– Балғабек аға, жалпы уақып ұғымы жайында дінімізде, пайғамбар өсиеттерінде не айтылған? Ізгілік жасауды ілгергі замандағы өлшемі қандай болды?
– Ислам өзіне мойынсұнғандарға үздіксіз жақсылық жасауды бұйырады және қоғамдағы әлсіз және шамасы жоқтарға қол ұшын беріп демеу көрсетулерін қалайды. Өйткені, бір мұсылман рухани көмектерімен қоса, материалдық тұрғыдан мұсылман бауырларын ойлап, оларға қолдау көрсету қажет. Құран Кәрімнің көптеген аяттарында шамасы жеткен мұсылмандарды кедейлерге көмектесуге бұйырады және ардақты Пайғамбарымыз да әрбір мүмкіндігінде мұсылмандарға осыны жеткізіп отырды.
Атап айтқанда, «Сүйген нәрселеріңнің бір мөлшерін Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар. Не берсеңдер де Алла (Т.) оны толық біледі» деген аятқайырымдылыққа қатысты мұсылмандарды ынталандырады. Мысалы, Әнас ибн Мәликтің өгей әкесі Әбу Талха, осы аятты естіген кезде Бейруха есімді бақшасын дереу Алла жолында бағыштаған. Абу Талха ансарлардың ішінде ең дәулетті жан, ал Бейруха есімді бақшасы да оның ең сүйікті бақшасы болды. Бұл бақша мешітке қарама-қарсы жерде орналасқан еді. Анда-санда Алланың Елшісі осында келіп оның ішіндегі құдықтан су ішіп жүруші еді. «Сүйген нәрселеріңнің бір мөлшерін Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар…» деген аят түскеннен кейін Әбу Талха да сүйікті бақшасын Аллажолында бағыштағанын жариялады. Пайғамбарымыз «Бұл пайда келтіретін бір мүлік!» деп ризашылығын білдірген және бұл бақшаны Абу Талханын өзінің туғандары мен туыстары арасында үлестіріп беруін ұсынды.
Қайырымдылық түрлерінің бірі, ең мол пайда әкелетіні бір дүние-мүлікті уақыпқа бағыштай отырып, мәңгілікке адамзаттың пайдалануына ұсыну емес пе?! Өйткені, садақа ретінде берілген мүліктің жұмсалып, таусылып сарқылуы мәселесі бар болса, қорлар ұзақ уақыт бойы иелеріне қызметтерін ұсына алады. Кедейлердің қажеттіліктері тұрғысынан бітпейтініне және қысқа мерзімді көмектердің артынан қайтадан мұқтаж күйге түскендеріне қарағанда, олардың дерттеріне дәрмен болатын, түпкілікті шешім дайындау тұрғысынан қордың функциясы өте құнды болды.
Хз.Омар өмірінде бірінші мәрте керемет бір әдемі бау-бақшаға ие болды. Хайбарда өзіне тиесілі болған жүз түйесін беріп сатып алған осы құрма бағы – шынында да Хз. Омардың бұрын-соңды болмаған, осы уақытқа дейін қолы жетпеген өте құнды дүние еді.
Дереу, Алла елшісінің құзырына барды және болған оқиғаларды түсіндіріп айтып бергеннен кейін, “Уа, Алланың Елшісі!” – деді, “мен осы дүние-мүлкіммен Алла тағаланың разылығын алғым келеді. Осыны қалай пайдалануым керек, өсиетіңізді білгім келеді» деді. Алла Елшісінің Хз. Омарға берген өсиеті Ислам әлемінің айналасын толығымен қамтитындай бір өркениеттің іргетасын қалап берген еді. Оған “егер, қаласаң түбірімен уақыпқа бер. Өнімдерін де садақа ретінде таратып отыр» деп бұйырды. Хз. Омар да құрма бағының түбірінің (асылын) сатылмауы, сый ретінде берілмеуі, мұрагерлікке қалдырылмауы және тек қана жемістерінен нәпақа таба алуы шартымен кедейлерге, туыстарына, құлдарға, Алла жолындағыларға және сапардағы жолаушыларға түбегейлі уақыпқа берді.
– Уақып сөзінің тілдік, шариғи терминдік мағынасын айтсаңыз…
– Уақып ұғымы жалпы сөздікте «бір нәрсені қамауға алып қою» мағынасында, термин ретінде “пайдасы мұқтаждарға тиесілі болатын түрдегі бір мүлік, Алла тағаланың мүлкі үкімінде бола отырып, меншігінің басқасына аударылып берілуіне немесе аударылып алынуына тыйым салу» дегенді білдіреді.
Міне, біздің ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Хз. Омарға, “меншікті уақып жаса» деп, ақыл мен сананы түрлендіретін өзгерісті бастауға негіз қалады. Сахабалар қайтыс болғаннан кейін де амал дәптерлері жабылмайтын осы сауап есігін өте жақсы түсіне білген болатын. Осы себеппен мүмкіндік иесі болған барлық дерлік сахабалар, мүліктерінің бір бөлігін Алла жолында бағыштап отыратын және осы жолда қажыр-қайраттарын жұмсады.
Шынымен де, хижраның жетінші жылы Хайбарды алғаннан соң Алла елшісі (с.ғ.с.) «Масжид ан-Набауияны» кеңейту қажеттілігін сезінді және мешіттің жанындағы бір жер телімі үшін, «кім пәленше ұлдарының құрманы кептіруге арналған жерін сатып алатын болса, Алла тағала оны кешіреді» деп бұйырған болатын. Хз. Осман аталған жер телімін сатып алды және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұсынысын назарға ала отырып, мешітке бағыштады.
– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеден өткеннен кейін уақып ісі қалай дамыды? Қандай дүние-мүлік Алла жолына арналды?
– Хз. Пайғамбар (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін сахабалар өз араларындағы уақыпқа бағыштау санасын кеңейте отырып, жалғастырды. Мысалы, Хз. Әли, Мәдина аумағындағы құдықтарының көптігімен әйгілі Янбу жер телімдерін уақыпқа бағыштады уақыпнама жаздырды. Таифтағы Вехт жер телімі де құлшылыққа берілгендігімен және Хз. Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерін жазумен танымал болған Абдулла бин Амрдың уақып жасаған дүниесі болатын. Ол аты аталған жер телімдерін Амр ибн Асаұлдарына уақып жасаған еді. Жеткізілген риуаяттар бойынша, Абдуллаһ ибн Амр Алла елшісінен есіте отырып жазған хадис парақтарымен қоса, аталған уақыпына соншалықты көп маңыз беретін еді, яғни «өмірімдегі ең көп ұнайтын заттар, мына ас-Сахифатус-садыка және Вехд жер телімі» деп айтатын еді.
Кейбір сахабалар болса тұрғын жайларының түбірінің сатылмауы және сыйға берілмеуі шартымен ұрпақтарына уақыпқа қалдырып жататын еді. Мысалы, Аркам ибн Абул-Аркам, Исламның алғашқы жылдарында мұсылмандарға пана болған Сафа деп аталатын төбедегі үйін ұлдарына бағыштаған еді. Жеткен риуаяттар бойынша, Саад ибн Әбу Уаққас та үйін қызына және оның қыз балаларына уақып жасады және оларды сатуға, сыйға беруге және мұрагерліке қалдырмауы шартын қосты.
Сахабалар арнайы бағыштаған уақыптар мақсаттарына жеткен еді. Олар иелері қайтыс болғаннан кейін де ұзақ жылдар бойы өздерінің үлестерін сақтап тұрды. Өйткені, Имам Шафии, сахабаларға тиесілі, әсіресе, атап айтсақ, Мекке мен Мәдинада сандарына есеп жетпейтін көптеген қордың жұмыс жасағанын және өзінің дәуірінде де олардың тіршілігін бұрынғыдай жалғастырғанын баяндайды. Риуаят етілген деректер бойынша, мәдиналықтардың арасында сексеннен астам сахаба дүние-мүліктерін уақыптарға өткізген еді.
Кейбір сахабалар жылжымайтын мүліктерімен қатар, соғыста пайдаланылатын қару-жарақтарын да уақыпқа қалдырып жатты.
Шын мәнінде, кейбір мұсылмандар сауда жасау үшін деген болжамдар жасап, Халид ибн Уалидті сауыты және соғыс құралдарының зекетін бермегенін Алла елшісіне (с.ғ.с.) айтып шағымданған кезде,Алланың ардақты пайғамбары (с.ғ.с.) істің ақиқатын мына сөздерімен жеткізген еді: «Сіздер Халидке зұлымдық көрсетіп жатырсыздар, Ол сауыты және соғыс құрал-саймандарын Алла жолында уақып жасады».
Біздің ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің жер телімдерін уақыпқа тапсырды әрі Хз.Омарға берген насихаттарымен уақып ұғымының іргетасын іс жүзінде қалап кетті, «Адамдар өлгеннен кейін үш нәрсенің тысындағы іс-әрекеттерінің (амалдарының) сауабы тоқтайды: Жария садақа (пайдасы жалғасып жатқан жақсылықтар), пайдаланылып жатқан ілім, артында қалдырған дүға-мінажат жасайтын жақсы ұрпақ деп бұйыра отырып, осындай амалдың соншалықты сауап әкелетін пайдалы амалдардан екенін айтып кетті».
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) біздерге өліммен бірге амал дәптерлерінің жабылатынын, тек қан жалғыз бұл үш амалдың дәптерге тіркеле беруінің жалғасатынын осы сөздерімен хабарлап кеткен еді.
– Осы ретте жария садақа түсінігіне тоқтала өтсеңіз.
– Жария садақа дегеніміз пайдасы жалғасып жатқан садақа мағынасын береді. Мешіт тұрғызудан бастап, қонақжайлар, мектеп, бұлақ, көпір салдыру, ағаш отырғызуға дейінгі адамның өзінен кейінгілердің пайдалануы үшін жасаған барлық амалдар. Бұлар адам қайтыс болса да сауап қазандыруға ықпал ететін амалдардың қатарына жатады. Ілім үйрену де тура осылай адамдардың өзінен кейін мәңгілікке қалатын бір еңбек қалдыруына және нәтижесінде амал дәптерлеріне сауаптардың жазыла беруіне жеткізетін игі істердің жазылуы болады. Ал бұл да кітабын жаза отырып, пайдалы студенттер өсіріп тәрбиелеу, мектептер, университеттер, ғылыми-зерттеу орталықтарын ашып, түйіндеп айтқанда, өзінен кейінгілерге ілімін қалдырып кете алатын пайдалы жақсы жұмыстар жасауының арқасында сауаптары үздіксіз жалғасатын амалдар саналады. Сонымен қатар, артында дұға-мінажат жасайтын жақсы ұрпақ қалдыруы да амал дәптерінің жабылып қалмауына бір себептері болып табылады.
Сахабалар сияқты олардың артынан ерген ұрпақтар да ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жол көрсетуімен таусылмайтын бір сауап бұлағы болғанын – дүниеде және ахиретте көптеген пайдалар әкелетінін ұғынған еді. Дүние мүліктерін Алланың ризашылығын алу үшін бағаштағандар – өмір бойынша мұқтаж адамдардың жүзіндегі күлімсіреу көрген кезде көңілдері тынышталып, өлгеннен кейін бағыштаған уақыптарынын арқасында сауап жазылуы жалғаса береді.
Жария садақа Алланың разалығы жолында болып барлық бағышталған уақыптарды қамтиды. Бұл бір мағынада жақсылықтардың үзіліссіз жасалуына апаратын және жақсылықтың жүйелі бір түрде таралуын жалғастыру деген мағынаға келеді. Іштерінде Аллаға құлшылық жасалатын мешіттер және ілім үйрететін мектептермен қатар, адамдарға, тіпті, жаны бар жаратылысқа бір пайда әкелетін мекемелер салуда жария садақаға жатады. Осы қорлар, қоғамда мемлекеттің қолы жете бермейтін, жекелеген адамдарды да жалғыз басымен байқай алмаған мұқтаждардың қажеттілігін өтеуге атсалысып, қоғам арасындағы мәселелер сол қоғамның өзімен шешемін тауып жатады. Зекет, садақа, басқа да көмектермен қатар, қорлар жүйесі мекемелерінің арқасында бай мен кедей арасындағы терең айырмашылықтың орын алуына тосқауыл қойылады, екі топтың арасындағы етене жақындасып араласуға негіз дайындайды. Басқаша айтқанда, қорлар байлықтың тек қана бай қалталардың арасында ғана айналуына кедергі жасап, олардан кедей-кепшіктердін де пайдалануына мүмкіндік беретін сауап жұмыстардың ұжымдық мекемеге айналғаны деген мағынаны береді. Негізінде, бұл мүмкіндіктерін пайдалана отырып бай болған қоғамында соған қарсы өзінің адамгершілік борышын өтеуге болады. Уақыптар осы борышын өтегісі келген және қоғамның ақиқат мағынада кедей-кепшіктерге қол созуға тырысқан байлар үшінде ақиқат бір көпір болады.
– Ислам мәдениеті осы ізгілікпен, қайырымдылықпен қатар дамығанын білеміз. Уақып ісінің адамзат қоғамындағы маңызын түйіндеп берсеңіз.
– Хазіреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) өз сахабаларын уақып құруға ынталандыруы және олармен бірге алуан түрлерді уақыптар құра отырып өздерінің кейін келетін ұрпақтарына өнеге болулары ислам қоғамында уақыптар дәстүрінін кең қанат жайылуына үлкен мүмкіндік берді. Ислам қоғамында жария садақамен басталған осы уақыптар дәстүрі уақыт өте келе Алланың разылығын алуды мақсат еткен қайрымдылық жасауды жақсы көретін ортаға тастаған туындылары мен қызметтерінің арқасында уақыптар мәдениетін қалыптастыруға лайықты үлесін қосты. Мешіттер, көпірлер, мектептер, университеттер ашылды. Мұсылман болсын немесе басқа дін өкілі болсын ешқандай бөлектеу болмастан барлық адамдардың қажеттіліктері ескерілді, аштардың қарны тойғызды, баспанасыз қалғандарға паналайтын орны тауып берді, тіпті, жан-жануарлар үшін арнайы уақыптар құрылды. Осылайша, уақыптар ислам өркениетінің әлеуметтік өмірдегі символына айналды. Исламның алғашқы жылдарынан бүгінгі дейін ең нәзік бөлшектеріне дейін қоғамның қажеттілікке мұқтаж болуы мүмкін әр бір саласына қатысты ашылған қорлар және олардың жасалған қызметтерін ескеретін болсақ қорлардың осы жұмыстар тәсілдері өте жақсы белгілі болады.
Нәтижесінде, ислам мәдениеті адамдарға әрбір мәселеде көмек қолын ұзатуды ұсына отырып, мұнымен тек қана өздерінің артынан ергендерді ғана емес бүкіл адамзатың, тіпті, Алланың жаратқан әрбір жаны бар жаратылысының пайдаланғанын мақсат етеді. Осы жағдайдың ұйымдасқан, жүйеленген түрі болып табылатын қорлар жүздеген жылдар бойы ұрпақтардың арасында көпір қызметін атқарып, бүгінгі әлемдеде ислам өркениетінің мәңгілік мөрі болып келе жатыр. Осы уақыптардың сақталып, мақсаттарына сәйкес қолданылуын қамтамасыз ету кейінгі ұрпақтардың басты қызметі болып табылады. Сонымен қатар, заманауи әлемде ортаға шыққан және алуан түрлі формаларда дамыған қоғамдық мәселердің шешілуі үшін де бүгінгі күннің шартарына сәйкес келетін жаңа уақыптардың құрылып, жұмыс жасауын қамтамасыз ету үлкен қажеттілік деп білемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты дайындаған Жайық НАҒЫМАШ,
KazIslam.kz