Сұрақ: Бала ойынды жақсы көреді. Балиғат жасына жетпеген баланы әзілдеп алдауға бола ма?
Жауап: Исламда өтіріктің әзілі немесе шыны, үлкені немесе кішісі болмайды. Дінде тыйым салынған нәрсе арам болып қала береді. Баламен әзілдесуге де, онымен ойнауға да болады, бірақ алдауға болмайды. Балаға бір өтірік айтасыз, кейін тағы айтасыз, сосын бұл әрекет әдетке айналуы ықтимал.
Баланың балиғат жасына жетіп-жетпеуі шарт емес. Жалпы балаларға өтірік айтуға қатысты: «Кім сәбиге: «Мұнда кел, мынаны ала ғой», – деп, бірақ оған еш нәрсе бермеген болса, ол – өтірікші» деген хадис бар (Ахмад).
Абдулла ибн Амир (р.а.) былай дейді: «Бір күні үйімізде Алланың елшісі (с.ғ.с.) отырған кезде анам:
– Бері келе ғой, бірдеңе беремін, – деп мені шақырып алды.
Мұны көрген Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Оған не бермекші едіңіз? – деп сұрады.
Анам:
– Бір түйір құрма бермекпін, – деді. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.):
– Егер ештеңе бермегеніңде, саған бір өтірік жазылар еді, – деді» (Әбу Дәуіт).
Исламда балаға өтірік айтуға тыйым салынудағы мақсат – оны өтірікке әуес етпей, оған жақсы тәрбие беру. Өйткені сәби кезінен өтірікпен өскен бала, ержеткен соң өтірікші, ішітар, ұры, шағымданғыш, ұшқалақ, күлекеш, айлакер, сараң сияқты бойында жарамсыз қасиеттері бар азаматқа айналуы әбден мүмкін. Бұдан сақтанудың жолы – көркем тәрбие.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ