Сөздікте «Нахр» сөзінен шыққан «өзіне қол жұмсау, жұлынын үзу» мағынасында қолданылған суицид, қазақ тілінде «өзін-өзі өлтіру» деген мағынада қолданылады. Сөздік тұрғыдан қарағанда Құран Кәрімде айтылмаған. Алайда Пайғамбарымыздың бірнеше хадистерінде, тиым салғаны туралы айтылған.[1] Ислам дерек көздерінде өз-өзіне қол жұмсау әрекеті көбінесе (қатала нефсиху), «өзін-өзі өлтіру» деп қолданылады және бұл сөз сол уақыттан бастап қолданылғанын байқаймыз. Бір адам өзіне не үшін қол жұмсайды деп, оның сипаттамасы тұрғысынан қоғамтанушылар арасында пікірталастар туғызды. Осы тақырып бойынша егжей-тегжейлі зерттеу жүргізген Эмиль Дюркгейм (1858-1917), өзін-өзі өлтіруді «қайтыс болған адамның, өлімге әкелетіні барлық іс-әрекеттің тікелей немесе жанама нәтижесі» [2] деп анықтама берген. Суицид – адамның өз еркімен өлуді таңдауы және оның салдарын біле отырып өзін-өзі өлтіруі.
Бұл ежелгі Грецияда жалпы қабылданбағанымен, кейбір жағдайларда суицидті қалыпты мінез-құлық ретінде қарастыратын философиялық көзқарас бар екені белгілі. Мысалы, Сократтың пікірінше, құдайлардың меншігі болып cаналатын адамның өлімі оларды ашуландырады. Алайда кейбір жағдайларда өз-өзіне қол жұмсау соншалықты міндетті бола бастайды, оны құдайлардың рұқсатының белгісі деген пайымдама жасаған. Платон өзін-өзі өлтіруді принцип ретінде қабылдамайды, бірақ шыдамсыздықтың, тым кедейлік немесе байлықтың әсерінен өзін еріксіз мәжбүрлеу сынды ерекше жағдайлар екенін айтады. Аристотель ешқандай жағдайда суицидті мақұлдамаған. Оның айтуынша, суицид – бұл мемлекетке қарсы жасалған азаматтық қылмыс. Бұл көзқарас Рим философиясына қатты әсер етті. Мәселен, Сенека барлық адамзаттың және балалардың өмір сүруі жалпы міндеті әрі құқығы деп қабылдады. Катон (Cato), Плиний (Pliny), Эпиктет (Epictetos) және Марк (Marcus), Аврелий (Aurelius) сияқты Рим империясының зиялылары осындай көзқарасты ұстанды. Сонымен қатар, Цицерон өзін-өзі өлтірудің заңды әрі діни себептерден деген ұстанымынан бас тартты. Иудаизм суицидті принцип ретінде қабылдамайды. Ал Христиан діні суицидке түбегейлі қарсы. Шығыс діндерінің ішінде Индуизм мен Джайнизм өзін-өзі өлтіруді, заңды әрі кейбір жағдайларда оны діни рәсім деп санамайды. Буддизм мен Конфуцианизмде нақты заңды әрі діни ынталандыру жоқ. Буддисттер өзін-өзі өлтіруді кейбір ерекше жағдайларда діни тұрғыдан құрбандық деп санайды. Конфуций дінінде ата-бабаларға табыну әдет-ғұрыптарды орындауға мүмкіндік берілмеген жағдайларда, өз-өзіне қол жұмсау қажетті әрі қалыпты жағдай деп санайды.
Исламда діннің басты мақсаттарының бірі болып табылатын, жанды қорғау қағидасының нәтижесінде біреудің басқа біреуді[3] немесе өзін-өзі өлтіруіне қатаң тыйым салынған. Құран Кәрімде өлтіруге тыйым салатын аяттар, екі жағдайда да қамтиды. Тіпті кейбір ислам ғұламалары өзін-өзі өлтіру – біреуді өлтіруден де ауыр қылмыс деп санайды.[4] Өз-өзіне қол жұмсау туралы тікелей аят болмаса да, біз Құранды тұтастай зерттейтін болсақ, суицидтің ислам рухына жат екендігі айқын көрінеді. «Ниса» сүресінде «..Өздеріңді өздерің өлімге қимандар»[5] сөзін ислам ғұламалары әр түрлі түсіндірсе де, бұл өзін-өзі өлтіруге тыйым салудың Құраннан дәлелі ретінде берген. Өйткені, бұл аяттан тікелей өзін-өзі өлтіру және адамның өміріне қауіп төндіретін іс-әрекеттермен қатар, психологиялық тұрғыдан да өзін-өзі өлтіруге тыйым салынған деген пікір білдірген. Сонымен қатар, «Өз қолыңызбен өзіңізге қауіп төндірмеңіз»[6] деген аятты ескере отырып, адам өзінің өліміне әкелетін іс-әрекеттен аулақ болуы керек делінген.[7] Құранда неге тікелей бұған қатысты аят жоқ дегендерге, Фахреддин Рази: Иман еткен мұсылмандарда мұндай пікірдің болмайтынын, сол себептен де тікелей тиым салудың ешқандай да бір мағынасы жоқ екенін айтқан.[8]
Пайғамбарымыздың хадистерінде суицидтен аулақ болуды және бұндай әрекеттің тиым салынғанын білдіретін тұжырымдар бар. Бұл хадистерде негізгі айтылған нәрсе, адамның өзін-өзі өлтіруі кешірілмейтін қылмыс әрі ауыр күнәлардан. Суицид әрекетінде қандай тәсіл қолданса тозақта мәңгі жазасын осылай тартады. Өзін таудың төбесінен лақтырып өлтірген, тозақта әрдайым осылай азапталады. Улану арқылы өзін-өзі өлтірген, тозақ отында у ішіп мәңгі азап шегеді. Сонымен қатар өзін кесіп өлтірген де, тозақта солай жазаланады және мәңгі бақи азап шегеді.[9] Пенде, Алла аманат етіп берген дене мүшесі мен жанына қиянат жасауға құқығы жоқ. Өлім төсегінде қатты азап шегіп жатқан адамдар үшін де, өз-өзіне қол жұмсауына тиым салған. Жанымызды берген Алла, оны тек Ол ғана алады.[10] Сол себептен де, адам өз жанына қастандық жасауына рұқсат етілмеген. Сонымен қатар, суицид жеке басына емес, әлеуметтік қылмыс болып саналады. Себебі адам өзі үшін ғана емес, қоғам үшін де өмір сүреді. Оның міндеті – қоғамға пайдалы болу.
Жалпылай алып қарағанымызда, мәдениет пен рухани құндылықтар әлсірегенде адамдардың өмірге деген құлшынысы азайып, өлім олар үшін ең жақсы әдіс болып көрінеді. Эмиль Дюркгеймнің (1858-1917), айтуы бойынша «Қоғаммен қарым-қатынасы әлсіреген және адам бойындағы ахлақ пен рухани құндылық жойылған жерде суицид көбейеді» деген.[11] Ал, психоаналитиктер өзіне-өзі қол жұмсауды адамның агрессиясы және деструктивтік өлім инстинкті теріс айналып, басқасының орнына өзіне қол жұмсауы деп түсіндірген. Психиатрлардың айтуынша, суицид арнайы емді қажет ететін ауру (патологиялық) құрылымда пайда болады. Яғни суицидке душар болған адамдар, психикалық ауруға шалдығуы мүмкін. Алайда, ғылыми дерек көздерінде өзінің діни сенімдеріне бекем болған адамдарда, суицидтің өте төмен екенін айтады.[12] Меланхоликалық (жалғыздық) депрессиядан туындаған суицидтік пікірге қарамастан, пациенттің діни сенімі мықты болса, қарсы төтеп бере алады. Ал діни сенімі әлсіз болса, меланхоликалық депрессияға төтеп бере алмауы әбден мүмкін. [13]
Пенденің бұл өмірге келуде шешімі болмағанындай, бақилық болуда да өз шешіміне жүгініп, өз-өзіне қол жұмсауға рұқсат етілмеген. Өмір сүруге деген құштарлығымызды арттырып, оны әрі қарай дамыту біздің қолымызда. Қазақ халқы рулық және тайпалық болып, қоғамын кең ұстаған. «Құда – мың жылдық, күйеу – жүз жылдық» деп, қоғамдағы адамдарды бауырына басып, туысы ете білген қазақтардың ұлттық болмысы мен тәрбиесіне, діні мен діліне суицид жат қылық.
Исатай Бердалиев
Ислам Құқық ғылымдарының докторы
[1] Бұхари, «Кадир», 5, «Мәғази», 38.
[2] Эмиль Дюркгеймнің (1858-1917), Le suicide, 5-б.
[3] (Исра 17/33).
[4] Мухаммад Шалтут, әл-Фәтуа, Каир 1403/1983, 419-421 беттер.
[5] «Ниса» сүресі, 29-аят.
[6] «Бақара» сүресі, 195-аят.
[7] Әбу Абдуллаһ Мухаммад б. Әбу Бәкір б. Фарһ Әл-Куртуби, (ө. 671/1273), Әл-Жәми Ли л-Аһкамул куран, V том, 156-бет.
[8] Фаһреддин Рази (ө. 606/1210), Мифтаһу л-Ғайб, VI том, 72-бет.
[9] Бұхари, «Жанаиз», 84, «Әдәб», 44, «Кадир», 5, «Тып, 56; Муслим, «Иман», 175, 176, 177; Тирмизи, «Тып», 7.
[10] Хажыр 15/23; Каһф 50/43; Нәжм 53/44.
[11] Эмиль Дюркгеймнің (1858-1917), Le suicide, 333-363 беттер.
[12] Аднан Зиялар, Сосиял псикиятор, 269-бет.
[13] Феузи Самук, «Әр түрлі жас топтарындағы суицид әрекеттері, бағыты және таңдалған тәсілдер» Ыстамбұл 1982, 21-27 беттер.