Заманында Төле би бабамыз жаудан қалған бір жасар баланы тауып алып, оны бір келініне әкеліпті: «Бір жылдан кейін тексеремін, өз балаңа қалай қарасаң, бұл балаға да солай қара» деген екен.
Бір жылдан кейін қараса, келіннің өз баласы топ-томпақ, ал атамыздың қалдырған баласы ап-арық. Сонда келіні: «Ата, екі баланы бірдей еміздім. Сүтімді тең бөліп бердім. Бірақ неге олай болғанын түсінбей отырмын» дейді.
Сонда Төле би атамыз: «Балаға ең алдымен сүт емес, ананың мейірімі керек. Сен мейіріміңді өз балаңа төккенсің, ал бұл балаға сондай мейіріммен қарамағансың» деген екен.
Иә, ислам дінінде және қазақ халқының дәстүрінде жетімдерді асырап алудың өзі үлкен сауапты амал. Құран аяттарына, пайғамбар хадистеріне, халқымыздың өсиеттеріне назар салатын болсақ, бұған нақты көз жеткіземіз. Асырап алған жетім балаларды өз баласынан артық көрмесе, кем көрмеуі керек.
Алла Елшісі (с.ғ.с) хадисінде былай деп айтқан: «Кім Алла ризалығы үшін бір жетімнің басынан сипаса, қолы тиген әрбір шашы үшін жақсылық жазылады».
Сондықтан болса керек Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларынан: «Бүгін неше жетімнің басынан сипадың» деп сұрап отыратын болған екен.
Ардақты Пайғамбарымыздың «Егер кімде-кім жетім ұл немесе жетім қызға жаны ашып, қамқорлық жасаса, онымен жәннатта осылай қатар боламыз» деп сұқ саусағы мен ортан саусағын бірге көрсеткені де бар екен.
Алла Тағала жетім қалған сәбилерге қамқорлық танытқан, мейірім төккен жандарға разы болсын! Әмин.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
Мына ақпаратты өз парақшама алғым келеді. Қалай сілтемесін жібере аламыз авторға