Жаңа ғана жол-көлік оқиғасы туралы жаңалықтардың соңы мынадай сөйлеммен аяқталды: «Бақытымызға орай, апаттан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ».
Бұл сөйлемді күнделікті өмірде жиі естиміз және қолданамыз. Қазақ тілінде бұндай адамдарға «көрер жарығы бар екен», «бақытына орай» немесе «кездейсоқ» деген сөздер қолданады. Бұл сөздерді қолданған адамдардың басым көпшілігі мағынасын және сөздің түпкі мақсатын түсіне бермейді. Өйткені бұл сөз дүниеде болып жатқан кейбір нәрселердің мысалы, өлім, жарақат және жол-көлік оқиғаларының сәттілікке немесе кездейсоқтыққа байланысты екенін білдіреді. Жер бетінде болып жатқан оқиғаның барлығын бақылауында ұстап, әр нәрседен хабардар және болып жатқан нәрсені өз қалауымен басқаратын және бақылайтын жаратушы жоқ сияқты.
Дегенмен, бұл дүниеде Алланың білімі мен қалауынсыз талдан бір жапырақ та түспейтінін білеміз және осыған сенеміз. Раббымыз не дейді? “Ғайыптың кілттері Алланың жанында, оларды Алладан басқа ешкім білмейді. Алла құрлықтағы және теңіздегі барлық нәрсені біледі. Алланың хабары болмай бір жапырақ та жерге түспейді. Алла сол жердің қараңғылығында бір түйір дәнді болса да біледі. Бәрін де біледі, ылғалды болсын, құрғақ болсын (Анғам сүресі, 59-аят)
Өмірге келу және өмірден озу сияқты оқиғалар Алланың білімінен, қалауынан және жаратуынан тыс болуы мүмкін бе? Бұл жайында Раббымыз былай дейді: «Алла сендерді (әуелі) топырақтан, сосын ұрықтан жаратты. Сосын сендерді жұп (еркек-әйел) етті. Ешбір әйел баласы Оны білмей құрсақ көтермейді де, тумайды да. Тірі тіршілік иесінің өмір сүру ұзақтығы мен оның қысқаруы сөзсіз. Расында, бұлар Аллаға оңай». (Фатыр сүресі, 11-аят)
Жер бетінде немесе адамдардың өмірінде қандай да бір оқиғаның Алланың білуінсіз, қалауынсыз және рұқсатынсыз болуы мүмкін бе? Раббымыз былай дейді: «Жер бетінде болған оқиға немесе сендерге келген бірде-бір кездейсоқтық жоқ, Біз оны жаратпастан алдын, ол жайында кітапта жазылмаған. Әрине, бұл Аллаға оңай.» (Хадид сүресі, 22-аят)
Құран Кәрімде жазылған Алла Тағаланың сөздерінің барлығын ескерсек, «кездейсоқ» жол-көлік оқиғасынан ешкім қаза тауып немесе зардап шекпеуі мүмкін бе?
Бұндай сенімге қатысты мәселелерді қозғағанда, мыналарды да тыс қалдыру мүмкін емес, айту керек. Болған барлық нәрсенің Алланың білімімен, қалауымен және жаратуымен болуы адамның жауапкершілігін жоймайды. Тағдырды сылтау етіп, «не істейміз, болары сөзсіз еді, пешенемізге жазғаны осы болды» деп басымызға келген оқиғадан құтыла алмаймыз. Мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатына түсіп, адам өліміне себепкер болған адам «не істейміз, солай пешенемізге жазылған шығар» деп өз жауапкершілігін тағдырға жауып қоя алмайды. Жер сілкінісі көп болатын аймақта сапасыз құрылыстар тұрғызып, жер сілкінісі кезінде бұл құрылыстар құлағанда «не істейміз, мұнда тұрғандар өледі деген сөз, тағдырдың жазуы еді» деп өз жауапкершілігінен құтыла алмайды. Емтиханға дайындалмаған бір студент аз балл алғанда, “Бәрі Алланың қалауымен болады. Нашар оқысам, Алла мені жаман оқуымды қалаған шығар” деп тағдырды сылтау ете алмайды.
Қорытындылайтын болсақ, пенденің міндеті – барын салып ынталану. Тағдырға сену бір бөлек, өз жауапкершілігін елемей, тағдырды сылтау етіп фаталистік әрекет жасау басқа. Раббымыз бізді иманның бір шарты болып табылатын «тағдырға иман келтіру» мәселесін толық түсінетін, міндеттерін орындайтын, тағдырды сылтау етпейтін, сақтық пен аманат таразысын орнататын пенделерінің қатарынан етсін.
Исатай БЕРДАЛИЕВ