердің бірі. Олар үнемі осы туралықтан ауытқымай өмір сүрген. Пайғамбарлардың ауызынан шыққан әрбір сөз – ақиқат. Жалған сөз сөйлемеген,[2] олар пайғамбарлығынан бұрын да, кейін де тек туралықты, шыншылдықты ту етіп ұстанды. Басқаша айтқанда, пайғамбарлар – адамдарға сенімділігімен сыйлы болған жандар. Ақиқат жолында адалдық сертінен айнымау, туралықтан таймау – нағыз турашылдықтың белгісі. Олардың бұлай болғандығына Құран да,[3] тарих та куә.
Құран пайғамбарлардың осы туралық қасиетін Ибраһим пайғамбарға байланысты келтіреді:
وَاذْكُرْ فِي الْكِتَابِ إِبْرَاهِيمَ إِنَّهُ كَانَ صِدِّيقاً نَّبِيّاً
«Кітаптағы Ибраһимді есіңе ал. Ол турашыл пайғамбар еді».[4] Оның сөзі де, өзі де және іс-әрекеті де турашыл еді. Сондай-ақ «Кітапта Исмайылды есіңе ал. Шынында, ол уәдесіне берік елші әрі нәби (пайғамбар) еді»[5], «Кітаптан Ыдрысты есіңе ал. Ол турашыл пайғамбар еді. Оны жоғары орынға көтердік»[6], «Ей, өзі мен сөзі турашыл Жүсіп!»,[7]– деген аяттардан басқа пайғамбарлардың да турашыл әрі сөздеріне берік жандар екенін көреміз.
Олай болса, пайғамбарлардың турашыл болуының маңызы зор. Жаппар иеміз тек пайғамбарлардың ғана емес, иманды жандардың бәрінің де турашыл болуын қалайды. Құранда: «Ей, иман еткендер! Аллаһтан қорқып, турашылдармен бірге болыңдар»[8], «Нағыз мұсылмандар – тек қана Аллаһ пен елшісіне иман етіп, ешқандай иман жайлы күдікке түспей, Аллаһ жолында малдарымен, жандарымен күрескендер. Міне, солар турашылдар»,[9]-дейді.
Турашыл пайғамбарлар мақтауға лайық. Құран:
مِنَ الْمُؤْمِنِينَ رِجَالٌ صَدَقُوا مَا عَاهَدُوا اللَّهَ عَلَيْهِ فَمِنْهُم مَّن قَضَى نَحْبَهُ وَمِنْهُم مَّن يَنتَظِرُ وَمَا بَدَّلُوا تَبْدِيلاً
«Мүміндердің ішінде, Аллаһқа берген уәделеріне берік болған ерлер бар: Олардан кейбіреуі жанын құрбан қылды. Кейбіреуі кезегін күтуде. Олар берген уәделерінен әсте таймады»,[10]– дейді.
Сол сияқты ардақты пайғамбарымыз да (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбар болмай тұрып-ақ туралықтың туын жықпаған. Пайғамбарымыздың өзі әрқашан тура өмір сүруімен қоса үмбетін де үнемі туралыққа насихаттаған. Бір хадисте пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Туралықтан айырылмаңдар. Туралық сендерді жақсылыққа, жақсылық жәннатқа апарады. Кісі тура болып, туралықты іздесе, Аллаһ әмірімен турашылдардың қатарына жазылады.Өтіріктенсақ болыңдар. Өтірік адамды күнәға, ал күнә жәһәннамға апарады. Кісі үнемі өтірік айтып, өтірікті іздесе, Аллаһ жарлығымен ол өтірікшілердің қатарына жазылады»,[11]– деп әмір еткен еді.
Бірде Абдуллаһ ибн Аби’л-Хамза былай дейді: «Мен берген сөзімді ұмытып кетіппін. Үш күннен соң барып есіме түсіп, айтқан жерге жүгіре жөнелдім. Барсам, Аллаһ елшісі сол жерде әлі күтіп тұр екен. Маған ашуланған да, ренжіген де жоқ. Тек: «Ей, жас жігіт! Мені әуреге салдың. Үш күннен бері сені осы жерде күтіп тұрмын»,[12]– деп мүміннің аты мен затына сай болуы керектігін ұқтырып еді. «Уәде – Құдай сөзі» демекші, пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қай іске болсын, асқан жауапкершілікпен қарап, үмбетіне өнеге бола білген.
Пайғамбарлардың сенімді (аманат) болуы
Аманат – сенімді деген мағынаны білдіреді. Демек, пайғамбарлардың бойындағы сенімділік сипаты да аманат деген ұғымды білдіреді. Пайғамбарлар сенімді жандар. Олар да қиянат жасауы мүмкін деп күмәндануға болмайды. Өйткені, аманат пен қиянат бір-біріне қайшы ұғымдар.
Құранда Нұх, Худ, Салих, Лұт, Шұғайып және Мұса пайғамбарды[13] өз қауымдары жалғанға шығарғанда, барлық пайғамбарлар өз еліне: «мен сенім білдіріп, жан атаулыға қылдай қиянат көрсетпеген аманатқа ие елшімін» деп өздерінің сенімді пайғамбар екенін баян еткен еді. Құранда осыған ұқсаған аяттар көптеп кездеседі.
Сенімділік сипатынсыз пайғамбарлық міндеті жүктелуі мүмкін емес. Өйткені, бұл сипат пайғамбарлықтың негізі. Ал сенімді болмаған пайғамбарға келген уахи да сенімсіз болады.[14]
Екі әлем Сардарының (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өміріне бір сәт көз жүгіртетін болсақ, мұсылмандар мен мүшріктердің арасында пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) 40 жасқа дейінгі өмірінде жалған сөйлемегендігіне куә боламыз. Тіпті мүшріктердің өзі де Оны «Сенімді Мұхаммед» (Мухаммадул Әмин) деген еді.
Меккедегі Қағба қайта жөндеуден өткен соң «қара тасты» қайтадан өз орнына қою абыройына ие болғысы келген меккеліктер арасында үлкен дау туындады. Тіпті, қылыштарын қынабынан шығып қалып еді. Соңында ортақ бір мәмілеге келіп: «Қағбаға алғаш келген адамның сөзіне тоқтайық» деп уағдаласты. Осы уақытта меккеліктердің мұндай келісімінен мүлдем хабарсыз пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Қағбаның табалдырығын аттап кіріп келе жатты. Оның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) нұрлы жүзін көрген меккеліктер қуаныштарын жасыра алмай: «Әмин», – келе жатыр деп, Оның төрелігіне риза екендіктерін білдірді.[15]
Өйткені, халық Оған (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) толық сенетін. Аллаһ елшісі бұл кезде пайғамбар емес, бірақ жұрттың сеніміне ие әрі шыншыл болатын. Оның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бойында пайғамбарға тән барлық сипаттар тұнып тұрған.
Пайғамбарлардың аманатқа қиянат жасамайтынын Құранның: «Бір пайғамбар үшін олжаға (аманатқа) қиянат ету мүмкін емес»[16], «Ол пайғамбарлар, Аллаһтың нұсқауларын қалтқысыз орындайды. (Міндеттерін орындау барысында) аса үлкен құрметпен тек Одан ғана қорқады. Аллаһтан басқа ешкімнен қорықпайды. Құлдарын есепке тарту мен амалдарын бағалауда Аллаһтың құдіреті толық жетеді»,[17]– деген аяттарынан көруге болады.
Пайғамбарлардың бойындағы бұл сенімділіктің жарқын үлгісін екі дүние Сардарының (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бойынан көруге болады. Ол (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзіне келген уахиды үтір нүктесіне дейін өзгертпей, бүкпесіз халыққа жеткізіп отырды. Бұл жайлы Құранда:
وَمَا يَنطِقُ عَنِ الْهَوَى إِنْ هُوَ إِلَّا وَحْيٌ يُوحَى
«Ол өз ойынан сөйлемейді. Сөйлегені – көкейіне салынған уахи ғана»,[18]– деп баяндалады. Егер де аманат сипаты пайғамбарларларға берілмегенде адамдар уахиға сенуден қалып, олардың қадірін мүлдем білмес еді.
Пайғамбарлардың зерек (фәтәнат) болуы
Фәтәнат – пайғамбарлардың ерекше зерек, парасатты болуы. Расында да, бұл ерекшелік бүкіл пайғамбардың бойынан табылды. Пайғамбарлардың өмірі осыны көрсетеді. Өйткені, Хақ тағала елшілерін ерекше пайымды еткен. Аллаһтың бүкіл елшілері Хақ тағаланың ақиқатын түсіндіру барысында өздеріне берілген асқан парасаттылығымен өзге адамдардан ерекшеленген. Егер пайғамбарлар асқан зерек болмағанда, ғұмырында көз аштырмаған көптеген қиындықтарға төзуі қиынға соғар еді.
Мәселен, Құрандағы Нұх пайғамбардың өз қауымына,[19] Ибраһимнің (ғ.с.) Нәмрутпен өз қауымына ұтқыр жауап қайтарып, ұшқыр шешім қабылдауы олардың табан астында тапқырлық танытатын зеректігін білдіреді.[20]
Сонымен қатар, Хақ тағала әр дәуір пайғамбарларына өзі өмір сүріп жатқан қоғам мен оның қажеттілігіне қарай білім бергенін, сол арқылы олардың зеректік танытып, тура шешім қабылдағанын көреміз. Бірде Сүлеймен пайғамбарға екі адам келіп еді. Оның біреуі қасындағы адамның бір отар қойы өзінің егістігіне түсіп кеткендігін айтып, шағымданады. Шағымданушының сөзіне мұқият ден қойған Сүлеймен (ғ.с.): Егіс даласы уақытша, яғни, бұрынғы қалпына келгенше отар қой иесінде қалсын. Ал малдың егіс алқабына түскен ақысына дихан отар қойдың жүнінен, сүтінен сонша уақыт пайдалансын, деп табан астында асқан зеректілігін танытып, өз шешімін айтады.[21] Осыған ұқсас т.б. оқиғалар пайғамбарлардың асқан зерек иесі екендіктерінің айқын үлгісі.
Пайғамбарлардың күнәдан пәк (исмәт) болуы
Араб тіліндегі «исмәт» сөзі «тыйым салу, қорғау, сақтау, сену және арылу»[22] деген мағыналарға саяды. Ислами түсінік тұрғысынан алғанда исмәт (күнәдан пәктік) пайғамбарлардың үлкенді кішілі, яғни, күнә атаулыдан (Аллаһ тағаланың шарапаты арқасында) қорғалған дегенді білдіреді.[23]
Пайғамбарлардың пайғамбарлық міндеті жүктелмес бұрын жіберіп алған кейбір ұсақ жаңсақтары болуы мүмкін. Мұны дінімізде, «зәллә» деп атайды.
«Зәлләт» деп аталатын осы болмашы ұсақ жаңсақтардың пайғамбарлардың дәрежелері мен жағдайларына қарай орын алады. Пайғамбарлардың осы ұсақ жаңсақтарын тырнақ астынан кір іздеген пасық жандар кешірілмес күнә етіп көрсетіп, мұратына жеткісі келеді. Алайда қарапайым адамдар мұны жаңсақ ұғып, қате жорып, ойымен де, әрекетімен де жамандыққа баруына сылтау етпеуі тиіс. Пайғамбарлар Аллаһ тағалаға өзгелерден әлдеқайда жақын болғандықтан, ізгі істерінің өзіне көңілі толмаса, өздерін жазғырып, өкініштен өзегі өртеніп, осының өзін қателік санаған.
Сондықтан да, олардың дәрежесіне қатысты осы ұсақ жаңсақтықтарды ақтауға келмейтін ағаттық деп қараудың өзі түзетілуі қиын үлкен қателікке жатады.
Құран кәрім Адам (ғ.с.) туралы:
فَأَكَلَا مِنْهَا فَبَدَتْ لَهُمَا سَوْآتُهُمَا وَطَفِقَا يَخْصِفَانِ عَلَيْهِمَا مِن وَرَقِ الْجَنَّةِ
وَعَصَى آدَمُ رَبَّهُ فَغَوَى ثُمَّ اجْتَبَاهُ رَبُّهُ فَتَابَ عَلَيْهِ وَهَدَى
«Адам Раббысына қарсы келіп, жолынан адасты. Сосын Раббысы оны таңдап тәубесін қабыл етті де, оған тура жолды көрсетті»,[24] – дейді.
Адам (ғ.с.) өзін сүрінбей жатып, сүрінуден қорғап қалған Раббысына бет бұрып:
قَالاَ رَبَّنَا ظَلَمْنَا أَنفُسَنَا وَإِن لَّمْ تَغْفِرْ لَنَا وَتَرْحَمْنَا لَنَكُونَنَّ مِنَ الْخَاسِرِينَ
«Раббымыз, екеуміз де нәпсімізге зұлымдық жасадық. Егер Сен бізге кешірім етіп, рақым қылмасаң, біз қасіретке ұшырағандардан боламыз»,[25] – деді.
Бұл – «зәллә», яғни, ұсақ жаңсақтық еді. Аллаһ тағала: «Расында, бұрын Адамға да уахимен әмір берген едік (бір ағашқа жақындауына тыйым салған едік). Алайда ол ұмытты. Сол сәтте оның барынша сабырлы көре алмадық»[26], «Ей Адам! қалағандарыңша бәрінен жеңдер, бірақ мына ағашқа жақындамаңдар. Егер жақындасаңдар, залымдар мен шектен шыққандардан және нығметтерімнен мақұрым қалғандардан боласыңдар» деген едім»,[27] – дейді.
Ұмыту – пенделіктің белгісі. Аллаһ тағала «ұмытты» дегеннен соң Адам (ғ.с.) туралы жаман ойлауымызға жол бермей, артынша оның тәубеге келгендігі айтылады.
Аятта Адам (ғ.с.) мен Хауа анамызға кейбір жеміске жақындамау Оларға осы әмір берілген соң нақты қанша уақыт өткені бір Аллаһтан өзге ешкімге белгісіз. Ең анығы, Адам (ғ.с.) осы бұйрықты алған соң, арада көп уақыт өткен. Жеміске қол созу тыйымы ұмытылған соң орын алған.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Мына үш нәрсеге қалам жазылмайды: ұмыту, қателік және зорлықпен істелген іс»,[28] – деген. Яғни, адам ұмытып кетіп, қандай да бір қатеге қадам басса, оның сөкеттігі жоқ. Ендеше, Адамды (ғ.с.) күнә жасады деп жазғыру дұрыс емес.
Пайғамбарлар «исмәт» – бейкүнә болып жаратылған. Олардың көзге ілуге, көңіл аударуға тұрмайтын жаңсақ әрекеттері біз ойлағандай күнә болып табылмайды.
Адам баласына жол көрсету міндеті жүктелген пайғамбарлар өздеріне артылған сенімді ақтамайтын күнә және жаңылыс әрекеттерден аулақ. Олар өзгелерді күнәдан құтқару үшін келген. Олар ұдайы Аллаһтың елден ерек қорғауында болғандықтан, өмірлерінде ине жасуындай да күнә жасамаған. Аллаһ тағала Құранда: «…(Уа, Мұса!) көз алдымызда тәрбиеленуің үшін адамдардың жүрегіне махаббат сыйладым»,[29]– дейді. Яғни, Хақ тағала хазірет Мұсаны Перғауынның сарайында тәрбиелеуінде біздің өреміз жете бермейтін үлкен мән жатса керек. Оның ойы, бойы тұрмыс тауқыметіндегі нашар әрекеттермен, жаман қылықтармен былғанбасын деп Аллаһ тағала осылай қорғауына қамқорына алған. Мұнан өзге біз білмейтін басқа да сырларыбар екендігі анық. Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) екі мәрте той-думанға бармақ болғанда, көзіне ұйқы үйіріліп, негізінде ешбір тәлімі жоқ осынау дүние қызығынан қорғалғаны айтылады.[30] Демек, сақтаушы Хақ тағала бүкіл пайғамбарларды күллі жамандықтан сақтап қорғаған.
Құранда «Улул-әзъм» ұғымы
Араб тіліндегі «Улу» сөзі «ие» деген мағынаны берсе, «Әъзм» – «табандылық, қайсарлық, қандай да бір іске бел буып, нық сеніммен кірісу» дегенді білдіреді. Сонда, «Улул-әъзм» деп Аллаһ тағаланың әмірлері мен тыйымдарын ең көркем бейнеде іске асыруда табандылық әрі сенімділік танытқан пайғамбарларға айтылады.[31] «Әъзм» сөзі Құранда «сабыр» мағынасында да қолданылады.[32]
Құранда:
فَاصْبِرْ كَمَا صَبَرَ أُوْلُوا الْعَزْمِ مِنَ الرُّسُلِ
«Олай болса, (Уа, Расулым) сенімділік танытқан елшілер қалай сабыр еткен болса, сенде солай сабыр ет…»,[33]– дейді. Бұл аяттағы «әъзм» сөзінің мағынасы «табандылық және төзімділікпен ізгі амалын жалғастыру» деген сөз.[34] Яғни, пайғамбарға «Аллаһтың уахиын жеткізу барысында табандылықпен сабыр танытқан және Аллаһ тағаланың әмірі мен тыйымдарын ең көркем орындаудың үдесінен шыққан пайғамбарлар сияқты төзімді бол» делінген. Демек ұлық пайғамбарлар ақиқатты жаю жолында қаншама қиыншылықтарға төтеп, сабыр етті, сондықтан олар улул әъзм пайғамбарлары делінген.[35]
Улул-әъзм пайғамбарлардың кімдер екендігі туралы түрлі көзқарастар да жоқ емес. Сонымен қатар, Құранда: «Есіңе ал, бір кездері пайғамбарлардан уәде алған едік: сенен, Нұхтан, Ибраһимнен, Мұсадан және Мәриям ұлы Исадан… Олардан айнымас серт алдық», деп «Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм), Нұх (ғ.с.), Ибраһим (ғ.с.), Мұса (ғ.с.) және Мәриям ұлы Иса (ғ.с.)»[36] пайғамбарлардың есімдері аталып олардың улул-әъзм екендігі баян етіледі.
Бұл пайғамбарлар ғұмырлары бойында табандылық, төзімділік қасиеттерімен танылды. Мәселен, Нұх пайғамбар ғасырлар бойы қауымының иманға келуі үшін сабыр етті. Ибраһим пайғамбардың қол-аяғы байланып, лаулаған отқа тасталарда және туған ұлы, бауыр еті Исмаилды құрбандыққа шалу бұйрығы келгенде, бар етіңді сылып, жан теріңді сығып алатын сынаққа төтеп, асқан төзімділік танытты. Мұса (ғ.с.) қауымының небір зұлмат зұлымдықтарына ал Иса (ғ.с.) бұл дүние тіршілігіне алданбай, қасқайып сабыр етті.
Пайғамбарлардың барлығы – Аллаһ тағаланың таңдаулы елшілері. Адам мен жын атаулының арасында пайғамбарлардан абзал ешкім жоқ. Күллі пайғамбарға Аллаһ тағаладан уахи келгенімен, олардың кейбірі ұлы пайғамбар саналған. Аллаһ тағала кей пайғамбарларға иләһи кітаптар мен қасиетті парақтар түсірсе, кейбірімен тікелей тілдескен. Енді бір пайғамбарлар нақты бір қауымға жіберілсе, кейбіреулері олардың көмекшісі ретінде танылды. Солардың ішінде соңғы пайғамбар Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) күллі адамзат баласына жіберілген әмбебап пайғамбар еді.
«Шура» сүресінің 13-аятында: «Дін үкімдерін мықты орындаңдар және дінде бөлінбеңдер деп хазірет Нұхқа нұсқау еткен дінді және саған уахи еткенімізді, сондай-ақ Ибраһим, Мұса және Исаға нұсқаған хақ дінді сіздер үшін де Аллаһ дін ретінде әмір етті»,- дейді. Бұл аятта ұлық пайғамбарлардың есімі бір жерде аталған және бүкіл пайғамбарлардың міндеті бір ақиқатты адамдарға жеткізу екендігі білдірілуде. Барлық пайғамбардың ғұмыры ауыр сынақ ішінде өтсе де, Жаратушыға деген сенімінен зәредей ауытқымаған. Ал Хақ тағала өзінің тәуекелге бел байлап, қиындықты тайсалмай қарсы алған адал құлдарына көмек жіберді.
Г. Оралбайқызы
[1] Қараңыз: «Кәһф», 18/110; «Фұссилат», 41/6
[2] Сабуни, ән-Нубууә уәл-Әнбия, Дамаск. 1989, 58
[3] Қараңыз: «Әли Имран», 3/161
[4] «Мариям», 19/41
[5] «Мариям», 19/54
[6] «Мариям», 19/56-57
[7] «Юсуф», 12/46
[8] «Тәуба», 9/119
[9] «Хұжрат», 49/15
[10] «Ахзап», 33/23
[11] Бухари, Әдәб 69; Муслим, Бирр, 105; Әбу Дәуд, Әдәб, 80
[12] Әбу Дәуд, Әдәб, 82
[13] «Шұғара», 26/105-108; 123-125; 141-143; 160-162; 177-180; «Дұхан», 44/18
[14] Сабуни, ән-Нубууәту уәл-Әнбия, 61
[15] Мүснәд, 3/425; Ибн Хишам, 1/209
[16] «Әли Имран», 3/161
[17] «Азхап», 33/39
[18] «Нәжім», 53/3-4
[19] Қараңыз: «Худ», 11/32-33
[20] Қараңыз: «Бақара», 2/258; «Әнбия», 21/51-67
[21] Қараңыз: «Әнбия», 21/79
[22] Ибн Манзур, Лисанул Араб, Бейрут, 1990, ХІІ/403-404
[23] С.Ш.Журжани, Китабут-Тарифат (дай:А.Умәйра), Бейрут, 1987, 150
[24] «Таһа», 20/121-122
[25] «Ағраф», 7/23
[26] «Таһа», 20/115
[27] «Бақара», 2/35; «Ағраф», 7/19
[28] Мунауи, Фәйзул-Қадир, 4/34
[29] «Таһа», 20/39
[30] Хаким ән-Нәйсабури, әл-Мустәдрак әлас-Сахихайн, Бейрут, ІV/245
[31] Ибн Манзур, Лисанул Араб, «азм» бабы
[32] Қараңыз: «Таһа», 20/115
[33] «Ахқаф», 46/35
[34] Алуси, Рухул мәани, Бейрут, 1985, ХХХVІ/34
[35] Е.Хамди Языр, VІ/4363-4364
[36] Қараңыз: «Ахзап», 33/7