Сұрақ: Жуырда желіде «Баланы дәстүрмен тәрбиелеген дұрыс па әлде дінмен тәрбиелеген жөн бе?» деп қойылған сұрақты көрдім. Сұрақ қызу талқыға түсіп, әркім әртүрлі пікір айтып жатты. Тіпті бір-біріне қатты сөздер жазып жатқандар да болды. Сонда дәстүрді діннен ажыратып тәрбие беруге бола ма?
Жауап: Әдетте дін мен дәстүрді немесе дін мен тілді яки болмаса дін мен ділді, дін мен ғылымды ажыратуды көздейтін адам – халықты діннен алшақтатуды қалайды. Дінді қараңғы етіп, өзінің қандайда бір басқа сенімін жарнамалауды немесе атеист екенін айтпақшы. Біздің жағдайда мұндай адамның исламофоб екені анық. Ол жәй тілді, тарихты немесе дәстүрді жамылады, оның астарында дінді қаралау мақсаты жатыр.
Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. Діндегі адамгершілік құндылықтардың қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Халық дініне, сеніміне сәйкес күнделікті тіршілік қолданысында амал ететін, бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-кұлық ережесі десек болады.
Дәстүр мен дін, сенім ажыратылмайды, олар бір-бірімен үйлесімде бірге өмір сүреді. Себебі салт-дәстүрдің артында дін немесе сенім тұр: азан шақырып ат қою, сүндетке отырғызу, қоқысты баспау, кеш бата тырнақ алмау, кір суды жол үстіне төкпеу және т.б.
Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сияқты т.б. қазақтың көптеген заңғар ақындары мен шайырлары қайсы жолмен тәрбие алды? Мысалы, Зере анамыз Абайды дәретсіз емізбегенін жақсы білеміз. Сонда Зере анамыз Абайды тек дінмен немесе дәстүрмен тәрбиеледі деуге бола ма?
Сол сияқты ол заманда тәлімді молданың алдынан немесе медреседен алатыны тағы бар. Сол үшін келешекте бұлай қойылған сұрақтың астарында дінаралық және ұлтаралық бірлік мен татулыққа қарсы әрекеттің жатқанын естен шығармау керек. Мұндай әрекеттің кез келген түріне Конституцияның 39-бабымен тыйым салынған: «Ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады». Мұндай жағдайда ондай азаматтар қылмыстық жауапқа тартылады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ