Сұрақ: балиғат жасты қалай түсінеміз?
Жауап: Балиғат жас: ұл мен қыздың ақыл-ойы жетіліп, өз ақылымен шешім қабылдай алатын, өзінің іс-әрекетіне жауап бере алатын, рухани жағынан жетілген жас. Ислам шариғатында балиғат жасын ұл мен қыздың жыныстық жетілуімен байланыстырады. Ұл бала ұйқыдан тұрғанда еріктен тыс шәуеттің бөлінуі байқалса, қыз бала бойынан етеккір көрсе, сол сәттен бастап олар балиғат жасына жеткен болып саналады. Ешбір белгі байқалмаған жағдайда, исламтанушы ғалымдардың көзқарасы бойынша 15 жасынан бастап екеуі де балиғатқа толған болып есептеледі. Діни рәсімдерін (намаз, ораза т.б.) орындау мәселесінде әке-шешесінің келісімімен болғаны абзал. Себебі дәстүрлі исламның негіздерін білмей, өзге діни ағымдарға еліктеп қасірет шегіп қалмасын.
Кереғар діни ағымдардың іс-әрекеттерінен кездесетін қыз баласы шариғаттағы балиғат жасына толды деп, діни рәсімдерді мәжбүрлеп орындатуы мен тұрмысқа беруге болады деген бұрыс көзқарастардан сақ болғанымыз дұрыс!.
Қазақстан республикасында кәмелет жас 18 жас. Заңға сәйкес, кәмелет жасына толған адам толықтай азаматтық құқыққа ие болып, өз ісіне жауапкершілік алады.
Икрам АЙТАЕВ