ҚР Білім және ғылым министрлігінің Бала құқықтарын қорғау комитетінің зерттеулері бойынша, ата-аналардың 1/3 тәулігіне балаларына 30 минуттан аз уақыт көңіл бөледі екен.
Мамандардың айтуынша, баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы үшін әсіресе бес жасқа дейін берілетін тәрбиенің орны ерекше. Күні бойғы жұмыстан шаршауды бір шетке ысырып, балаға уақыт бөле білу керек екендігін алға тартады. Бұл бөлінген уақыт балаға кейінгі өмірінде көп пайдасын тигізбек.
Психоанализ ассоциациясының мүшесі, психоаналитик Бинұр Мұратқызы аталған мәселе негізінен бұрыннан бері келе жатқандығын айтады. Сондай-ақ карантин кезінде бұл жағдай одан да өршіп кеткендігін жеткізді.
– Үйде отырған ата-ана да жеке басының проблемасымен жүріп, баласына тиісінше уақыт бөле алмайды. Қажетті киім-кешегін алып беріп, материалдық жағдайын жасап отырса, сол жеткілікті деген түсінікті қалыптастырып алған. Шыңдығында, ата-анасының мейірімі мен махаббатына қаныққан бала, ешқашан жаман жолға түсіп кетпейді. Сондықтан мейлінше жылулық пен мейірімділікті балаға көбірек сезіндіруіміз қажет, – дейді психоаналитик.
Ал психолог Сымбат Әдірахманова бала мен ананың арасын жақындату мақсатында арнайы «Тату отбасы» онлайн марафонын ұйымдастырған. Оған қатысуға 212 отбасы ниет білдірген. Алайда, тек 102 отбасы ғана тиісті тапсырмаларды орындап, марафонды ойдағыдай аяқтады. Оның ішінде 65 жас отбасы, 11 көпбалалы отбасы қатысқан.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара жалпы отбасы құндылығын насихаттауға, отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасын жақсартуға, балаларға көбірек көңіл бөлуге бағытталған.
Сымбат Әбдірахманова зерттеудің нәтижесінде ата-ана баласына күніне 24 сағаттың жарты сағатын да бөлмейтінін анықтаған. Осыдан ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынастың берік еместігін байқауымызға болады.
Бинұр ханымның айтуынша, көбінесе мұндай проблема жауапкершілікті аса сезінбеген, жұмысбастылықпен тәрбиелеуді бір-біріне сілтеген отбасында туындайды. Баламен сөйлесуге, бірге ойнауға уақыт таба алмайтын ата-ананың қарым қатынасы баласының өзіне деген сенімділігін азайтады.
– Жасөспірімдер психологиясына байланысты зерттеулерде күніне 4 сағаттан артық ұялы телефонды ұстауға болмайтындығы баса айтылады. Сондай-ақ көбінесе ата-ана 2-3 жастағы баланың тыныш отыруы үшін телефонды қолына ұстатып қояды. Ол енді өсіп келе жатқан баланың қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Қазіргі кезде балалар мен жасөспірімдердің шектен тыс телефон мен планшетке тәуелділігі салдарынан құмар ойындарға әуестенуі де орын алып жатыр,-дейді Бинұр Мұратқызы.
Мамандардың айтуынша, балаға бөлінген уақыт оның көп күйзеліске ұшырамауына, кездескен қиындықтарды қиналмай жеңуіне көмектеседі екен.
– Әсіресе, бала саны көп отбасыларда әр балаға теңдей уақыт бөле білу маңызды. Бала саны аз немесе жалғыз бала болған отбасыларда баланың іші анағұрлым көп пысатынын есепке алу керек. Ондайда баламен бірге уақыт өткізу міндеті ата-анаға көбірек жүктеледі. Әсіресе, есейген шаққа дейінгі жүргізілген зерттеулерге қарағанымызда, ата-анасымен не отбасымен жақындығы болған не жақындарымен бірге көбірек уақыт өткізген кісілер кездескен күйзелісті жағдайлардан анағұрлым тез жеңе білген, – дейді Сымбат Әбдірахманова.
Ал Бинұр Мұратқызы баламен өткізген уақыттың ұзақтығы емес, сапасы маңызды дейді. Өйткені кей жағдайда ата-ана физикалық тұрғыдан қасында болғанымен, эмоциалық тұрғыда оймен басқа жақта болатындығын айтты.
– Ол үшін күнделікті өмірде өзіңізге бір бағдарлама жасап, тамақ жеу, теледидар көру, ұйықтау және осыған ұқсас көптеген күнделікті істермен қатар балаға уақыт бөлуді де ұмытпау керек. Әр жас шамасына қарай балаға ата-ана ретінде бөлетін уақытымыз оның бақытты болуына және психологиялық дамуына оң әсер етеді. Кері жағдайда нашар қылықтарымен бала бәрірбір өзіне көңіл бөлдіретін болады, кейін сіз оның бұзақылықтарын жөнге салуға мәжбүр боласыз, – дейді психолог.
“Не ексең, соны орасың” демекші, дәл қазір егілген дән ертең жақсы жеміс болып өсуіне ықпал жасауымыз керек. Ендеше, ертең бүлдіршіннің болашағы жарқын болсын десек, бүгін соның әрекетін жасайық.
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ