Адамның өмірдегі ең бақытты, уайымсыз кезеңі, ол – балалық шағы. Алайда, бұл кезең – бала үшін уайымсыз болғанымен, ата-ана үшін нағыз тер төгетін шақ. Себебі, бала үшін көрген бейнеттің келешекте көретін зейнеті тәтті болуы үшін оның тәрбиесіне баса назар аудару қажет. Осы орайда балаға дінді қалай үйрету керек, Құдайды тану және намаз, ораза секілді құлшылықтарды үйретудің алғашқы әліппесі қандай болуы керек деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.
– Сауалдарымызды ең алдымен адам жанының барометрі саналған психолог мамандарға қойып көрдік. Өйткені, дәл қазіргі ақпараттар ағыны сарқыраманың ағысынан да қатты дәуірде тәрбие ісінде баланың физикалық, психологиялық шамасын бағамдау өте маңызды.
Баланы ерте жастан дінге жакындату, балаға Құдайды таныту қаншалықты дұрыс деген сауалдың кез келген ата-ананы алаңдатуы заңдылық. Дін адамды тәртіпке үйретеді, Құдайға сену қоркыныш сезімін оятып, жаман қылықтардан алыс болуға дағдыландырады. Осы орайда енді жетіліп жатқан баланың психикасына қоркыныш сезімін ұялату қаншалықты дұрыс деген сауалдың да пайда болатыны анық. Баланың психикасы өте әлсіз, сенгіш келеді. Бала өзінің психикасына ұстанымдар калыптастырады, яғни, оны қалыптастыратын ата-анасы мен маңайындағы ересек адамдар. Демек, балаға дұрыс ұстаным қою маңызды.
Психологиялық ұстаным дегеніміз – адамның өзі туралы ойды жинақтап қабілеттерін белгілеп қоюы, яғни, ата-ана балаға үнемі «сен мықтысың, сенің қабілетің жоғары, қолыңнан бәрі келеді» десе, бала «иә, мен күштімін, мен мықтымын» деп ой қорытады немесе ата-анасы сен «нақұрыссың, үнемі барлығын құртып жүресің, қолыңнан ештеңе келмейді» десе, бала әлсіздігін еріксіз қабылдайды.
Сол сияқты дін, Құдай туралы балаға ақпарат беру қажет, бірақ шектен шықпай, бала психикасы қабылдауға шамасы келетінін ескере отырып, оған жаман әдеттерді Алла көреді, естиді, сен жақсы болсаң ата- анаңды тыңдасаң, Алла соны көріп саған үлкен жетістіктерге жетуге көмектеседі деген сөздерді пайдаланып айтқаны абзалырақ.
Бала ерте жастан ақыл-ойы толығымен жетілмей дін ұстанып, дәретін алып, намазын окыса, жетілген шағында ақыл-ойы қалыптасып, өмірде түрлі жағдайларды танып, дінге деген құрметі әлсіреуі мүмкін. Себебі, бала психикасы жетілген сайын адамда қорқыныш сезімі әлсіреуі мүмкін, оған достары, ортасы әсер етеді.
Бала кішкентай кезінен қорқып қалмас үшін оның деңгейін ескеріп бағыт беріп, өскесін өзі үшін шешімді өзінің кабылдауына жол беру кажет. Мәжбүрлеп бала кезден кез келген әрекетіне тыйым сала берсеңіз, перзентіміздің ұяң әрі катыгез болып өсуіне жол беруіміз әбден мүмкін.
Ал республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Дінмұхаммед Сманов дін тек ғибадат, құлшылықтардан тұрмайды, балаға дұрыс тәрбие берудің өзі оған дінді үйрету дейді.
Перзент – Алла Тағаланың адам баласына берген ең ұлы нығметі. Оны тек бір Алла ғана беретіндіктен, біз үшін ең маңыздысы – баланың тәрбиесі, салиқалы болып өсуі, яғни, Құдайты тануы. Ғұламаларымыз баланың тәрбиесі ол дүниеге келмей тұрып басталады дейді. Сол үшін де Құран аяттарында кездесетін Зәкария, Ибраһим пайғамбарлардың Алладан салиқалы ұрпақ сұрап жасаған дұғалары – бізге ең көркем үлгі.
Ал енді бала өмірге келгеннен кейінгі бір міндетіміз – балаға жақсы есім қою. Мәселен, біздің бабаларымыз балаларына ұлы тұлғалардың, пайғамбарлардың, сахабалардың есімін берген. Өйткені, балаға қойылған есім оның болашағына, тағдырына әсерін тигізеді. Бұдан кейін перзентіміз дүниеге келмей тұрып дұға жасаған болсақ, көз алдымызда өсіп жатқан кезінде де дұғамыздан тастамауымыз керек. «Я, Раббым! Маған перзент бердің, енді осы ұрпағымды ізгілерден ете гөр, денін сау қылып, халқына қалаулы, еліне елеулі, бір өзіңе ғана табынатын мұсылмандардан қыла гөр» деп үнемі дұғамыздан қалдырмаған абзал. Себебі, баланың иманды һәм жақсы болып өсуі ата-ананың тәрбиесімен қатар Алланың қалауына да байланысты.
…дінді үйрету – тек қана ғибадатты үйретумен, намазды былай оқу керек, оразаны осылай ұстау керек деп үйретумен шектелмейді. Асыл дініміздің құлшылықтан басқа да бұйырған амал-қарекеті көп.
Тілі шыға бастағанда оған ең алдымен кәлиманы үйретіп, құраннан қысқа сүрелерді жаттату керек. Бәрімізді жаратқан бір Құдайды танытуымыз керек. Пайғамбардың (с.ғ.с.) үмбеті екенін айтып, дінін үйретуіміз керек. Және де балаға жақсы тәрбие беру үшін ата-ананың өзі иманды, салиқалы болуы керек. Өйткені, дінді үйрету – тек қана ғибадатты үйретумен, намазды былай оқу керек, оразаны осылай ұстау керек деп үйретумен шектелмейді. Асыл дініміздің құлшылықтан басқа да бұйырған амал-қарекеті көп. Мәселен, ата-ананы сыйлау, оларға қарсы келмеу, қарсы сөйлемеу, көршімен, ағайын-туыспен жақсы қарым-қатынаста болу, кез келген ортада өзін әдепті ұстау, ақшаны адал табу және шариғат харам деп таныған біреудің ақысын жеу, өтірік айту, зина, арақ, құмар ойын және басқа да зиянды әрекеттерден аулақ болуды балаға үйрету керек.
Одан кейінгі маңызды мәселе – баланың араласатын ортасы. Отбасыдағы тәрбие ең жақсысы, бірақ, қоршаған ортаның тәрбиесіне де баса назар аудару керек. Бала кіммен араласып жүр, қандай адамдармен дос болып жүр, соған көңіл бөлу өте маңызды. Өйткені, балаңыз жақсы ортада өссе, оның болашағы да жақсы болмақ. Әйтпесе, «сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегендей, жаман ортада ержеткен, бойжеткен перзентіңізге басқаның жаман қасиеті жұғуы әбден мүмкін.
Қазір Рамазан айы ғой, оразаға қатысты айта кетейін. Пайғамбар (с.ғ.с.) заманында жас балалар да ораза тұтатын. Бұған дәлел Муғауиз қызы Рубайғтан (р.а.) жеткен хадисте былай делінген:
«Ашура күні болатын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мәдинаның айналасында ансарлар тұратын ауылдарға адам жіберді және былай деп айтқызды:
Бүгін кімде-кім ораза ұстаған болса, оны жалғастырсын. Ал ұстамаған болса кешке дейін ештеңе ішіп, жемесін».
Осыны риуаят еткен Рубайғ «біз содан бастап Ашура күні ораза ұстайтын болдық, біздің балаларымыз да ораза ұстайтын болды» деген.
Дін мен дәстүрді ұштастыра алған қазақ халқы да баланың иманды болып өсуіне қатты көңіл бөлген. «Я, Құдайым, бала бер, бала берсең, сана бер. Санасыз бала бергенше, шет-шетінен ала бер» деп, Жаратқаннан жәй ғана бала емес, саналы ұрпақ сұраған. Бұл мәселеде де халыққа білгенімен бөлісіп жүрген белгілі филолог-ғалым, абайтанушы Омар Жәлелұлы «бабаларымыз балаларына дінді қалай үйреткен еді?» деген сауалымызға жауап берді.
Балаға дінді үйрету қазақ халқында бесік жырынан басталады деуге болады. Мәселен:
«Лә иләһә иллалла,
Иллалла да пайда бар.
Білмеген жанға не айла бар?
Жолың алыс, жүгің ауыр
Азығыңды қамдап ал!» – деген жолдар қазір айтылмаса да, бұрынғы әжелеріміздің бесік жырында кездескен еді. Сонда біздің бабаларымыз Құдайды баласының құлағына бесікте жатқан кезінен құя берген ғой. «Сүтпен сіңген мінез сүйекке кетеді» деген сөздің бір айғағы осы. Жастайынан Алла Тағала туралы естіп өскен бала қайдан жаман болсын?
Одан кейін қуанғанда айтатын «Алақай!» деген сөзіміз бар, оны біз «Ура!» деп жүрміз. Осы «алақайдың» өзі «Алла – Хай», яғни. Аятул-Курсиде келетін «Хайюл, Қайуум» деген Алланың көркем есімі. Алла және «Мәңгі тірі» деген мағынадағы «Хай» сөзі біздің тілдік қолданысымызға «алақай» болып еніп кеткен. Бұл – қазақтардың Құдайға айтқан мақтау, мадағы, шүкіршілік еткенінің белгісі.
Енді осылардың бәрін бойына сіңіріп өскен бала үлкен азамат болғанда Абай айтқандай шүкіршіл, яғни, ғибадаты сыртқы емес сыр ғибадатқа айналған нағыз мұсылман болмақ.
Түйін. Сириялық жазушы Мұхаммед Ахмед Иса Мағұт:
«Балама дін жалаң атау емес, адамның жүрегіне ұялаған сенім және маңдай терімен тапқан ақиқаты деп үйретемін. Ұлт пен жікке бөліну қауіпті, ең маңыздысы адами қасиет деп тәрбие беремін. Балама аш-жалаңаш қалу – күпірлік, надан сауатсыз болу – күпірлік, адамға зұлымдық жасау – күпірлік деп үйретемін. Балама Алла Тағала мешіт пен шіркеулерден бұрын адамның жүрегінде деп үйретемін. Алла Тағала деген қорқу емес махаббат, сүйіспеншілік деп үйретемін. Балама өзіміз танып білуді ұмытқан құндылықтарды үйретемін. Балама кемшілік атаулыны бөтен кісіден емес әуелі өзімізден іздеп түзету керектігін үйретемін» – деген екен.
Осы айтылғандардан шығатын қорытынды – адамзаттың ардақтысы (с.ғ.с.) бұйырған орта жолды ұстану, не істесең де шектен шықпау бала тәрбиесінде де, әсіресе, балаға дін үйретуде де бірінші кезектегі мәселе болып қала бермек. «Бір ақыл – жастан», «Білмегеніңді кісіден сұра, үлкен білмесе кішіден сұра» демекші, баламен де ақылдасып, онымен көркем мәміледе болуды ұмытпағанымыз жөн.