Елімізде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 30 күн» атты акция өтпек. Түркістанда өткен Балаларға қатысты зорлық-зомбылық тақырыбындағы дөңгелек үстелде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі осылай деді.
Д.Қыдырәлінің сөзінше, министрлікке қарасты Қазақстандық қоғамдық даму институтының Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын-алу жөніндегі 2023 жылғы өткізілген жаппай сауалнамасының нәтижесінде отбасындағы зорлық-зомбылықтың салдары ретінде бірінші орында жаман әдеттер (алкоголизм, нашақорлық, ойындарға құмарлық) тұрғанын атап өтуге болады. Респондеттердің жартысынан көбі осындай жауапты таңдаған (55,3%).
«Сондықтан күрделі мәселелер бір-бірімен жең ұшынан жалғасып жатыр және оны министрлік те жан-жақты зерделеп, өз құзіреті бойынша тиісті шара қабылдап келеді», – деді министр.
Атап айтқанда, 2023 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде Харассменттен қорғау жөнінде арнайы бұйрық шығарылды.
Дөңгелек үстелде министрлік ҚҚДИ дайындаған “Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алу жөніндегі нұсқаулықты” ұсынды. Нұсқаулық статистикалық деректерді, қылмыскердің келбетін, ата-анаға кеңестер мен көрші, туыс пен куәгерге деген ұсынысты қоса алғанда, осы салаға байланысты негізгі аспектілерді қамтып отыр.
Дархан Қыдырәлі биыл Қоғамдық даму институтының сарапшылары “Балалар мәселесін БАҚ-та қалай қауіпсіз жариялауға болады?” деген тақырыпта практикалық нұсқаулықты жариялағанын айтты. Бұл – балалар тақырыбы туралы жазатын медиа мамандарға таптырмас методикалық құрал.
Мұнан бөлек Түркістандағы жиынға Qazaqstan ұлттық арнасы түсірген деректі фильм көрсетілді. Фильмде балалар арасындағы зорлық-зомбылық проблемасына бей-жай қарамайтын, тәжірибелі мамандардың пікірі берілген. «Қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қатысты алаңдаушылықты негізге ала отырып, оның алдын алу және қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 30 күн» атты акция өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған да баршаңызды бірлесе атсалысуға шақырамын», – деді Дархан Қыдырәлі.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі