– Балғабек аға, Ауғанстанда күрт өзгерген әскери-саяси жағдай Қазақстанға әсерін беруі мүмкін бе?
– Ауғанстандағы әскери-саяси жағдай Қазақстанға соншалықты қатты әсерін тигізеді деп ойламаймын. Себебі, ол жақта Талибан мәселесі бүгін ғана пайда болған проблема емес. Сол елдегі саяси тұрақсыздық пен тұрғындарының арасындағы билікке таластың кесірінен болып отыр.
Қазақстан мемлекет ретінде Ауғанстанмен бұрыннан бері саяси қарым- қатынас орнатқан. Сондай-ақ өзінің мүддесін жүзеге асыру үшін ынтымақтастығын жалғастыра берері сөзсіз.
Әрбір мемлекет өзінің экономикалық және мәдени мүддесін көздейтіні ақиқат. Бұл жерде ең маңыздысы – мемлекетіміздің өз шекарасын құс ұшып өте алмайтындай бекем ұстауы және кез келген төтенше жағдайға қарулы күштерінің сақадай сай болуы. Менің ойымша, мемлекетіміз тиісті сақтық шараларын қабылдадап, дайындықтарын жүзеге асырып жатыр.
– Сонда тәліптердің негізгі мақсаты неде болды деп ойлайсыз?
– Талибан өзінің құрылуының философиясын Ауғанстанда исламға негізделген билікті орнату деп анықтады. Мен мұны Талибан дінді пайдаланып билікке жетуде өздеріне жақтастар жинау үшін пайдаланғысы келеді деп айтар едім. Әйтпесе, ол елдің 100 пайыз ислам дінін ұстанатын халқы дін нормаларын Талибан айтпаса да біледі және күнделікті өмірлерінде де қолданады.
Өткен тарихына қарайтын болсақ, «талиб» (студент) сөзінің көпше түрінен пайда болған «Талибан» (студенттер) атауын қабылдаған ұйым 1994 жылы Молла Омар Ахундтың басшылығымен 50-ге жуық медресе шәкірттерімен құрылған. Яғни құрамы негізінен медресе мен шариғат мектебінің оқушылары.
Этникалық пуштун Мевлана Самиул Хак бастаған «Дарул Улум Хаккание» медресесі де осы ұйымға қосылады. Қозғалыстың басым бөлігін елдің оңтүстігіндегі пуштундар мен Пәкістан медреселерінде оқитын босқын отбасылардың балалары құрайды. Ауғанстан Ислам Әмірлігі болып құрылып, негізін қалаушы Молла Омарды Әмирул Муминин (Мүміндердің Әмірі) деп жариялады. Ту өзгерді. Молла Омар есімімен мешіттерде уағыз оқылды. Шариғатқа негізделген конституциялық жүйе күшіне енді. Ханафи мәзһабына басымдық берілді. Былай қарағанда аса қатты үрейленетіндей жағдай емес.
Басында салыстырмалы түрде жұмсақ көрініске ие ұйым ретінде көрінгісі келсе де, Талибанның кейбір тәжірибелерінен шариғат ережелерін өте қатаң қолдануға бейім екенін көреміз.
Атап айтқанда, Әмри бил Маруф министрлігі (Жақсылыққа шақыру) күнделікті өмірде шариғат тәжірибесін қадағалау үшін құрылған. Әйелдерге жұмыс істеуге, қыздардың мектепке баруына және білім алуына тыйым салынды. Әйелдерге орамал, еркектерге сақал қою міндетті болды. Сақалын кескендерге 6 айдан бастап бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Беттері көрінген әйелдерді қамшымен ұрып-соқты.
Ауғанстан телеарнасының көрсетілімі тоқтатылды. Музыканың барлық түріне, сонымен қатар, фото түсуге тыйым салынды. Ерлер үйіне жақын мешітте күніне 5 уақыт намаз оқуға міндеттелді. Мешітке себепсіз бармағандарға қатаң санкциялар енгізілді.
Намаздың уақытын білмейтіндерге қамшымен дүре соғылатын болған. Барлық мектептер медресеге айналған. Оқулықтардағы суреттер жойылды. Осы сияқты бітпейтін тыйымдардан тұратын жүйе өркениет көшіне қалай ілесе алатыны беймәлім.
– Балғабек Әбдіқайымұлы, Ауғанстандағы тұрақсыздық қанша уақытқа созылуы мүмкін?
– Ауғанстанда саяси күшке ие 4-5 этникалық топ мекен етеді. Олардың арасында мемлекетті басқаруға деген ымырасыз келіспеушілік пен талас бар. Осы әрбір топтың артында Ауғанстандағы жер асты байлықтарына ие болуды көздеген алпауыт күштер мен дамыған мемлекеттер тұрғаны жасырын емес.
АҚШ, Ресей, Қытай, Англия, Франция, Түркия және басқа да бірнеше мемлекет өз мүдделерін жүзеге асыру үшін жоғарыда айтып өткен этникалық топтарды пайдаланады. Осындай жағдайда жергілікті этникалық топтарға үлкен салмақ түседі.
Сыртқы күштердің ықпалынан құтылмайынша тұрақсыздық жалғаса береді. Ауғанстанда бейбітшілікке ең алдымен сол елдің халқы мұқтаж. Жарты ғасырдан асам уақыт бомбалардың жарылысынан көз ашпаған халықтың мұңын сыртта отырғандар оңайлықпен сезіне алмас. Елу жыл бұрын өмірге келген балалар бүгін орта жастан асып барады екен.
Сондықтан, біріншіден, балалықты сезініп емін-еркін ойнай алмай өскен ұрпақтың психологиясы әбден жұқарғанын ескерсек және екінші жағынан, қарапайым халықтың білім-ғылымсыз қараңғы болып қалғанын назарға алатын болсақ, жуық арада тұрақтылық орнайды деп айтуға ерте.
– «Қазақстан ауған босқындарын қабылдайды екен» деген алып-қашпа әңгіме көп. Оларды әкелетін болса, біздегі тұрақтылық пен бейбітшілікке зардабын тигізуі мүмкін бе?
– Ауғанстанда бүгінге дейін әлемнің түпкір-түкпірінен келген содырлар ислам атын жамылып көптеген террористік әрекеттер жасады. Олардың санын және қай елдерден қанша адам енгенін дөп басып айту өте қиын. Кезінде Сириядағы ДАИШ-тан қашқан содырлар да Ауғанстанға барып паналады. Олардың да Орта Азия мен Қазақстанда өздерінің жақтастарын дайындауға деген мақсаттары болғанын білеміз. Осыларды ескере отырып дәл қазіргі уақытта босқындарды қабылдамаған жөн деп санаймын.
– Сирия, Ауғанстанға шақыратын жат ағымдардың жетегінде көбінесе кімдер кетіп жатыр?
– Әлбетте, діни сауаты төмен және исламның құндылықтарын дұрыс түсінбеген радикал пікірдегі азаматтар. Өкінішке қарай, біздің елімізде аз да болса осындай түсініктегі адамдар кездеседі. Олар Ауғанстанда Ислам Әмірлігі орнағаны секілді бізде де шариғатпен басқарылатын жүйе құру үшін астыртын жұмыстарын жандандыруы мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз.
Сонымен қатар, соттың шешімімен елімізде қызметіне тыйым салынған «Әл Қайда», «ат-Такфир уал-Хижра», «Таблиғи Жамағат» секілді террористік және экстремистік ұйымдардың жекелеген өкілдері Талибанмен байланыс орнатуға әрекеттер жасайтын болады. Сондықтан дін саласындағы уәкілетті органдар тұрғындарды ақпараттандыру үшін түсіндіру жұмыстарын жалғастыра беруі қажет.
– Құнды ақпаратпен бөліскеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ