Ертеректе ғұламалардан бірі, медреседе дәріс беретін ұстазға шәкірттерін нұсқап:
– Бұларға не үйретіп жатырсың? – деп сұрайды. Сонда ұстаз:
– Сарф, фиқһ, хадис, – деп бірталай ғылымды тізбектей жөнелтіпті. Әлгі ғалым басын шайқап:
– Жо-оқ! Бұларға бәрінен бұрын «білмеймін» деуді үйрету керек, – деген екен.
* * *
Бір күні Имам Мәлікке бір мәселе жайлы сұрақ қойылады. Ұлы Имам:
– Білмеймін, – деп жауап береді. Сұрақ қоюшы кісінің «Негізінде бұл жеңіл, әрі оңай мәселе еді ғой» дегенін естігенде, Имам Мәлік ашуланып:
– Ғалымда жеңіл нәрсе жоқ. Алланың: «Әлбетте, Біз саған ауыр бір сөз уахи етеміз» («Мүзәммил» сүресі, 5-аят) деген аятты естімедің бе? Сондықтан, ғылымның барлығы ауыр. Әсіресе, қиямет күні сұраққа тартылатын ғылымыңыз, – депті.
* * *
Аталмыш екі оқиғадан төмендегі мәселелерді аңғаруға болады. Діни мәселелерде пәтуа беретін адам білмейтін тақырыбында ешнәрсе айтпауы тиіс. Ең болмағанда іздестіріп, зерттеп, «кейін жауабын беремін», – деуі керек екен. Бұл нағыз ғалымға жарасатын қасиет.
Ал енді білгіштеніп, әр мәселеде пәтуа беретін болса, әрі бұл дүниеде, әрі ақыретте өкініште қалатын әрекет. Ертең ақыретте, Алла Тағала: «Жаңылыс пәтуа беріп, адамдардың қате жасауына себеп болдың» деп айыптағанынан гөрі бүгін адамдардың «ешнәрседен хабары жоқ» деп, бұл дүниеде айыптағаны мың есе артық емес пе?!
Дін атын жамылған ағымдардың оңды-солды пәтуа беруі исламның ешбір ғылымына сай келмейді. Керісінше дұрыс емес пәтуа беру арқылы көптеген адамдардың өмірін ойранын шығарып, қор ету зұлымдығы тұрғанын аңғаруға болады.
Жастардың бойында еліктеушілік көп болады емес пе?! Қазіргі таңда сол жастардың басым бөлігі әлеуметтік желіге тәуелді. Теріс пиғылды топтар осы бір «тәуелділікті» ұтымды пайдаланып отырған секілді.
Желіде жаңылған жастар аз ғана уақыттың ішінде адасуда. Адасқандарымен қоймай зорлық-зомбылық, мұсылман бауырын кәпірлікпен айыптау, намаз оқымаса ағайын-туыспен қатынас үзу, өмір сүріп жатқан мемлекеттің заңдарын мойындамау, өзімен пікірлес болмағаны үшін басқалармен қарым-қатынасты үзу, қоғам мүшелеріне құрметсіздікпен қарау, бүлікке шақыру секілді ұстанымдарын басқаларына да үгіттеп келеді. Осындай теріс үгіттерден сақтануымыз үшін қоғам болып діни сауатсыздықпен күресуіміз керек.
Жастарымызға дінін, ділін, отанын, дәстүрін құрметтейтіндей сезім, ақ пен қараны ажырата аларлық терең білім беруіміз қажет. Лайым, жастарымыздың рухы биік, көзі ашық, көкірегі ояу болсын дейміз.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ