Құранның мазмұнында адам баласы әлсіз жаратылыс екені туралы мынадай: «Адам баласы әлсіз жаратылған» (Ниса:28) мазмұнда бірнеше аяттар бар. Кейде адам баласы тойып секірсе, кейде тоңып секіретіндей әр адам өзінің басындағы жағдайына байланысты өмір сүреді. Біреуі жақсылық жасауға бейім болса, екіншісі күнәлі істерге әуес болады. Дегенмен, Алла Тағала бізді әлсіз жаратты деп, шектен шығатын үлкенді-кішілі күнә амалдарын жасауға болады деген ойдан да аулақ болуымыз қажет. Себебі, әр амалды жасаудың өзіндік жолы мен тәртібін анықтап, қадамымызды аңдап басу үшін біздерге ақыл берілген. Осындай құнды ақыл нығметін дұрыс пайдаланып өмірлік жолдас етсек қана ізгі жолдың ілігінен ажырамасымыз анық.
Қалай дегенде де жер бетінде шалыс баспаймын, күнә жасамаймын, дейтін адам жоқ шығар, сірә. Адам табиғатынан әлсіз болғандықтан өмірінде міндетті түрде күнә жасайды. Бұл туралы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар былай деген: «Барлық адам баласы қателік жасаушы. Бірақ, сол қателік жасаушылардың ең қайырлысы тәубе етушілер».
Сондай-ақ, Әбу Һурайрадан келген риуаят бойынша Алла елшісі (с.ғ.с.): «Егер сендер күнә жасамайтын болсаңдар, онда Алла Тағала сендерді кетіріп, күнә жасап Өзінен кешірім сұрайтын қауымды алып келеді» деген. Демек, біз қаласақ та, қаламасақ та бәрібір бір күні шалыс басып, күнә амалдарды жасайды екенбіз. Мәселен, кейде бір мәселе бойынша жаман ойлап соны жүзеге асырамыз, кейде шайтан азғырып біреуге жамандық жасаймыз, кейде ең жақын деген құрбыңның теріс әрекеті сені жамандыққа итермелейді, кейде, іште жатқан нәпсіге бой алдырып күнәға барамыз. Мұның барлығы дерлік біздің ақ-қараны ажыратқанымызбен көкейдегі нәпсіге беріліп, шайтанның арбауынан алыстай алмай жатқанымызды білдіріп, әлсіз жаратылыс екенімізді тағы бір дәлелдейді.
Баршаға құдіретті Алла Тағала біздерді әу баста жаратқанда адам баласы жер бетінде күнә амалдарды жасайтынын білген. Бірақ, біз шамамыз келгенше Алладан қорқып теріс амалдар жасамауға тырысуымыз керек. Бұл жайында Алла Тағала: «Шамаларың келгенше Алладан қорқыңдар» [Тағабун:16], деген. Әрине, Құранда зина жасауға, арақ ішуге, шошқаның етін жеуге байланысты кесімді түрде тыйған аяттар бар. Бірақ, осындай теріс амалдарға бой ұрған пенде болса Жаратушы Тағала бір ғана нәрсені талап етеді. Ол – тәубе ету. Тәубенің есігі жан алқымға келгенше ашық болатынын әр мұсылман естен шығармаса керек-ті. Алланың «Тәубені қабыл етуші» деген сипаты біздерге әрдайым жұбаныш болып, Онымен байланысты үзіп алмауымыз қажет.
Құрандағы мына бір аятқа ой жүгіртіп қарайықшы: «Егер олар (яғни, адамдар) қашан арсыздық, әдепсіздік амалдарын жасаса не өздеріне зұлымдық қылса, Алланы естеріне алып, күнәларына жарылқау тілейді» [Әл Имран:135], делінген. Бұл аятта араб тіліндегі «фахиша» сөзі қазақша «арсыздық», «әдепсіздік» деп аударылады. Ал, «зулм» сөзі «зұлымдық» деген мағынаға саяды. Осы аятқа байланысты ескеретін жайт, егер кез-келген пенде арсыздық пен зұлымдық жасаған болса онда Алла біздерге «намаз оқы, зекет бер, ораза ұста» деп бұйырған жоқ, керісінше біздерге ең әуелі Алланы еске алып Одан жарылқау тілеуіміз керектігін үндеп жатыр.
Ал, аяттағы «фахиша» яғни, «арсыздық» сөзі Құранда зинаға байланысты былай келеді: «Зинаға жоламаңдар. Өйткені, ол анық арсыздық және жаман жол» [Исра:32]. Сонымен қатар, «зұлымдық» сөзінің анықтамасын Құранда Лұқман Хәкімнің ұлына айтқан өсиетінен білуге болады: «Әй, ұлым! Аллаға серік қоспа! Күдіксіз ортақ қосу үлкен зұлымдық». Демек, біз қандай күнәлі амал жасасақ та ең алғашқы қадам ол –Алланы еске алып Одан жарылқау сұрау. Себебі, берілген аяттың (Әл Имран:135) соңы: «Күнәларды Алладан басқа кім жарылқайды» деп аяқталған. Осылайша Алла Тағала күнәні кешіруші жалғыз Өзі екенін біздерге ерекше жылы жолмен білдіріп отыр.
Ешбір жаратылыс, керек десеңіз Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өзі өздігінен ешқандай күнәні кешіре алмайды. Сондықтан, біз нендей жаман амал істесек те бір ғана Алладан үмітіміз үзілмеуі керек. Әрдайым оның «Жарылқаушы» екенін есте сақтап, кешірім сұрап, тәубе етуіміз міндет болады.
Сондай-ақ, егер біз қандай да бір адам баласына жамандық жасайтын болсақ, ол бізден сол үшін ақы немесе есесін сұрауы мүмкін. Ал, мейірімді Алла біз Оған қашан қарсы келсек те бізден тек тәубе етуімізді сұрайды. Бұл жайында Құранда: «Өйткені, Мен кім тәубе етіп, иман келтіріп, игілік істеп, тура жолда болса, әлбетте, оны жарылқаймын» [Таһа:82], «Кімде-кім егер зұлымдық жасап, кейін тәубе қылса, түзелген болса шәксіз Алла оның тәубесін қабыл етеді. Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» [Майда:39] делінген.
Қорыта айтқанда, жер бетінде күнәсіз ешбір адам жоқ. Осыған байланысты араб халқында: «Бізден дұға – Алладан кешірім» деген қанатты сөз қалған. Мен біреуді күнә жасауға шақырмаймын, бәлки, сол жасаған күнә үшін ешкімнің сағы сынып, үміті үзілмесін деймін. Себебі, тәубе есігі қиямет қайымға дейін ашық. Егер күнәһар болсаңыз Алладан шынайы түрде кешірім сұрап, тәубеге келіңіз де өміріңізді жаңа беттен бастаңыз. Ал, жасаған күнәңызға қайта оралмаңыз. Сонда ғана тәубе шынайы ықыласпен жасалған болып есептеледі.
Кез-келген пенде табиғатынан кейде ашуланады, кейде мейірімді болатын құбылмалы жаратылыс. Ал, Алла Тағала қашанда Өзі жаратқан пендесіне шексіз рахымын төгіп отырады. Себебі, «рахым» сөзі араб тіліндегі түбірі «рахм» яғни, «ананың құрсағы» деген ұғымнан шығады. Ана іштен шыққан баласына қаншалықты рахымын төксе, Алланың пендесіне деген рахымы кез-келген ананың рахымынан да артық бөлінеді. Бұған мына бір құдси хадис дәлел бола алады: «Кімде-кім Маған күнә жасап келсе, сол күнәсінің көлемі бүкіл жерді жауып тұратын болса да бірақ, егер Менен басқа ешкімге табынбаған болса, Мен оны бүкіл күнәсін жасыратын кешірімменен қарсы аламын». Ендеше, күнәлі істерден барынша аулақ болып, Алланың мейірімінен үміт үзбейік. Десек те, үлкен күнәларды кешіретін Алла кіші күнәлар үшін де есебін алатынын да естен шығармайық, ағайын!
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы