Сұрақ: Балаға ұйықтар алдында бесік жырын айтуға бола ма?
Жауап: Қазақтың баласы сәби кезінен бесік жырын тыңдап өседі. Жалпы бұл үрдіс барлық халықтарда бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бесік жыры халық дәстүрі, сондықтан да біздің білетінімі: ислам халықтар мен этностардың, ұлт пен ұлыстың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен тарихтарын, мұрасын, құндылықтарын жоққа шығармайды. Әсіресе, мұсылман халықтарының өмір сұру салты мен дәстүрлері исламға сәйкес өмір сүру ережелерімен үйлесімдігін тауып біте қайнасқан. Өзіміз бала кезімізден естіп, кқріп өскен қазақ халқының көптеген салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы дін қағидаттарымен біте қайнасқаны сонша олардың қайсысы діни ал қайсысы дәстүр екенін қарапайым адамға ажырату қиын. Мысалы тиым сөздер, (малды теппе, тырнақты түнде алма, айдалада қаңырап қалған сарайға түнеме, күл-қоқысты баста, кеш мезгілінде кір суды далаға төкпе, біреуге қарғыс айтпа және т.б.) тұнып тұрған дін. Бұлардың әрбіріне қатысты негізделіп айтылған діни мәтіндер бар. Бұл бізге нені көрсетеді? Дін мен дәстүрдің бір-бірімен араласып, үйлесім тапқанын байқаймыз. Сол сияқты қазақтың бесік жыры да осындай дәстүрдің бірі. Оның дінге қатысы жоқ.
Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Бесіктегі баланы әннің ырғағымен тербетеді. Бесік жырының тұрақты нұсқасы жоқ.
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем,
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Шебер болар ма екенсің?!
Таңдайларың тақылдап,
Сөзіңді жұрт мақұлдап,
Шешен болар ма екенсің?!
Бұл – бесік жырының бір түрі ғана. Осындай әдемі әуенмен астарында ізгі тілегі бар бесік жырын тыңдаған бала шебер болуға да, шешен болуға да ұмтылып өседі. (Зейнеп Ахметова. Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие.)
Аты әлемге әйгілі дін ғалымдарының көрнекті өкілі Әбу Хамид әл-Ғазали былай деп айтқан екен: «Сәбидің жүрегі ақ парақ сияқты таза. Жүрекке қандай ою-өрнек салынса, ол соған ұқсап пішінделеді, оны иген тарапқа қарай иіледі. Егер бала жақсылыққа үйреніп, жақсылықты әдеттенсе, дүние мен ақыретте бақытын табады. Әрине, бұл сауапқа оған тәлім берген ата-анасы кеңеледі». Исламда баланың тәрбиесіне жауапты ата-ана. Сондықтан да бала өсе келе өнегелі болса, саупты алатын ата-ана. Егер бала бұзақы, қанпезер болып өссе сұралатын да ата-ана. Ал бесік жыры аяулы ананың баласына сәби кезінен жақсы cөз бен тілек айту арқылы ізгілікке тәрбиелеудің бір фольклорлық нұсқасы.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Қазіргі таңда көп ана бесік жырын білмейтіні өкінішті