Сұрақ: Қазіргі күні баланы тақ жаста (3, 5, 7 жаста) сүндетке отырғызу керек деген түсінік бар. Бұл шариғатта бар нәрсе ме?
Жауап: Баланы сүндеттеу амалы тек Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың емес, сонау Ибраһим пайғамбардан (ғ.с.) бастау алып келе жатқан барлық пайғамбарлардың сүннеті десек қате болмайды. Сүннет исламда құпталған амал болғанымен оның жасалуы қажет нақты уақыты шектелмеген. Мысалы, әз-Зуһайриден жеткен риуаятқа сәйкес пайғамбар (с.ғ.с.): «Исламды қабылдаған адамның жасы үлкен болса да сүннетке отырсын», – деп айтқан.
Сонымен баланы сүндетке отырғызу уақытын таңдау ата-анаға байланысты. Ата-ана бұл рәсімді өздерінің жағдайларына сәйкес жасауға құқылы. Сол себепті әр халықта баланы сүндетке отырғызу жас шамасы қалыптасқан десек қателеспейміз. Кейбір халықтар баланы сүндетке нәрсете кезінде отырғызса, басқалары оның алты немесе жеті жасқа толуын күтеді.
Дегенмен, дінде баланы сүндетке отырғызу амалын кішкентай кезінде жасап тастау дәстүрі қалыптасқан. Тіпті, Байхақиден жеткен хадисте пайғамбар (с.ғ.с.) немерелері Асан мен Үсенге арнап қой сойып, жетінші күні сүндетке отырғызғандығы туралы айтылады.
Әдетте қазақ халқы бала алты немесе жеті жасқа толған кезде сүндеттейді. Бала бір-біріне серік болып, ойнап-күліп тез тұрып кетулері үшін қасына көрші балаларын немесе кіші інілерін де жатқызады. Себебі метепке баратын бала сүндетке отырғанын мақтан тұтып, өзін кіші інілерінің қасында ер азамат сезінері сөзсіз.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ