Солардың бірі сыйлыққа арналыпты. Сыйлық беруді жақсы көріп әрі ұсына отырып бір хадисте: «Сыйлық берісіңдер, бір-бірлеріңе деген сүйіспеншіліктерің артсын» деген. Оның бұл насихатында жақсы отбасын құрудың бір сыры жатыр. Отбасы терапевтерінің айтуынша, шаңырақтағы сүйіспеншілік ерлі- зайыптылардың бір-біріне деген назды қылықтарымен арта түседі. Ал сыйлық берісу болса, сүйіспеншілікке жетелейтін негізгі себептердің қатарында.
Көңіл бөлетініңізді білдіріңіз
Соңғы уақыттарда бақытсыз отбасылардың көбейіп бара жатқаны белгілі. Ендігі жерде ажырасқандар емес, көп жыл бірге тұрғандарға жұрт таңғала қарайтын болды.Жұрт ұзақ уақыт бірге тұрудағы сыр неде екеніне таңғалады. Әсілі сырды өзгелердің отбасыларынан іздегенше, Нәбилер нәбиінің (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) аталмыш хадисіне құлақ асу әлдеқайда дұрыс. Неге десеңіз, Алла елшісі ол хадисінде адами қарым-қатынастармен қоса, бақытты отбасын құрудың жағдайынан да сыр аңдатуда.
Әркім жарының өзін ойлағанын, өзіне маңыз бергенін, сүйгенін қалайды. Терапевтер де осыған орай «Сыйлық беру де осындай сезімдерге бөлейтін маңызды мәселе» екендігін айтуда. Ерлі-зайыптылардың бір-бірін ойлауы, бір-бірін бақытты ету үшін талаптануы сезімдердің күшеюіне себеп. Бәрінен бұрын бір-біріне деген жақындықты күшейтеді. Бұдан бөлек, сыйлықты алған жақ та, өзгеге қуаныш сыйлаудың бақытын бастан кешеді. Мамандар әсілі сыйлықтың ар жағында басқаға көңіл бөлу жатқанын, осы себепті оның астарынан көп жақсы сезімдер анықтауға болатынын айтуда. Ендеше, сыйлық берісу отбасында елемеуге болмайтын мәселе.
Сыйлықты кім алуы керек?
Сыйлық мәселесінде кейбір маңызды тұстарға баса назар аудару керек. Сыйлықты кім алуы керектігі әрі бағасының мөлшері осы тұстардың ең маңыздылары. Небір тосын сый жасап, бір-біріне үнемі көңіл бөлетін ерлі- зайыптылар жоқ деп айтуға келмейді. Дегенмен, кейде туған күн, үйлену мерейтойы секілді арнайы уақыттар еленбей қалып та жатады. Сыйлық алуды ауырсынатын жағдайлар кездеседі. Өкінішке қарай, кейбіреулер өзіне айтарлықтай нәрселер дәметіп те жатады. Әсіресе, әйел кісілердің таңдауы бағалы сыйлыққа түседі. Осыдан келіп ер кісілер де бір-екі реттен кейін тосын сыйдан бастарын алып қашып, не әдейі-ақ елемей қоюды шығарады. Сыйлық алып-алмау мәселесінде тек ер кісілерді жазғыру қате. Айта кетер жайт, әйелдер де ер кісілердей қате жіберіп жатады. Олар күйеулерінен сыйлық күтеді, әрі үнемі өздеріне тек сыйлық алушы ретінде қарайды. Фильмдер, телесериалдар, жарнамалар да бізге осыны аңғартып жүрген жоқ па? Экрандағы көріністер көбіне әйелдерге көрсетілген ізетке негізделген. Анығында әйелдер де жазықты екендіктерін сезінуі тиіс. Иә, мына жағдайға таңырқамау керек: әйел кісі Алла берген табиғатындағы қасиеттері себепті сыйлық алуға анағұрлым лайықты. Нәзіктіктері, махаббатқа бөленуді ұнататындықтары әрі өмірдегі жауапкершіліктері, ана екендігі оларды бұл мәселеде бір қадам алға шығарады. Алайда, дұрысы екі жақтың да шын қалап әрі барынша ынта білдіріп бір-біріне ізет білдіруі. «Сыйлықты кім алады?» деп таласқа барғаннан гөрі оны бақытқа бастар жолдағы бір себеп ретінде санағанымыз дұрыс. Өйткені, сыйлық берісу өзара жасалатын нәрсе. Бір жаққа ғана қатысты емес.
Ендеше, не жасалуы керектігі белгілі. Әйел кісілер де, күйеулері де айтылған хадиске құлақ асуы тиіс. Тіпті, Расулалланың (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) іс-әрекеттеріне қараған дұрыс. Неге десеңіз, ол кісі жарларына, жарлары да ол кісіге сыйлық беруді елемей қойған кезі болмаған. Пайғамбарымыз ылғи жарларына ұнамды нәрселерге көңіл бөлген, соны жасаған. Жарлары да дәл сондай ізет білдірген. Мәселен, Сафия анамыз асты өте дәмді етіп пісіруімен танылған. Алла Елшісінің ұнатқан тағамдарын пісіріп, ылғи осы қасиетімен көзіне түсуге тырысатын. Хадиша анамыз Исламның алғашқы жылдары Екі жиһан сардарына (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) көмек керек кезде, бар дәулетін қию арқылы жарының көңілін табуға тырысқан.
Осылардың барлығымен қатар, ардақты Алла Елшісінің (с.а.у.) өмірі мынаны көрсетуде: сыйлық дегенде тек сыртындағы әдемі, жылтыр орауышын ғана ойға алмауымыз керек. Кейде жарымыз қатты құмартқан істі жасаудың өзі де сыйлық іспетті. Ол да сүйіспеншіліктің артуына өз үлесін қосады. Мамандар «Сыйлық беруді тек материалды нәрсе күтуге айналдыру дұрыс емес» деуде. Екі жақ та бұл мәселеде тек материалды нәрсе күту деген ойдан арылуы керек-ақ. Өйткені, кейде мақтап қою, қолдау, көтермелеу де адамның жанын жадыратып сала береді. Немесе оңашада бірге уақыт өткізу де. Сол себепті жұптардың бір-біріне уақыт бөлуі әрі жақсы сөздер айтуы да тосын сыймен тең. Бірақ барлық нәрседе болғанындай бұл мәселеде де өлшемге көңіл бөлудің пайдасы жоқ емес. Сыйлық беруді қадірін кетірместен әрі мәжбүр іс секілді көрместен жасаған дұрыс. Кері жағдайда, ол күйзеліске себеп болып, өз мәнін жоғалтады.
Тәржімалаған: Жарболсын НЕСІБЕЛІ