Бірінші: Алдағы әрбір маңызды деген істер илаһи тылсым тарапынан осы күні белгіленеді.
Екінші: Бұл түндегі жасалған құлшылықтардың (Құран оқу, намаз, дұға мен зікір, тәубе мен истиғфар) күндізгі жасалған құлшылықтардан сауабы жоғары болады.
Үшінші: Бұл түні Алла-Тағаланың нұр-берекесі мен шұғыласы таң шапағына дейін төгіліп тұрады.
Төртінші: Бұл түні сұралған кешірім қабыл болады.
Бесінші: Бұл түні ардақты Пайғамбарымыз с.ғ.а-ға шапағат ету құқығы берілген.
Шағбан айының он бесінші жұлдызының құттылығы хақында Хақ Елшісі с.ғ.а: «Шабан айының жартысы болған кезедегі түнді құлшылықпен өткізіңіз. Күндіз ауыз бекітіңіз. Өйткені, Алла Тағала күн ұясына батқан шақта, жер бетіне шуағын түсіріп: «Истиғфар етуші бар мекен, кешірейін. Рызық сұраған бар мекен, оған рызық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар мекен, оған шипа берейін. Бар мекен, бар мекен, бар мекен…» деп таң шапағы атқанға дейін жалғастырады» деп сүйіншілейді.
Көріп отырсыздар, Ұлы Жаратушы өзіне мойынсұнып, күнәларына тәубе етіп, сәждеге бас қойған, қателерінің орнына көз жасын көл қылған әрбір құлын кешіріп, Барағат түніндегі иллаһи нұрымен, иһсанымен құлының мәртебесін жоғары ететіндігін ашық жария еткен. Сонымен бірге, бұл кеште Пайғамбарымыз с.ғ.а-ға үмбетіне ақырет күнінде шапағат ету құқығы берілген күн. Үмбетінің ақырет күнінде айы оңынан тууын тілеп, қандай бір пәле-жалаға душар болмауын уайымдап, үмбетінің қайғысы үшін қасірет шеккен Алла Елшісі с.а.ғ-ның: «Шапағатымды сұраушы бар ма екен» – деген шағында, бұл мүмкіндіктен құр алақан қалу мұсылманға жараса қоймасы белгілі. Ал, Алла Елшісі с.ғ.а-ның үгітіне сай бұл кеште қайратпен қарымды амал іс жасап, Алла-Тағаланың шексіз рахымы мен Пайғамбарымыз с.ғ.а-ның шапағатынан үміттенсек, иншалла ұшпаққа шығатынымыз анық.
Ислам деректеріне қарағанда: «Дуа жасаушылар, ішімдікке салынғандар, аса дүние құмарлар, ата-анасын ренжіткендер, зина жасағандар» бұл кештің берекесі мен шапағатынан құр алақан қалады. Әрбір мүмін бұл қасиетті кештің нұрлы шуағына шомған шақта, тек қарабасы үшін емес, қалың бұқараның да қамын ойлап, оларға дұға етіп, өзінің өткеніне есеп беріп, іші-сыртын жамандықтан тиып, жүрегін кір қоқыстан тазартуға күш салуы тиіс. Бұл қасиетті кеш: «Мен күнәға батқан адаммын, ендігісі менің күнәдан құтылам деген үмітім жоқ» деп үмітсіздікке ұшырағандарды шыңыраудан шығаратын үлкен мүмкіндік. Бұндай жандар бұл кеште мешітке жамағатпен бірге барып, Алла Тағаланың құзырында болып, құлшылық жасап, Құран тыңдап, дұға етумен илаһи кешірімге қол жеткізе алады. Тіпті, қасиетті кештің рухани жұпар ауасымен тыныстап, жаман ойлардан арылып, қарадүрсіндіктен бойын аулақ ұстап, терең ізгі сезімдерге шомып туралыққа бейімделген жанды мәңгілік жасыл бақ жаннаттың күтіп тұруы да ғажап емес.