Сұрақ: Facebook желісіндегі бір парақшада «Баланы ғылым-біліммен тәрбиелеген дұрыс па әлде дінмен бе?» деген сауал талқыланып жатқанын. Біз баланы ата-әжелерімізден көргендей отбасылық құндылықтарға сәйкес тәрбиелейміз. Сонда сұрақ иесі не айтқысы келіп отыр?
Жауап: Біріншіден, сұрақ қоюшының әу баста көздеген мақсаты айқын. Оқырманға қасақана арандатушы сұрақ қою арқылы «жақтаушы» және «қарсы тарап» деп екі бөлу. Кейін дінді жақтаушылар «қарсы тарап», ал дінге қарсы шыққандарды «жақтаушы» деп екі лагерге бөлу арқылы оларды бір-бірімен таластырып қою. Ал адамдардың арасына от салу жақсы қасиет емес. Негізінде қойылған сұрақтың тәрбиеге түк қатысы жоқ. Ол жай ғана жастардың арасында исламофобия тудырудың бір әдісі десек дұрыс болар. Себебі ақиық ақын Мұқағали дінді дұрыс танымаған адамдарға:
«Дін – ғылымның анасы,
Дін – ғылымның әкесі.
Ғылым – діннің баласы,
Дін – ғылымның көкесі», – деп шегелеп айтып кеткен. Сондықтан да дінді құбыжық етіп көрсету арқылы адамдарға басқа альтернатива ұсыну мәселесі сонау атеизм кезінде-ақ өзектілігін жоғалтқан.
Бұған қоса көзі ашық әрбір азамат дін мен ғылымның өзара сабақтастығын жақсы біледі. Ол үшін әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Хорезми, ән-Нисабури, Ибн Рушд, Ибн Халдун, әл-Жабири, Ұлықбек сынды мыңдаған астрономия, физика, химия, алгебра, геометрия, мантық, биология, медицина, жағрафия т.б. көптеген салаларда шоқтығы биік энциклопедист мұсылман ғалымдарын сайып жату артық.
Сөз соңында маңызды мына жайтқа назар аудартқым келіп отыр: желілерде діни өшпенділікті немесе алауаздықты тудыратын исламды қаралауға немесе мазақ етуге бағытталған суреттерді тарату, олардың астына діндаларды кемсіту мағынасында коменттер жазу сияқты немесе азаматтардың имандылығына қатер төндіруге бағытталған барлық әрекеттің түрі экстремизм белгісі саналып, заң аясында қылмыстық жауапқа тартылатынын естен шығармаған жөн.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ