Сұрақ: Бақытсыздық деп нені айтады?
Жауап: Бақыт немесе бақытсыздық сияқты ұғымдарға түрлі анықтама беруге болады. Ертедегі ғалымдар мұндай мәселелерге қатысты көптеген және алуан түрлі пікір айтқан. Бірақ, біз бұл сұраққа қысқаша діни тұрғыдан жауап береміз.
Дінде бақытсыздық деп адамның материалдық (қаржылай) тұрғысын емес, оның рухани дүниесі және мінезі жағынан баға береді. Егер адамның мінезі жаман болса, онда ол ақыреттік өмірінде азапқа түсіп, шынайы бақытсыздыққа ұшырау қаупі бар.
Тіпті, пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаман мінезді бақытсыздықпен теңеген. Бір күні сахабалардың бірі Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Уа, Алланың елшісі! Бақытсыздық деген не? – деп сұрайды.
Пайғамбар (с.ғ.с.):
– Жаман мінез, – деп жауап берген (Имам Ахмет).
Өйткені жаман мінез адамның істеген барлық жақсы амалдарын жоқ етеді. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген риуаятта Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтады:
«Сендер іштарлықтан сақ болғайсыңдар. Расында оттың отынды жегені сияқты, көре алмаушылық та жақсылықтарды жеп тастайды» (Әбу Дәуіт).
Жаман мінезден сақ болу жайында барлық ғалымдар да айтып өткен. Мысалы, Әбу Хамид әл-Ғазали жаман мінез жайында былай деп айтқан: «Жаман мінез – жүрек дерті, жанды жұтатын ауру. Дененің дерті жалған дүние сияқты өтеді де кетеді, ал жүрек жаман мінез ауруына шалдықса, онда мәңгілік дүниең (ақыретің) күйеді. Шебер дәрігерлер денеге қанша көңіл бөліп, дәріні дәл өлшеммен берсе-дағы, жалған өмірдің өткеніне қарап қалғаннан басқа шара таба алмайды. Ендеше мәңгілік өмірді бос өткізуге себеп болатын жүрек дертіне көбірек көңіл бөлгеніміз жөн».
Осы тақырыпқа қатысты Омар ибн Хаттабтан жамағат ішінен біреуі сұрақ қояды:
– Уа, мұсылмандардың әмірі! Көре алмау қасиеті жайында не айтасыз?
Сонда Омар ибн Хаттаб (р.а.):
– Кімнің қолында нығмет болса, міндетті түрде, соны көре алмайтын адам болады. Тіпті, бір қарыс артық нәрсесі болса, соны шұқып көруші табылады. Зиян тигізетін иесіз сөз болмайды.
Хазіреті Омардың айтып өткен көре алмау қасиеті – жаман мінез. Мінездің бұл түрі жоғарыда айтқанымыздай қасықтап жиған жақсылықты жоқ етеді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ