Бақытты бол! Ең көп айтылатын тілек. Айтып жатып әркім әр нәрсені меңзейді. Мықты денсаулық, мол байлық, мәртебелі қызмет, атақ-даңқ, шығармашылық табыс, бала-шағаның көптігі, сауық-сайран, жайлы үй, жаңа көлік, соңғы айфон, т.с.с. Кейде осы дүниелерге қол жеткізсек, бақытты болып кететін сияқты сезінеміз. Бірақ бұның нағыз Бақыт емес екенін ішіміз тағы сезеді. Тән қалауы мен жан қалауы бар екенін білеміз ғой…
Бақытты белгілі бір шартқа байлайтынымыз бар. Көбіне болашаққа ысырып, арманға артып қоямыз. Мысалы: «Мен сүйгеніме үйленгеннен кейін бақытты болам (болатын шығармын)», «Жалақым 2 есе өссе (табысым миллионға жетсе) бақытты болам», «Ұл-қыздарымды үйлендіріп, немере сүйсем, бақыттымын (арманым жоқ)» деген ой талайымыздың басымызда қалықтап жүргені жасырын емес.
Қазір емес, бүгін емес, әйтеуір алдымызда бұлаңдап тұрғандай бақыт шіркін! Ал атақты философ Пифагор: «Бақытты ғұмыр кешудің сыры – осы сәтте өмір сүре білуде. Біз болашақ туралы көп ойлаймыз, сол болашақта бақытты боп жүреміз», – деген екен…
Байқадыңыз ба: адам өзін қай кездері бақытты сезінеді? Шығармашылық әлеуетін іске асырғанда, біреуге жақсылық жасағанда, арманы орындалғанда және басқаның бақытын бөліскенде: қуанышына ортақтасып, шаттығын көбейткенде!
Сосын, пенденің ешқайсысын алаламайтын, тағы бір басты нәрсе бар адамды бақытты ететін, ол – жақсы көру, мейірім, махаббат күйі! Иә, бақыт – жанның күйі, хәлі; ішкі дүниедегі үздіксіз, негізгі хәл. Бұл күйді сезінеміз. Түйін: Бақыт – сыртта тұрған, ұстап алатын нәрсе емес, өміріміздің сапасын көрсететін ішкі хәл…
Адам өзі сүйгенде немесе сүйікті болғанда – өзін бақытты сезінеді! Жалғыздық та, күйзелу де, торығу да – өзін керексіз, сүйкімсіз сезінгенде; бар-жоғының ешкімді қызықтырмайтынын түсінгенде орын алатын құбылыс. Өзін ешкімнің жақсы көрмейтінін сезінген жан өмірден жалығады, тірліктен безінеді; сол күйін ұмыту үшін ақыл-есін тұмшалайтын (арақ, есірткі, құмар ойындары, т.б.) алдамшы дүниелерге құмарта бастайды. Сүйілмеген, сүйе алмаған пенде шуақ шаша алмайды; өмірге өшігіп, жан-жағына ызғар шашып жүріп, өз аязына өзі үсіп өледі…
Отбасындағы береке қашан кетеді? Жұбайлар арасындағы сезім суынып, сыйластық жоғалғанда. Достар қашан ажырайды? Мейірім, кешірім, сыйластық үзілгенде. Туыстар қашан араздасады? Мейірім, сыйластық, құрмет, көмек ада болғанда… Жылусыз-мейірімсіз үй сыртқа теуіп тұрады, жалған достық шаршатады, суық туысыңнан қашқақтайсың. Жалғыздық, күйзелу мен торығу, жігерсіздік пен бақытсыздық осылай дендейді…
Сүйіп үйрену керек, сүйікті қалпыңның қадірін білу керек. Жақсы көретініңді жасырмау керек, айтқандарды ардақтау керек. Әр күні, әр сәтте Өмірдің өзегі – махаббат екенін ұмытпау керек!..
«Дүние ойлап тұрсам – шолақ екен,
Адамдар бір-біріне қонақ екен.
Жігіттер, тірлігіңде сыйласып өт,
Қызығы бұл дүниенің сол-ақ екен!» деген аталарымыз қандай данышпан!..
Ауру жүрек сүйместі сүйеді, өлі жүрек иесін өлтіріп тынады. Сондықтан ішкі дүниенің тазалығы мен саулығына аса мән беру қажет. «Арыңды жасыңнан сақта!» деген аталар өсиетін бала бойына барынша сіңіру қажет. «Жүректі қалай сақтаймыз? Көңілді қайтсек кірлетпейміз? Ішті қалай тазартамыз?» деген мәселе басты орында тұрғаны дұрыс… Сосын «Жалғыздың жары – Құдай» екенін түсінген пенде жалғызсырамайды…
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп Әділетті!» деп кеткен Абай хакім қандай дана!..
Иә, «Қиямет күні кім Аллаға таза жүрекпен келсе, сол жетістікке жетті» деген аят пен «Алла Тағала сіздердің сырт бейнелеріңізге, мал-мүліктеріңізге емес, жүректеріңізге және іс-амалдарыңызға қарайды» деген хадисті пікір етіп, Жаратушысын үздіксіз зікір етіп, нығметтерге шүкір етіп жүрген адам – бақытты!
Иман дегеніміз – Махаббат екенін түсінген, Өмір сүру – Сүю екенін, ал Сүйіп үйрену – Өнер екенін түсінген жан – бақытты! Өмірінен мән тапқан, сол мәнінен сән тапқан адам бақытты!..
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ