Себебі, Құран Кәрім аяттарының емдік қасиеті өте көп. Ол жөнінде Жаратушы Хақ тағала: «Құранның болмысында, мүміндерге ем болатын шипа бар. (Біз) оларға Өз мейірімімізді осылай түсіреміз» (әл-Исра сүресі, 82-аят), – деген.
Көп жағдайда әйел адамның жүкті болуына шайтан кедергі келтіріп, қастандық жасайтын көрінеді. Ол жөнінде Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Шайтан жүкті әйелдің жатырындағы қантамырды түртіп түсік тастатады» (Термези), – делінген. Сондықтан, осы кезеңде жүктілік жайлы айтылған аяттарды оқып дем салдыруды ғалымдар құп көреді. Мысалы, «Әли-Имран» сүресінің: «Ақиқатын айтар болсақ, жерде де, ғарышта да Алладан жасырын қалатын ешнәрсе жоқ. Ана құрсағында жатқан кездеріңде-ақ Алла сендерді Өзі қалаған бейнеге келтірді. Одан өзге Тәңір жоқ. Ол Азиз (аса Үстем) әрі Хаким», – деген 5-6 аяттарын және осы сүренің: «Жаратқан Ием! Құрсағымдағы (нәрестені), тек Сенің жолыңда ықыласпен құлшылық етсін деп (Өзіңе жалбарынып), серт беріп отырмын. Тілегімді қабыл ет. Ақиқатын айтсақ, Сен Естушісің, әрі Білушісің», – деп Имранның әйелі Құдайға жалбарынған еді», – деген 34-аятын, сол секілді басқа да аяттардың арабша нұсқасын оқып, өзіңіз дем салуға немесе білікті (Құранды арабша түпнұсқасынан оқитын) имам-молдаларға салдыруға болады.