Дәл қазіргі уақытта елордамызда “Ардагерлер ұйымы” республикалық қоғамдық бірлестігінің пленумы өтіп жатыр. Оған Мәжіліс депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, еліміздің барлық өңірінен келген ардагерлер қатысуда.
Жиында сөз сөйлеген ұйым төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ел ішіндегі діни фанатизм проблемасына тоқталды.
– Елімізге қауіпті кеселдің бірі – діни фанатизм. Дін тақырыбы өте нәзік. Шырпы тисе қаулап жанатын шөп сияқты өте сақтықты керек етеді. Соңғы жылдары көбейіп кеткен сақалы беліне түскен жастар, бетін бүркеп, қара жамылған қыздарымыз қоғамдық орталарда жиі кездеседі. Бұлар теріс діни ұстанымдағы адасқан жастар. Бір елде тұрып, Отаны бір мұсылман баласының бір-бірін сыйламауы, тыңдамауы жақсылыққа апармайды. Бұл еліміздің егемендігіне үлкен қауіп, – деді ол.