Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау туралы шешім шығарған болатын. Бұған мектепке дейінгі ұйымдардың жұмыстарына ата-аналар тарапынан түскен түрлі шағымдар әсер етті. Балалар құқығы қорғалмай жатқандығы көпті алаңдатуда.
Елорда тұрғыны Айсұлу есімді ана (аты кейіпкердің сұранысы бойынша өзгертілді) қызын мемлекеттік балабақшаға кезегі келгенше 60 мың теңге төлеп жекеменшік бақшаға берген. Анасының айтуынша, бүлдіршін барғысы келмегендіктен, мәжбүрлі түрде апарған. Себебі үйінің маңайындағы жалғыз балабақша сол болған екен.
– Өз басым мектепке дейінгі мекемелер лицензиядан өтеді дегенде қуандым. Ата-ана ретінде тәртіптің орнатылғанын қалаймын. Әлеуметтік желілердегі жантүршігерлік оқиғаларды көргенде жүрегім ауырады, себебі сондай жағдайға менің баламның да ұшырау қаупі бар ғой. Көпқабатты үйлердің жылуы аз жертөлесінде не болмаса екі қабатты үйде ашылған кейбір балабақшалар санитарлық нормаларға сай емес. Себебі ойнайтын және тамақ ішетін бөлмесі бір, ұйықтайтын бөлмесі тар. Ондай жерде қандай қауіпсіздік бар деп айта аласыз?!
Кейін мемлекеттік балабақшаға орын алғаннан кейін қызым қуана баратын болды. Дегенмен тәртіп бар жерде жүйе де болатыны рас. Бір топқа екі тәрбиеші, бір бала күтуші қарайды. Яғни бір тәрбиеші түске дейін болса, екіншісі түстен кейін қарайды. Бала түрлі үйірмеге барады, жаттатқыза алмай жүрген тақпақтарды зулатып айтатын деңгейге жетті.
Жұмыстан соң көтеріңкі көңіл күймен шыққан балаңды алып кеткенде өзің де іштей риза боласың. Шынымен балаға қарау тек тамақ беру, уақытында ұйықтату дегенмен шектелмейді, онымен тікелей жұмыс жасау керек. Ол үшін педагог білікті болуы маңызды, – дейді Айсұлу.
Мектепке дейінгі ұйымдарда бірыңғай талаптар жоқ
Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті лицензиялау кезең-кезеңімен іске асырылады және оны енгізу 2024 жылға жоспарланғанын атап өтті. Яғни бұл мектепке дейінгі ұйымдарға жұмысты сапа стандарттарына сәйкестендіру үшін уақыт берілетінін білдіреді. Бірінші жаңадан ашылған ұйымдар, екінші аттестациядан өтпей қалғандар лицензиядан өтеді, ол дегеніміз әр балабақшаның дайындалуға уақыты бар.
Білім сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Тұрғанбаеваның айтуынша, бүгінгі таңда мектепке дейінгі ұйымдарды ашуға бірыңғай талаптар жоқ. Балабақша ашқанда қандай жағдай жасалғанын, кімді жұмысқа алады, материалдық-техникалық жабдықталуы қандай екенін ешкім тексеріп жатпайды. Кейбір жекеменшік балабақшалар тіпті ашылғаны туралы да хабарламайды екен.
– Балабақшаларды лицензиялау 2011 жылға дейін болған. Ол кезде бұл бала санын қамту үшін жекеменшік ұйымдарды ашуға, оған кәсіпкерлерді тартуға мүмкіндік берді. Себебі мемлекеттік бюджетке барлық бүлдіршінді қамту мүмкін болмады. Жеке балабақшалардың көптеп ашылуы бизнестің және мемлекеттің дамуына оң әсерін берді. Ол кезде олар рұқсатнамалар категориясына ауысқан еді.
Қазіргі кезде біз балабақшамен 100 пайызға дейін қамтуға қол жеткіздік. Елімізде 11 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 5 мыңнан астамы жекеменшік. Енді біз сапа мәселесін бірінші орынға қойып отырмыз.
Лицензия деген бұрын-соңды болып көрмеген таңғажайып дүние емес қой. Ол сол ұйымның сапасын көрсететін, ата-аналардың сұранысын қанағаттандыратын құжат. Көп адам лицензияны жататын орынның жиһазына, тағамның құнарлылығына, бөлмелердің тазалығына ғана балап жатады, негізінде ол жерде педагогтің біліктілігі, балалардың қауіпсіздігі деген дүниелер бар. Мейлі ол жекеменшік болсын, мейлі мемлекеттік болсын кез келген мектепке дейінгі ұйым осы талаптарға сай келуі керек. Ал лицензияға қарсы келетін кәсіпкерлерге келетін болсақ, олардың ісінде шикілік бар деген сөз, – дейді Майра Тұрғанбаева.
Ал жеке балабақшасы бар, кәсіпкерлікті нөлден бастап үйрететін Арай Амангелдіқызының айтуынша, ата-аналардың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қоятын талаптары өскен.
– Ол дегеніміз қоғам бұрынғыдай проблемаларға көзін жұмып қарай салмайды. Оған әлеуметтік желілерде тарап жүрген бейнежазбалардың әсері болды. Тәрбиешілердің қорғансыз балаларға көрсеткен әлімжеттігі көп ата-аналардың көңіліне қаяу түсірді. Сол себепті балабақшалардың жаппай тексерілуі дұрыс қадам деп есептеймін. Одан қорқудың қажеті жоқ. Мектепке дейінгі ұйымның меңгерушісі ретінде балалардың болашағына уайымдаймын. Осындай зәру көрген кішкентай бүлдіршін психологиясының бұзылмауына кім кепіл бере алады, – дейді жекеменшік балабақшаның меңгерушісі.
Аттестациядан қайта өтуге мүмкіндік беріледі
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, 2021-2022 оқу жылдары балабақшалардың 80 %-ы мемлекеттік аттестациядан өте алмай қалған. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті кез келген білім ұйымы аттестациядан 5 жылда бір рет өтетінін айтты.
– Ол білім беру бағдарламасының стандартына, мазмұнына сәйкес келуін қадағалайды. Яғни, сағат саны дұрыс па, стандартта көрсетілген барлық пән оқытыла ма, сабақ жоспарлары дұрыс жасалған ба, ерекше күтімді қажет ететін балалар тиісті білім ала ма деген мәселелер мазмұнына қарай тексеріледі. Мұндай тексеріс жазалау мақсатында емес, әдістемелік көмек, педагогикалық алдын алу үшін орындалады. Яғни аттестациядан өтпей қалғандардың олқылықтарын жою. Аттестация екі кезеңнен тұратындықтан, қайта аттестациядан өту мүмкіндігі болады, – дейді Майра Тұрғынбаева.
Еске салсақ, 2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылы деп жариялаған болатын.
Балжан ӘБДІРАШ