– Балғабек аға, Рамазан айында жасалынатын сауапты істер жайында айтып берсеңіз?
– Алла тағала өзінің жаратқандарының арасынан адамзатқа ғибрат беру үшін ерекшелік беріп қойған. Жер бетін жаратқан кезде Меккені ерекше қастерлі қылғандай, күндерді бөлген кезде Жұманы күндердің мырзасы қылды. Сол секілді айлардың арасынан да Рамазан айын айлардың сұлтаны етіп, мың айдан да қайырлы Қадір түнін осы айға жасырды. Аузымызды бекітіп, 30 күн ораза ұстайтын осы ай – жасалатын әрбір жақсылық, берілетін садақа мен орындалатын ғибадаттар үшін де сауаптар еселеп берілетін ай болды.
Осы айда адам баласының жүрегінде мейірім мен жомарттық ерекше ашылады екен. Оны адамдардың күнделікті жасап жатқан игі амалдарынан анық көреміз. Игі мұсылманмын деген пенделер қарымтасын күтпестен жақсылық жасауға жарысып жатыр. Рамазан айында шайтандар кісенделіп, періштелер жер бетіне түседі. Рамазан айында мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Жасаған жақсылықтарымыз еселеніп өзімізге қайтып келеді. Ауыз бекіту арқылы деніміз аурулардан арылады, нәпсіміз құмарлықтан тыйылады, ақыл-санамыз азғындықтан тазарады.
Көріп отырғанымыздай, жақсы амалдар мен сауапты істер шынжыр сияқты бір-біріне тізбектеліп жалғаса береді екен. Ең бастысы, осы Рамазан айындағы жинаған рухани байлығымызды ораза аяқталғаннан кейін де жалғастыра алсақ деген арман бар.
– Ауызашар берудің пайдасы мен сауаптары жөнінде айтып берсеңіз?
– Рамазан айында жасалатын ең абзал амалдардың бірі – ауызашар беру мәдениеті. Ауызашар дастарханы ағайын-туыстың басын қосып, бауырлардың басын біріктіреді. Бір-біріне өкпе-назы болғандар осы айда Жаратқан иеміздің разылығы үшін бір-біріне кешірім беріп татуласып жатады. Өйткені ораза айында шайтан адамдарды азғыра алмайды екен. Шайтан жоқ жерде, әрине, жүрегімізді мейірімділік пен жомарттық жаулап алады.
Сондықтан болар Рамазан айында мешіттердің асханаларында, дәмхана, мейрамханаларда күн сайын мыңдаған адамға дастархан жайылады. Олар әлеуметтік жағдайы төмен бауырларымызды тамақтандырып, мұқтаж отбасыларға азық-түлікпен көмектесіп жатқандар да көбейе түскен. Жағдайы бар ауқатты адамдар өздерінің пітір садақасы мен зекеттерін мешітке, енді біреулері шәкірттерге, кедей-кепшіктерге беріп жатады. Әлеуметтік желіге көз жүгіртсеңіз, шалғай ауылдағы баспанасы жоқ отбасына үй салып беріп жатқандарды, кедей-кепшікке мал-мүлік алып беріп жатқандарды көресіз. Осылардың барлығы да Алла тағаланың разылығын алу үшін жасалып жатқан ізгі амалдар. Алланы, ақырет күнін ойлағандар Рамазан айын осылай қарсы алып шығырып салып жатыр.
– Ауызашар берген кезде дастарханның ағыл-тегіл болғаны міндетті ме?
– Алла тағала өзінің қасиетті кітабы Құран Кәрімде адамдарға «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Ақиқатында, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» – деп бұйырады («Ағраф» сүресі, 31-аят). Сондықтан ауызашар дастарханы аста-төк болмауы керек. Таң сәресінен күн батқанға дейін онсыз да аш жүрген адамның ағзасы бірден көп тамақты көтере алмайтынын медицина мамандары да айтып жатыр. Ауыз бекіткендер де тамақты бірінің артынан бірін тықпаламай лайықты мөлшерде тұтынғаны дұрыс.
Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласына күш жинап, қуаттануы және Алла тағаланың бұйырған парыздарын орындауы үшін аз ғана тамақтану жеткілікті. Егер қажет болса, асқазанның үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға, қалған үштен бірін бос қалдырсын», деп бұйырады.
Ауызашар дастарханын ағыл-тегіл жасап, соны мақтаныш етіп жарысатындар өкінішке орай әлі де бар. Бұл әрекет Рамазан айына еш жараспайды және Алла тағала да мұны жақсы көрмейді екен. Ендеше, қасиетті айда сауап жасаймын деген амалымыз керісінше болып қалмауын ойласақ, ең алдымен, аш-жалаңаш жүргендерді көбірек ойлап, соларға көңіл бөлгеніміз абзал.
Мен өзім осы Астана қаласында абыройлы қызметте жүрген бір ғалым ағамызды білемін. Сол кісі 10 жылдан астам уақыттан бері ораза айында міндетті түрде медресе шәкірттеріне бір күнін бөліп, ауызашар беріп тұрады және оның жария болғанын қаламайды. Сауапты амалдар осылай жасалуы керек шығар.
– Балғабек аға, көп адам ауыздарын құрмамен не сумен ашады, сол қаншалықты дұрыс?
– Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ауыз бекіткен кезде жаңа піскен құрмамен ашатын болған екен. Егер жаңа піскен құрма табылмаса, кепкен құрмамен немесе бір жұтым сумен де ауызын ашқан. Бұл көптеген хадистерде айтылады.
Дегенмен, біздің елде құрма өспейтін болғандықтан, құрмамен ауыз ашуға екінің бірінің мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан біздің географиялық аймақта бар қорекпен ауыз ашу абзал болады деп санаймын. Ал су мен сүт ең қолжетімді қорек болса керек. Бұлардың ешқайсысы жоқ болып қалған жағдайда да үйде бар кез келген адал аспен ауыз ашуға болады.
– Ораза ұстамаған адам ауызашар берсе, ораза ұстағанмен тең сауап ала ма?
– Рамазан айы – мұсылман пенденің рызық-несібесі еселенетін ай. Адам болған соң әртүрлі жағдайларға байланысты осы айда аузын бекітіп ораза ұстауға мүмкіндігі болмай қалған жандар да Рамазан айының рызығынан мақұрым қалғысы келмейтіні сөзсіз. Олар не істеуі керек?
Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен мынандай бір хадис бар. Алла Елшісі «…Кімде-кім ораза тұтып, ауыз бекіткен пендеге ауыз аштырса күнәләрі кешіріліп, тозақ отынан аман қалады. Сондай-ақ ешбір кем-кетіксіз ораза ұстаушының сауабындай сауапқа ие болады», – деп бұйырады. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Ораза ұстаған адамға ауыз аштыруға мүмкіндігіміз (жағдайымыз) болмаса не істейміз», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Ауызы берік адамға бір дана құрмамен ауызашар бергенге де, тек сумен немесе сүтпен ауыз аштырғанға да осы сауап жазылады», – деп жауап берген екен.
Сол үшін болар, Рамазан айында қайырымдылық мекемелерінде тәрбиеленіп жатқандарға, медреселерде білім алып алып жатқан шәкірттерге ауыз ашар беруге азаматтарымыз кезекке тұрып жатады.
– Қазіргі мұсылмандар Рамазан айында нені ескергендері жөн?
– Рамазан айы әрбіріміздің кейбір мінез-құлықтарымызды жөндеп, өміріміздің қалған кезеңі үшін жаңа көкжиек ашуы мүмкін. Үлкен өзгерістер кішігірім әрекеттерден басталады дегендей, осы айда бастаған ізгі қадамдарымызды тұрақты түрде жақсылыққа қарай ілгерілетуіміз қажет.
Рамазан айын қарсы алу үшін рухани тұрғыдан болсын, әлеуметтік тұрғыдан болсын қалай дайындалсақ, осы қасиеттерімізді жыл он екі ай бойы сақтап жүрейік. Адамның киімі, денесі кірленсе, оны жуып тазартамыз. Дәл сол секілді адамның көңілі де кірленеді екен. Осы айда біз өзімізді он бір айдың кірінен тазартып, өмірімізге жаңа көзқарас әкелетінімізге өзімізді сендіруіміз керек.
Жүректі тазартатын нәрселер әлбетте Жаратқан иемізге жақындататын амалдар. Оның біріншісі – Алланың парыздарын орындау, екіншісі – айналамызға, қоршаған ортаға, адамдарға жақсылық жасау. Үйімізде ата-анамыз бен бауырларымызға құрмет көрсету, мүмкіндігінше зиярат жасап, жақын туыстармен амандасып батасын алу, көрші-қолаңға, дос-жаранға, кедей-кепшіктерге мейірімді болу, жылы сөз сөйлеу, ізеттілік көрсету секілді амалдар жасау ешуақытта артық болмайды.
Осы айда ұнамайтын әдеттеріміздің бірінен болса да бас тартайық. Мысалы, темекі шегетін адам темекісін тастап көрсін, кекшілдіктен, өкпеден, реніштен арылайық. Ұйқыны жақсы көретіндер ұйқысын азайтсын. Өйткені, Алла тағала бізді бұл өмірге ұйықтап өту үшін жіберген жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Балжан ӘБДІРАШ