Сұрақ: Менің жолдас балам кішкентай інісіне жиі өтірік айтады. Мен оған: «Неге бұлай жасайсың?» деп сұрасам, «Ол әлі бала, еш нәрсе қылмайды», – деген сылтауын айтады. Жалпы кішкентай баланы өтірік айтып алдаса бола ма?
Жауап: Мұсылман адамға өтірік айтқан жараспайды. Ол кімге не айтса да шын сөйлеуі керек. Ал кішкентай балаға тіпті өтірік айтуға болмайды. Бала әлі кішкентай, ақылы жоқ деп қарау мүлдем қате пікір.
Пайғамбар (с.ғ.с.) өтіріктің бұл түрі турасында: «Кім сәбиге: «Мұнда кел, мынаны ала ғой», – деп, бірақ оған еш нәрсе бермесе, ол – өтірікші», – деп айтқан (Ахмад).
Пайғамбардың (с.ғ.с.) балаға өтірік айтпау керек деген хадисінен мақсат – баланы өтірікке әуес етпей, оған жақсы тәрбие беру керек деген сөз. Өйткені сәби кезінен өтірікпен өскен бала, ержеткен соң өтірікші, ішітар, ұры, шағымданғыш, ұшқалақ, күлекеш, айлакер, сараң сияқты бойында жарамсыз қасиеттері бар азаматқа айналуы мүмкін. Бала кезінен құлағын өтірікке үйретіп, есейген кезінде оның тәрбиелі азамат болуын талап ету қиын жағдай.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ