Сұрақ: Баланы еркелетіп атауға бола ма?
Жауап: Ислам балаларға сүйіспеншілік және мейірімділікпен қарайды. Баланы тіпті жәннаттың көбелегімен теңейді. Мысалы пайғамбар (с.ғ.с.) немерелері Хасан мен Хусейінді қатты жақсы көріп, олармен өзі ойнайтын еді.
Сондықтан да Ислам оларға қатты қамқор болуға шақырады. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) Хасан ибн Әлиді сүйеді. Оның қасында әл-Ақрағ ибн Хабис әт-Тамими отырған болатын. Ақрағ:
– Расында менің он балам бар. Олардың бірін де сүймедім, – дейді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) оған қарап:
– Кім рақымды болмаса, оған рақымдылық бұйырмайды, – деп айтады» (Бұхари).
Сол үшін баланы еркелетіп атаудың әбестігі жоқ. Бұл ата-ананың баласына, үлкен бауырдың кішісіне деген махаббат, сүйіспеншілік, мейірім және сол сияқты сезімдерден шығады. Тіпті белгілі сахаба Әбу Һурайраның өзін еркелетіп атаған.
Исламда кейбір адамдардың айтқанындай «баланы сүюге болмайды», «баланы жақсы көруге болмайды» немесе «оларды иіскеуге болмайды» деген сияқты пікірлерге ешқандай негіз жоқ.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ