Сұрақ: Әйел адам бала емізген уақытта немесе сүті шыққан кезде дәреті бұзыла ма?
Жауап: Шариғат бойынша әйел адамның бала емізуі, сүтінің шығуы дәретін бұзбайды. Өйткені, дәретті бұзатын шарттарынан емес. Әбу Ханифа мәзһабы бойынша дәрет тек төмендегі жағдайларда ғана бұзылады:
- Үлкен-кіші дәрет, қан, мәни, мәзи, уәди секілді нәжісаттың немесе қандай бір сұйық, не қою нәрсенің шығуы.
- Мұрыннан немесе дененің кез келген жерінен қан, ірің секілді нәрселердің шығуы. Ауыздан келген қан егер түкіріктің көлеміндей немесе түкіріктен көп болса, дәретті бұзады. Аз болса бұзылмайды. Дененің басқа жерінен шыққан қан айналасына жайылса, дәретті бұзады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Әрбір аққан қан үшін дәрет алу керек», – дейді. Егер ине ұшындай бір қан шығып, қатып қалса, дәретке зияндығы жоқ. Тіпті оны қолмен сүртіп не үгітіп тастау да дәретті бұзбайды. Сол секілді жарадан аққан ірің мен сары су да қан секілді.
- Жел шығуы. Хадисте желдің шығып-шықпағаны жайлы күмәнданған адамға желдің дыбысы яки иісі сезілмейінше, дәреттің бұзылмайтыны жайлы айтылады [Бухари, Уду’, 34].
- Аузы толып құсу. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Құсу – дәретті бұзады», – дейді [Тирмизи, Таһарат, 64]. Ауыз тола су, тамақ, қан, запыран секілді құсықтар дәретті бұзады. Қақырық, түкірік секілді болғандықтан дәретті бұзбайды.
- Намазда дауыстап күлу. Бұл – жанындағы адамға естілетіндей күлуі. Пайғамбарымыз (с.а.у.):«Кімде-кім намазда дауыстап күлсе, дәретін жаңалап, намазын қайта оқысын»дейді [Зәйлаи, Хафз Абдуллаһ ибн Юсуп. Насбур-Раиә ли Ахадиси Һидаиә. 1973. 1, 47-54].
- Ақыл-есінен айыратын жағдайлар дәретті бұзады. Ұйықтау, ақылына нұқсан келу, талу, мас болу секілді жағдайлар. Бірақ, ұйықтау мәселесі басқа. Егер адам бір нәрсеге сүйеніп немесе жантайып жатса, я болмаса аяқтарын созып отырып ұйықтаса, дәрет бұзылады. Өйткені, мұндай еркін ұйықтаған жағдайда жел шығу ықтималы бар. Бірақ, адам жерге жақсылап отырып, ешбір жерге сүйенбесе немесе намазда қиямда, рүкүғта, сәждеде ұйықтаса, тіпті намаздан тыс осылайша ұйықтаса, дәреті бұзылмайды.
- Жыныстық қатынаста болу.
- Ерлі-зайыптылардың жыныс мүшелерінің киімсіз бір-біріне тиюлері.
- Мәсілерге мәсіх етілгеннен кейін тұрғынға бір күн, бір түннің, ал жолаушыға үш күннің өтуі немесе мәсіх етілгеннен кейін сол уақыт ішінде мәсінің біреуі болсын шешуі.
Тамаша! Мазалап жүрген сұрағымның жауабын алдым. Сіздердің сайтқа алғысыз шексіз