Сұрақ: Балаға дұрыс тәрбиені қалай беруге болады?
Жауап: Ислам жалпы тәрбие үшін басты ұстаным – шынайылық екенін алға тартады. Ата-ананың «Балаға тәрбие беріп жатырмын» деп жасанды отырып-тұруынан немесе амал жасаудан пайда жоқ. Себебі қандай да жасанды әрекет немесе мінез шынайы болмағаны үшін ұзаққа созылмайды.
Егер ата-ана балаға имандылық, қазақилық тәрбие беруді қаласа, онда соны әуелі өздері шынайы өмірде амалға асырулары шарт. Бала бойынан көруді қалаған құндылықтарды өздері практикада (әдеттегі амалы ретінде) жиі қолданып жүрген қасиеттеріне айналуы тиіс. Бала соны көріп, шынайы еліктейді.
Әйтпесе жаттанды дүние, баланың ақылында теориялық түрде жатталғанымен мінезінде көрініс таппайды. Жүрекке отырмаған дүние мінезге де қонбайды. Әл-Фараби айтқандай: «Адамның мінезі – оның жан айнасы». Бала көркем мінезді болуы үшін ата-ана жақсы қасиеттерді оның жадына емес, жан дүниесіне отырғызулары керек.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ