Сұрақ: Балаға «Расул» есімін қоюға бола ма?
Жауап: Ата-ана үшін баласына жақсы есім беру маңызды шаралардың бірі. Ол бала ғұмыр бойына сол есіммен бірге жүріп, сол есіммен танылады. Шақалаққа азан шақырып есім қоймастан бұрын әулеттің немесе үйдің ақсалдарымен ақылдасқан жөн. Ал егер есімнің тек қазақи емес һәм діни мағынасының болғанын қаласаңыз, онда діни сауаты бар ағайынмен ақылдасқан мақұл.
Егер имаммен немесе т.б. дінді терең білетін маманмен кеңесуге мүмкіндік болса, онда тіпті жақсы. Себебі сіз қалаған немесе таңдап алған есім сөздің бірнеше мағынасы, діни мазмұны болары анық. Бәлкім ол сөздің мағынасы жақсы болғанымен жалқы есім ретінде қолданылмауы мүмкін. Бүгінде жастарымыз құлаққа жағымды естілетін немесе өзінің ортасында, желіде сәнге айналған есімдерді де қоюға әуес келеді. Әсіресе қала жастары көрген немесе естіген шетелдік телесериал кейіпкерлерінің есімдерін беріп, бірақ оның мазмұны мен қойылу мақсатына мән бермейді.
Ал енді «Расул» есіміне келейік. «Расул» сөзі – кірме сөз. Бұл сөз араб тілінде жалпы «елші» деген мағынаны білдіреді. Бірақ ислам дінінің келуімен бұл есім сөз Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) қатысты айтылып, сол кісінің қоғамдағы әлеуметтік мәртебесін білдіретін болды. Өйткені Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың елшісі. Басқаша айтқанда исламның келуімен «Расул» деп Алланың елшісін (с.ғ.с.) айтады, бұл әсіресе дінде және діни қітаптар мен ислам тарихында «расул Алла» немесе «нәби Алла» деп келетін сөз тіркестерінде анық байқалады. Сондықтан ислам балаларға «Расул» (елші) немесе «Абдрасул» (Елшінің құлы) деген сияқты есімдердің қойылғанын құп көрмейді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Рассулла деп қойса болады ма